• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
22 Қыркүйек, 11:44:55
Кекілбаевқа арналған кеш

18 Тамыз, 2017 Ұлт болмысы

Он алтыншы жыл (Поэма)

Жылқы жиі кісінеді желігіп,  Желіге қарап үрді иттер елігіп.

«Ұлт болмысы» журналының «Алаш жолы»

әдеби шығармашылық бәйгесіне топтамалар.

Бүркеншік аты: Көкжал.

 

Райымбек!  Райымбек!

Біздің қазақ не істеп, не көрмеді, 

Жуас болса жүндеуге көнер ме еді. 

Тар заманда тулады тізе бүкпей, 

Қанмен-жасын төкті көп көгергелі. . . 

Жан беретін жастанып жауын ғана, 

Біздің қазақ ерліктің өлермені! ! !  

 

Біздің қазақ бастан не кешірмеді, 

Ар-намысқа тигенді кешірмеді. 

Анталады ата жау алды-артынан, 

Жер бетінен қазақты өшіргелі. 

Жең ұшынан жалғасып қиын сәтте, 

Жер қапты да жаулары өшірмеді. 

Күйме үстінде келіні ұл босанып, 

Алға қарай жылжыды көш ілгері. . . 

 

Батырларды түгендеп сөз басына, 

Бас иемін рухтың тозбасына. 

Қараша үйді тербетіп үніңменен, 

Қара халық туылдың көз жасына. . . 

 

Көк ойнаққа жігіт боп жүген салдың, 

Оза шаптың ортаңнан кілең салдың. 

Он сегізде ұрандап өз атыңды, 

Қойға тиген қасқырдай түрен салдың!  

 

Жау көргенде жанарың оттай жанып, 

Ата кегі жаныңды шоқтай қарып. 

Өз атыңды ұрандап ұмтылғанда, 

Қарасуда жол берді тоқтай қалып!

 

Жан-жағыңнан жау келіп жаншығанда, 

Айыр бастап сүйем жер тамшы қанға!  

Қаһарыңнан қара жер қорықты ма? 

Бұлақ шықты найзаңды шаншығанда!  

 

Тәңіріңе сыйынып таң қылаңда, 

Тұлпар міндің жол бастап сан қыранға. 

бас аламын деп келген талай жаудың, 

Басы кетті байланып қанжығаңда!  

 

Жасындайын жауына шатырлаған, 

Сен туралы сыр бүгіп жатыр далам. 

Сүйегіңді жөткеуден сескенеді. . . 

Аруағынан ат үріккен батыр бабам!  

 

Асыл кездік қынында жай жатпаған, 

Ақ найзаның ұшымын, қайраттанам!  

Ерлік керек жігітке әр қашанда, 

Есіміңді ұрандап айбаттанам!  

Райымбек!  Райымбек!

 

 

Он алтншы жыл

Поэма

 

Жетісуді ен жайлаған ел еді, 

Елдік еді, ерлік еді керегі. 

Намысын еш таптатпайтын нан үшін, 

Тағыдайын тарпаң еді өр еді. 

 

Қызыр дарып бақ қонғанды даласы, 

Әр ауылдың ақсақалдар данасы. 

Бесік жырын ән қып айтса анасы, 

Бесігінде мәз болатын баласы. 

 

Ел ішінде тарқамайды қызықтар, 

Әнші-күйші жүрген жерде қызық бар. 

Іркіт тамған ақ сүттейін ірітті, 

Төніп келіп түсі суық мұжықтар. . .  

 

Жылқы жиі кісінеді желігіп, 

Желіге қарап үрді иттер елігіп. 

Қарғы бауын ала ұмтылды мұжықтар, 

Қызыл құрттай алғаннан соң семіріп. . . 

 

Туған жерден таусылмайтын құт алып, 

Түгі ешбір қисаймаған жұт алып. 

Ұзақ бастап атқа қонды өр Албан, 

Намыс оты найзағайдай тұтанып!  

 

Тақымында тұлпары ойнап Албанның, 

Төзе білді, болсада ауыр салған мұң. 

РАЙЫМБЕК деп ұмтылды батырлар, 

Жанарында жарқылы ойнап жалғанның !  

 

Өр рухтың жалынына бөленген, 

Ерлік пенен ел үміті төленген. 

Жасындайын жарқылдады батырлар, 

Жылқы мінез жау жүрек ұл бөрі емген!

 

Жаны үшін жасқанушы еді ел неден?!  

Жауы жоқ еді, жер бетінде жеңбеген. 

Жолбарыстай шапшып барып сан батыр, 

Жанын берді, жауын басып кеудемен. 

 

Жаңа соғыс әдісіне жаттығып, 

Үлгірмеді тар кезеңде қақтығып. 

Көзсіз ерлік көрсететін көп батыр, 

От қаруға қылышпен шықты атылып. . . 

 

Жазықсыз ел жанарынан жас тамып, 

Туған жері жау қолына тасталып. 

«Елім-айлап» қан жылады қайран ел, 

Қаралы көш қас-қағымда басталып. . . 

 

Қымбат не бар қарапайым халқымнан?!  

Батырларын артық көрем алтыннан!!!

Торғайдайын тозып кетті қайран ел, 

Соғыс пенен аштық алып алқымнан. 

 

Қасіреттің арбасына жегіліп, 

Қайран елім қаңғып кетті егіліп. 

Қан сасыды Қарқараның жайлауы, 

Қарға-құзғын қарық болды кеміріп. 

 

Бөрік қылып кигізетін құндызын, 

Бір үйірмен безендірген бір қызын. 

Мыңды айдаған көпес байлар бір күнде, 

Зәру болды қарананға бір үзім. . . 

 

Тұяқ серпіп шама қайда бір теппек, 

Тарамыстай төзімдісі жүр тектеп. 

Иттен қорқып шыңғырады жас сәби, 

Анасының омырауын түртпектеп. . .  

 

Қанға тойып қайғырады жер үнсіз, 

Қаншалаған боздақ қалды көмусіз. . . 

Көктемдегі көтеремдей көп елді, 

Құшағына алды ақ қар кебінсіз. . . 

 

Әкетті ажал адамдарды іріктеп, 

Қойша қырды қасапшыдай күліп кеп. 

Әлсіз ғана айғайлады ақсақал,

«Алаш жұрты адаспаңдар бірік теп!!!».

 

Садақ атқан қайыңменен тал иіп, 

Саусағының арасына қан ұйып. 

Бабалар-ай бас иемін сендерге, 

Басын имей жазып кеткен тарих!  

 

Тобылғыдай әр белесте топтанып, 

Жылу шашты жан-жағына шоқтанып. 

Ұрпақтары рулы елге айналды, 

Ұлы елдің ошағында от жанып. 

 

Зұлмат жылдар Алашымнан алыс кет, 

Заманамен болсын әркез жарыс тек. 

Жылқы мінез, қойдай қоңыр елімнің, 

Уа Тәңірім, әрбір ісін табысты ет!!!

 

Саурық батыр

Дастан

 

Атандайын арыған жұрытта қалып, 

Ақсақал тұр ауылды сыртта бағып. 

Ақбоз үйге жидырды балаларды, 

Қымызынан құшырлана ұрыттап алып. 

 

Айтамын деп әлденені қарманады, 

Керемет бір әңгімені арнағалы. 

Шауып барып түсетін жорғадайын, 

Шабытына мінді де, жалғады ары. 

 

Жетісуді мекендеп қашаннан да, 

Жер ұйықта қартайған, жасарғанда. 

Қаһарланса қаһарын шашар жауға, 

Қазақтайын бас бермес асау барма?!  

 

Жамандықты жанына жуытпапты, 

Елдігі мен ерлігін ұмытпапты. 

Жылқыменен байлығын өлшеген ел, 

Базардағы саудаға құнықпапты. 

  

Бірлігі мен тірлігі жарасыпты, 

Бір-біріне бауырдай қарасыпты. 

Қызылдығы түлкінің сор болғандай, 

Қызғанғаннан көк көздер таласыпты. 

 

Көкірекке қадалса қанды дақтар, 

Көрегендер бойдағы арды мақтар. 

Ер Қазақтың намысы өрттей жанып, 

Тақымында тулапты арғымақтар.  

 

Шарболаттай Саурық қол бастады, 

Ақсақалдар абыздар жол бастады. 

Бостандықтың жолында бас тігіпті, 

Жолбарыстай жүректі жолдастары. 

 

Өр рух өрге тартты көңілге кеп, 

Ерге, езге келер бір өлім бе деп?  !  

Ұрандады өр албан Райымбек! 

Ұмтылыңдар біздерге өмір керек!  

Күшті жаулар көбейіп жабылады, 

Қарғыбаулы төбеттей қарғылады. 

Қанға толып қазақтың даласы анау, 

Ұй өртеніп, ит ұлып қаңырады. . . 

 

Құрбан болды көп батыр, туар тағы, 

Қанға тартып туары қуантады. 

Баба туын құлатпай басын тігіп, 

Балалары қасқайып тұрар тағы. 

 

Анасынан адасып бала қалған, 

Адамынан адасып дала қалған. 

Бес қаруын батырлар қолына алды, 

Көзін алмай панасыз балалардан. . . 

 

Қамшы тиген жыландай қайқаңдаған, 

Елді, жерді күшті жау қайтармаған. 

Қорғасын оқ құлатты көп батырды, 

Ел-жұртына аманат айталмаған. . . 

 

Қайран елім сүйетін серілікті, 

Қан жылапты нәубетке жегіліпті. 

Ел шетінде кеудемен оқты тосып, 

Қайран ерлер жауына берілмепті.  

 

Бостандықтың жолында өліп берген, 

Батырлық ед бойына желік берген. 

Қансырады айқасып қара күшпен, 

Қоштаса алмай көшті ел, өліктермен. . . 

 

Кешіп жүріп соғыстың қан батпағын, 

Тартып жүріп соғыстың зардаптарын. 

Қидаласып жауымен қиын күнде, 

Бұлдамапты тарих орнатқанын. . . 

 

– Ата, ата айтыңыз жалықпағын, 

Тарланбоздай тер шықса талықпағын. 

Ардақтаймыз бабаның аманатын, 

Қалар ма деп елеусіз қамықпағын.

 

Антек бізге қарайды тұра қалып, 

Ұйып біздер тыңдаймыз құмарланып. 

Қыл арқандай ширады суға тиген, 

Күңіреніп, күйзеліп жылап алып. 

Қаралы көш шығысқа барады ілбіп, 

Қия алмай қиналды дала мүлгіп. 

Ат үстінде көшкен ел көзін ілді, 

Қоржындарда қылтиды бала шұлғып. . . 

 

Іле тұрды толқыны тік атылған, 

Тәңір таудың бұлты тұр шұбатылған. 

Елді бастап Саурық келе жатыр, 

Адаспаған бостандық мұратынан.  

 

Сақ, Үйсінің кешегі мұрагері, 

Албан еді жетісу құлагері. 

Көп күтуші ед тәңірден жақсылықты, 

Көктемдейін құлпырды мұндағы елі. 

 

Ар жолында шыбын жан қиған еді, 

Несібесін адалдан жиған еді. 

Бүрге Амбы шауыпты ойда-жоқта, 

Азаматтар ауылда бейғам еді. 

 

Бейғамдықты Қалмақтар пайдаланды, 

Қаһарланды Саурық найзаны алды. 

Қалың қолды іріктеп аттанды да, 

Дайындалып ұрысқа майдан алды. 

 

Жирен атқа ер салды барайын деп, 

Қалмақтарға ойранды салайын деп. 

Жекпе-жекке Саурық шықты талай, 

Қанды басың бері тарыт алайын деп. 

 

Жекпе-жекте Саурық атойлады, 

Осал жау деп қалмақтар қате ойлады. 

Төніп келген қалмақтар тоз-тоз болып, 

Төбесінде Қазақтың аты ойнады!  

 

Оқ пен жебе жаңбырдай тасырлады, 

Ұлы дала ұлдары бас ұрмады. 

Қарсы келген жаулардың басн алып, 

Қашқан жауды жирен ат асырмады.

  

Елім деген ерлер көп еңіреген, 

Енесінен қозыдай жерімеген. 

Жанын берді шайқаста талай батыр, 

Туын жығып жауының желбіреген. . . 

 

Қалмақ қашты жеңілді, ығысады, 

Қайраттанып қайталай тұрысады. 

Жауынгер ел жасаған сахарада, 

Тарамыстай созылып тырысады. 

 

Оқ сұраған қалмақтар жеңіліпті,  

Қабырғасы сөгіліп егіліпті. 

Жирен атпен жау алған Күнес басы, 

Саурықтың асуы делініпті. 

 

Шекарадан қалмақтар кірмейді екен, 

Ел шетінде елігіп жүрмейді екен. 

Жирен қасқа ат көрсе теріс байлап, 

Ырымдапты ешқашан мінбейді екен. . .

 

Саурықтар Жұлдыздан ары аспады, 

Қашқан жаудың жеріне таласпады. 

Азаматтар түспей еш ат үстінен, 

Жетісудің шығысын аластады. 

 

Сәбидейін сүйетін тыныштықты, 

Жетісудің жері әсем пүліс түкті. 

Жақын жерде шабар жау болмаған соң, 

Ат айылын босатты ел жұмыс бітті. . . 

 

Ел-жұрты ерлігін мақтан қылған, 

Жау таяса жабдықтап аттандырған. 

Көзі жетіп батырды жеңбесіне, 

Тым сұрқия орыстар қапқан құрған.  

 

Жамандардың бір жоқ аты қалған, 

Жақсылардың жолында жатып алған. 

Айдаһармен аюдың ортасында, 

Аңғал батыр алданып қапы қалған. 

 

Жауын көрсе ұмытқан қорыққанды, 

Батыр еді Саурық толыққанды. 

Қол бастаған батырын қор қылам деп, 

Түрмесіне орыстар тоғытқанды. 

 

Араласты ағайын биліктегі, 

Саурық ед қыраны биіктегі. 

Ауыр-жеңіл жазаның бәрін қылды, 

Біреуіне Саурық илікпеді. 

 

Босат деумен батырын шулады елі, 

Бас бермейтін асаудай тулап еді. 

Еркіндікке соңында алып шықты, 

Келіссөзбен бітімнің құлагері. 

 

Қызыл қанға қалың ел бояр еді, 

Тірідейін көздерін ояр еді. 

Тірі кетсе жетер деп түбімізге, 

Үзеңгіге у жағып қоя берді. . . 

 

Самал сүйіп туған жер кеудесінен, 

Сағыныпты шықпайтын елді есінен. 

Біле алмады қайран ер ат үстінде, 

Уланғанын үзеңгі жейдесінен.  

 

Балуан еді қарсылас жыға алмастай, 

Өткір еді қайытпайтын шын алмастай. 

Ауылына жетті де жығылды ер, 

Төсегіне таңылды тұра алмастай. . . 

 

Ажал деген аяққа шідер ме екен?  

Дұшпандарым қуанып күлерме екен? !  

Жирен атты дәл мұнда әкеліңдер, 

Дәм-тұзымның қалғанын білерме екен?

 

Тас үгілген шапқанда табанынан, 

Артық туған тұлпар ед заманынан. 

Үй сыртынан иіскеп Саурықты, 

Жас төгіпті жануар жанарынан. . . 

 

Бостандықтың жолын бір талдадыңдар, 

Қиын сәтте қол ұшын жалғадыңдар. 

Елім үшүн құрбандық бір тоқты едім, 

Еңіремей асыма қамданыңдар!   

 

Жан үзді деп батырым жасыма тек, 

Бағыштаңдар құранды басыма кеп. 

Серік болған жасымнан жауға шапсам, 

Жирен атты сойыңдар асыма әкеп. . .  

 

Бала біткен тыңдаған тынып іштен, 

Қызығады, қарайды сүйінішпен. 

Кең тыныстап ақсақал шалқаяды, 

Кеткендейін жуылып күйік іштен. . . 

 

Бабалардың ерлігі жетті үзіліп, 

Балалар тұр кетпейді бек қызығып. 

Ада еткендей бойдағы аманатын, 

Ақсақалдың тынысы кетті үзіліп. . .  

 

Тарихқа уақыт баға берді, 

Құстай ұшып қанатын қаға берді. 

Жылап айытқан тарихы ақсақалдың, 

Жүректерде жатталып қала берді!

                                                                      

Ақбоз үйдегі әңгіме


      Айналасын асқар таулар қоршаған таулы аймақ. Көкке ұмсынған найза шыңдар, көк аспанның үрпін еміп жатқандай үнсіз жатыр. Ғасырлар бойы таудың ұшар басына жиналған ақ бас шыңдар арудың шолпысындай көзге үреді. Етек жақта жолға таяу ақ қаздың жұмыртқасындай ақбоз үй орналасқан. Бұл үйдің иесі ата-бабасынан бері осы маңда аттан түспей тірлік кешкен, сом денелі, сұсты қабақты, ат жақты Азамат деген ақсақал еді. Жақынғы жылдардан бері жоқ жерден жүрек ауру жабысып, денсаулығы сыр беріп төсекке таңылған. Қаладағы жалғыз ұлы әкесін қалаға келуге қаншама нәсихаттаса да, қайсар қарт «сүйегім осында қалсын» деп сазарып алған. Амалсыз қалған ұл, он сегіз жасар немере қызын, атасының ас-суын әзірлеуге әкеліп        тастаған.
       Биік шыңдарға иегін сүйеп, әңгімесі жарасқан қос ғашықтардай көп жатқан күн сұлу қимастықпен ақырын-ақырын алыстап еді, таулы өлкеге түн тұмсығын сұға бастады. Кешкі асты көңілсіз ішіп, жастыққа бас қойған жас сұлу есік алдына келіп тоқтаған көліктің дыбысынан ойанып, сырт киімін жамылып тысқа шықты. Жұп-жұмыр аппақ балтыры көліктің жарығында ақ сазандай жарқылдап көз қытықтайды. Аз-кем уақыттан соң үйге кіріп:
- Ата, бір жолаушы үйге қонуды сұрап тұр,
- е балам, кірсін, келген қонақты кері қайтару салтымызда жоқ шаруа.
Ала көлеңкелеу шам жарығында қонақ жігіт үйге кіріп, қысқа амандасты. Шаршап келгенін айтып, жатуға ыңғайланды. Сілтідей тұнған түн тыныштығын ақбоз үйдегі екі жастың қарт түсінбейтін тілдегі күбір-сыбыры бұзып жатты. Күбір-сыбырдың соңы бір қалыпты үздікпен          ыңыранған        үнге ұласты...
      Талайлаған игі-жақсыларды төрінде тоғытқан құтты үйінде бүгінгі қонақтың ата салытта жоқ әдепсіздік жасағанына тұла бойын ашумен ыза кернеді. Қазақ төріне шығарса да, төбесіне шығармайды. Өмір бойы қолынан тастамай келе жатқан керегеде ілулі тұрған алты таспа бұзау тіс қамшысын алуға ұмтылды. Апыр-ай қозғала алса кәне? қол-айағын әлде бір тылсым күш шынжырлап тастағандай қозғала алмады. Бұғауға түскен арыстандай бұлқынып жатыр, амалы болмады. Шарасы таусылғанда айғай салайын деп аузын ашып еді, тау жаңғыртатын зор дауысы қораға қасқыр шапқанда ұясына қашып кіріп кеткен қорқақ күшіктің дауысындай шіңкілдеп, ешкім ести алмады. Бір ғажабы көз көріп, құлақ естіп, жүрек жылап тұр...тірі қорлық деген осы болар! Күйді, жанды, дәрменінің кеткенін, дәуренінің өткенін сезінді...ақбоз үйдің бір шетінде-қуаныш, бір шетінде-қасірет болып жатты. Сырт көзге бәрі тыныш қалыптыдай көрінді.
      Өмірінде көрмеген мынау кешірілмес қянатты көргісі келмеді, көзін тарыс жұмды. Көз алдына тұлпар мініп, ту ұстап, ерлігін, елдігін сақтап, намысын жатқа бермеген, ат тұяғымен әлемді таптаған баһадұр бабаларының, ат көтіне дұспанының әлпештеген ақ тамақ аруларын мінгестіріп бара жатқан өр бейнесі елестеді...
-е,     жарықтық          жақсы       адам          еді, қолы ашық, кеңпейіл жан еді. Мына тау иен     қалатын          болды-ау...
      Бірақ, ешкім ақсақалдың намыстан, күйіктен жүрегі өртеніп кеткенін білген жоқ...

 

 

Жаралы көкжал



      Қылышын сүйреткен қыстың қалшылдатқан қаңтар айы. Ақ қағаздай аппақ тау түні. Айнала ақ бесікке құндақтаған баладай тып-тыныш. Үртіс неше күн бойы бір тынбай қар жауғандықтан, бар тіршілік иесі қыбырлауға шамасы келмей, қиналған күйге тап болған. Тек бүгін түсауа ғана басылған. Күннің ашылысына болар ауарайы қатты суытқан. Неше күннен бері үңгірден шыға алмай нәр татпаған қасқырлар аш бурадай жіңішкеріп жарап алған. Үңгір ішін аштықтан тамақ іздеп қыңсылаған дауыстар толтырып кеткен. Көкжал қалайда бір азық табу керектігін өз міндетіндей түсініп, үңгір алдындағы тасқа шығып, алсқа көз тастады. Қуалап жүріп ұстайтын қоңыр аңның да кенеуі кеткен кез. Көкжалдың көзіне сонау етектегі қазақ ауылдары көрінді. Бағызыдан бері бұл малшылармен «әуыл аралас, қой қоралас» дегендей көрші өтіп келеді. Әрине, «көрші ақысы тәңір ақысы» дегендей, дәм-тұз алмасып тұрары хақ. Кең далаға дастарқан жайған берекелі қазақ ауылдары кешіре көріңдер! Бүгінгі азық сіздерден болсын деп бекіді көкжал. Одан соң тау ішін жаңғырта ұлыды. Мұнысы бейне сырнай тартып соғысқа аттанған әскерлерді шепке шақырғанды болатын. Ашығып тұрған қасқырлар көкжалдың үнемі азық іздейтін кезде осындай істейтіндігін біліп, еңбектеген жасынан еңкейген кәрісіне дейін қалмай суырылып шықты. Әрі бұл «баһадұрлерінің» бір ретте көңілдерін қалдырмағандығын білетін. Сондықтан, бұлар азықтан дәмелі болып, алдарына майлы жұмсақ елестеп, сілекейлері шұбыра түсті. Көкжал жан-жағына қарап еді, барлығы оның айтқанына көніп, айдағанына жүретін адал қанды көйлек әскерлеріндей көрінді. Тек ғана оның қолбасшылығын күтіп тұрғандай. Жырынды көкжал таудың қасат қарын бұзып, қалғандарын соңынан ертіп жортып кетті. Көкжал бейне қолбасыдай атойлап алда келеді. Көздеп көңілге түйгені қазақ ауылдары..мұны өзінен басқа ешкім білмейді. Таяп қалды, ауылға сұғына кірген сайын арттағыларды үрей билей бастады, көбі тартыншақтап, «өзгенің қолымен от көсегендей» көкжалды жалғыз жіберіп, өздері артта бағып қалды. Көкжал жер бауырлай басып қора маңына келді. Үй іші тым-тырыс, өзіне қауіп жоқтығын сезгеннен кейін қора шетінде шөп жеп тұрған арық тайды тамақтан ала түсті. Арық тай айқасуға шамасы келмей бір-екі рет бұлқынды да, гүріс етіп құлап түсті. Көкжал әлде қашан азу тістерімен тамақтап үлгірген еді. Дыбыстан сезік алған малшы иттері шулап үре жөнелді. Кенет күшті электр көзі жарық етіп біреу жүгіріп далаға шықты. Күшті нұрға көзі шағылып мен мұндамын деп тұрған көкжалға мылтық тарс ете түсті. Қорғасын оқ құрдымға жібере жаздаған көкжал қаша жөнелді.
Қуғанға батыр ауыл иттері жабылып келіп таласып жатыр. Ақ қардың бетін қып-қызыл қан жауып кетті. «Әкәу, сонда өз серіктері қайда кетті? Мынау иттерге өзін соншалық талатқаны қалай? Сонда өзін жау қолында қалдырып қашып кеткен болды ма?» Қөкжалдың бойын ашу биледі, ашуланды да, қанталап алған көзін бағанадан бері өзімен белсенді алысып келе жатқан сар төбетке тігіп, атылып барып құлақтан басып, жуан мойын күшке салып қарға бір екі жұмарлап еді, қаңқылдап құтылғанына құлдық ұрып, екінші келместей зытып берді, қалған иттер бата алмай үріп қала берді.
Көкжал қашып келеді. Оқ көкжалдың алдыңғы айағын жұлып кетіпті. Бағана ет қызыуында байқамапты, айағынан қан сорғалап тоқтамай келеді. Іші-бауыры езіліп кеткендей сезіліп тұр. Тоқтай қалып айағындағы аққан қанды жалап, өз қанымен оразасын ашты. Тойымсыз дүние-ай деді көкжал..мен малшының тайын жәркемдесем, өз құлқыным өз қаныммен азықтанғанды ар көрмейді! Әттеген-ай осы қу құлқынның құлы боп барамын...таң жаңадан ағарып келеді, аппақ қар бетіне кестеші қыздың кестесіндей қанды сапарынан қып-қызыл қан төгіп келеді. Бәлкім күн шыға соңындағы ауылдағы адамдар қолдарына мылтық, шоқпар, бүркіттерін алып із қуалап келіп қалар. Көкжалдың бойын бір түрлі үрей биледі. Мынау жасырынарға қалтқысы жоқ мидай жазықтан кесіп өтіп, тау етегіне ілінбесе қолымен істегенін мойнымен көтермек. Асыққан сайын үш аяқтап басқан жүрісі мандымай-ақ қойды. Қасат қарда малтап, қарға аттам басуы мұң болды. Анау тауға жетуге әлі бар, аштық пен жарасы бойын меңдетіп барады...тіпті ерегескендей ана тау барған сайын биіктеп, алыстап бара жатқандай    сезілді...
       Бірге бастап келген өз серіктері әлде қашан жым-жылас кетіп қалған. Тіпті түнде жараланып иттермен алысып жатқанда да арашаға біреуі түспеген. Әй өңкей пайдакөс, зәлімдер-ай деді көкжал ашуланып. Көкжалдың көзіне өзі жүре алмай баражатқан мынау жазықтағы ессіз ерліктері елестеді. Не бір қоңыр аңдарды қуып жетіп, қойдай спыратын. Қанды аузынан бірде бірі тірі құтылмаған. Тіпті жүйрік деген еліктерді де екі айналымға келтірмей алып соғып, ауыз тиген         соң   қаншықтары, серіктері жетуші еді. «Аяулым», «батырым», «мен сендікпін» деп алды-артынан еркелей құйрығын бұлаңдатып бір екі айналып қойып тәтті тағамға бас қойушы еді. Жо-жоқ! Олар бәрін ұмытып кетті! Неткен арамза! Неткен опасыз! Екі беткей еді. Ауыздан ас, бойдан қайрат кеткенде, қадірсіз болып қолтығынан демер ешкім болмағанына күйіп-жанды. Тұла бойын бір өксік, запыран биледі...бәлкім олар тау басында өзінің жараланып  ақсап келе жатқанын, соңынан қуғыншы келсе олармен алысқанын көріп, тамаша бір кино көрмекке дайындалып жатқан болар. Бейне патышаны айдаладағы айқасқа айдап, өздері ордада ойларына келгенін істеп жатқан алаяқ уәзірлердей тау басында тұрып тамаша көрмек. Жолдасын жолда қалдырған өңшең арамза, алаяқтар! Сендер бұл түрлеріңмен бір-бірлеріңе мәңгі опа қылмайсыңдар!!!
Кенет артынан мылтықтың өлім тілеп гүріс еткен даусы естілді. Көкжал ойын тез жиып алды. Аттың дүбірі молайып, қиқу тайап келеді. Өз өмірін сенімсіз серіктерінің бақытына арнап, жанын да тәнін де жаралаған көкжал ақтық демі алдында аяқ алысын тездете түсті...

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір