• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 05:25:29
Алматы
+35°

18 Қазан, 2016 NEWS

ҚОС ҚАЛАДА СОТЫ БОЛЫП ЖАТҚАН РАДИКАЛДАРДЫҢ БОСТАНДЫҚТА ЖҮРГЕН ЖАҚТАСТАРЫ КІМДЕР?

Ақтөбе мен Алматыдағы лаңкестік оқиғаларға қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жетті. Кешелі бері қанды қылмысқа қатысты сот отырыстары өтуде.

Ақтөбе мен Алматыдағы лаңкестік оқиғаларға қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жетті. Кешелі бері қанды қылмысқа қатысты сот отырыстары өтуде.

5 маусым күні Ақтөбеде болған терактіге байланысты сотта барлығы 29 адам айыпталуда. Олардың 9-ы нақты лаңкестік әрекет жасап қолға түскендер, 18 айыпталушы жасалғалы жатқан қылмыс туралы біле тұрып, тиісті органдарға хабарламағаны үшін жазықты болса, 2 адам бойтасалаған лаңкестерді жасыруға септескені үшін сот алдында жауап беруде. Соттың алғашқы отырысы бүгін басталды.  

Алматыдағы аты шулы атысқа қатысты басты айыпталушы Р. Күлікбаев ісі бойынша да алғашқы сот тыңдауы кеше болды. Аты сот отырысы болғанымен бұл шара Күлікбаев қамалған тергеу изоляторының қабырғасында өтті. Күлікбаевпен бірге тағы бес адам заңсыз қару сақтағаны және қарақшылық шабуыл жасағаны үшін сот алдында жауап беруде. Күлікбаевтің өзі терроризм, кісі өлтіру, тонау, қару жасау, қарақшылық, адамды заңсыз бас бостандығынан айыру, көлік ұрлау сынды бірнеше баптармен айыпталуда.

Атышулы екі соттың да басты ерекшелігі – қауіпсіздік шараларының ерекше жағдайда күшейтілуі. Әрине, картошка ұрлаған әдеттегі ұры емес, бірнеше кісінің қанын жүктеген, қарулы шабуыл жасаған қылмыскерлер сотталып жатыр. Қырағылық танытпаса болмайды. Бірақ, мына соттардан байқағанымыз құзырлы органдар сотталушылардың бостандықта жақтастары, жай ғана жақтас емес, құқыққорғау органдарына шабуыл жасап, күдіктілерді жазадан құтқарып алуды көздейтін топтардың барын сезетін сияқты. Алматыдағы сот процесі тергеу изоляторының қабырғасында өтуде. Бұған дейін атақты «Қорғас ісі» де осындай тәртіппен өткен. Ол түсінікті де. Бірнеше миллион долларлық қаржы жымқыру схемасын жүзеге асырған күдіктілердің сот залынан қашып шығуы, оған кезінде қаржылық қитұрқылықтарды бірге жасап, бостандықта жүрген ықпалды біреулердің көмектесуі де мүмкін еді.  Ал, тұтастай қоғам қарғыс айтып отырған Күлікбаевке қатысты мұндай сақтық шаралары неден туып отыр? Тергеу органдары бас күдіктіні қала ішімен айдауылдап қылмыстық сот ғимаратына апарудан неге қауіптенді? Басты себеп – сотта айтылғандай күдікті айдауылдау кезінде қашып кетуі мүмкін. Ал, мұздай қаруланған жасаққа қарсылық көрсетіп, арнайы көліктен босап шығу бір адамның қолынан келер іс емес.

Ақтөбедегі соттағы жағдай да осыған ұқсас. Алғашқы отырыс сот ғимаратында өткенмен, ол аумақ та қатаң бақылауға алынған. Тіпті, үйлердің төбелеріне мергендер қойылып, сот ғимаратының айналасын автоматпен қаруланған арнайы жасақ күзетуде. Демек, полиция қанды қырғын ұйымдастырған күдіктілердің жанашырлық танытуы мүмкін туыстарынан емес, арам ниетті, теріс ағымдар жетегінде кеткен идеялық жақтастарынан қауіптенетін секілді. Ал, ол «жақтастардың» кім екенін анықтау, бұл қауіптің қашанға дейін созылары, лаңкестермен ниеттес радикалдардың қашан құрықталып, қоғамдағы үрейдің қашан сейілері әуелі бір Аллаға аян, содан кейін күштік құрылымдар мен жауапты мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысына байланысты.

Darkhan Muqantegi

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір