• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 05:35:52
Алматы
+35°

18 Қазан, 2016 Аймақтар

Бес жыл бойы бір байдың үй күтушісі болған қыз көрген-білгенімен бөлісті

Аса ауқатты отбасында бала күтімімен, үй шаруасымен және отағасының қарт әке-шешесін бағып-қағумен бес жыл айналысқан А. есімді қыз көргендерімен бөлісті, -...

Аса ауқатты отбасында бала күтімімен, үй шаруасымен және отағасының қарт әке-шешесін бағып-қағумен бес жыл айналысқан А. есімді қыз көргендерімен бөлісті, - деп хабарлайды Qamshy.kz.  

«Мен қызмет істеген байдың әйелі ауылдасым болғандықтан оған әпке ретінде қарадым.  Бірақ сол «әпкем» бес жыл ішінде маған ешқандай ақы төлемей, тегін қызмет жасатты. Өзі апта сайын шет елдің курортттарында демалады. Қымбат автокөлікті ай сайын ауыстырады десем, мүмкін сенбейтін боларсыз. Бірақ бұл бүкпесіз шыным, жездемнің қарт әке-шешесі ауру, соларды күтемін. Балалардың кір-қоңы, тамағы бәрі менің мойнымда. Ауылдан шыққан жақыным ғой деп, зыр жүгіріп қызмет еттім. Бес жыл ішінде «Ата-анаңа барып келші» деп, ең болмаса 500 теңге берген емес.

Бұл отбасының сараңдығын сөзбен суреттеп тауысу мүмкін емес. Үйлеріне ешкімді жолатпайды. Бір үйде бір-екі жыл ғана тұрады. Ірі қалалардан қымбат пәтерлер алып, үнемі көшіп-қонып жүреді. Мен ішкен тамағым болмаса бұл үйден ешқандай пайда көрмедім.   

Жездем өте дөрекі, бәрін балағаттап сөйлейді. Көбінесе шет елде жүреді. Үйге келгенде бәрімізді балағаттап, жерден алып жерге салады.  Үйдегі екі баласының бар шаруасы менің мойнымда. Дайын тамақты күтіп отырады. Кісілігі жоқ. Бірде ерлі-зайыпты екеуі бір жұмыстармен сыртқа кеткен. Маған базардан азық-түлік әкеп қой деп тапсырды. Жасы жиырмаға келген ұлына «машинамен базарға барып келейік» деп едім, мойны жар бермеді. Өзім баруыма тура келді. Зілдей жүкті белімді майыстырып көтеріп жаяу келдім. Зіңгіттей жігіт боп қалған баласының тіптен жаны ашыған жоқ.

Әпкем дүкенге, базарға жібергенде чек талап етеді. Міндетті түрде тиын-тиынына дейін есептеп алады. Автобус, таксиге қанша жұмсағаныма дейін тергеп тұрып сұрайды. Ал өзі қара басы үшін мыңдаған долларды аямай жұмсайды. Балаларының  туған күнін де тек өздері отырып жасайды.  Ешкімді шақырмайды.   

Бірде ауылдағы ата-анамды сағынып, барып қайтуға рұқсат сұрадым. Оның үстіне сол күні басым ауырып, қиналдым. Әпкем 100 теңге де берген жоқ. Көк тиынсыз көшеге қалай шығамын. Ауылға бармаған күйі қала бердім.

Өзіңді адам құрлы көрмейтін үйге неге қызмет етесің дейсіз ғой? Жездеміз беделді адам, ең болмаса қаладағы бір колледжге болса да оқыта ма деп үміттеніп жіберіп еді, ата-анам. Әпкем арқылы колледжде оқығым келетінін білдіріп едім, бұрқан-талқан ашуланды.

Бұл отбасының адамдары өздерінен басқа тірі жан жоқтай өмір кешеді. Жездеміз қаласа ішкиіммен отыра береді дастархан басында. Басқалардан ұят-ау дегенді білмейді. Өздеріне қажет деген бастықты ғана қонаққа шақырады. Ондай дөкейлердің алдында құрдай жорғалайды.    

Бес жыл бойы біреудің отымен кіріп, күлімен шығу оңай ма, денсаулығым сыр берді. Содан өзім жеке қалғанда бала бағушы іздеген жарнамаларды қарап отырып, бір жасар сәбиі бар жалғызбасты әйелді таптым. Бес жыл бұрын ауылдан киіп келген жалғыз пальтомды, ұсақ-түйек киімдерімді  алып, жаңа танысқан әйелдің үйіне кетіп қалдым.

Бұл әйел менің ауылдасым сияқты аса бай болмаса да адамгершілігі бар. Ай сайын ақы төлейді. Баласы да мазасыз емес. Қазір колледжге түсу үшін ақша жинап жүрмін. Иә, ешкімнің күнін ешкімге қаратпасын» деп сөзін аяқтады А.

Жазып алған: Айғаным Біртуар

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір