11 Ақпан, 2019 Спорт
Әлемдік шахмат додасында қыздарымыз озып, жігіттеріміз шаң қауып жатыр
Қазақстан шахматының тарихында Жансаяға дейін бірден үш тармақ бойынша әлемдік рейтингте топ жарған шахматшы болған емес
Дүние жүзінің бірнеше мәрте чемпионы Жансая Әбдімәлік жасы 20-ға толмаған қыздар арасында әлемдік рейтингте классика, рапид, блиц бойынша жеке-дара көш бастап тұр. Қазақстан шахматының тарихында Жансаяға дейін бірден үш тармақ бойынша әлемдік рейтингте топ жарған шахматшы болған емес. Яғни, Жансаяның бұл табысы - қазақ елі үшін тарихи жеңіс! Бұл – Жансаяның әлемдік жастар сайысындағы табысы.
Енді оның ересектер бәсекесіндегі қадамына тоқталайық. 2019 жылдың ақпан айының рейтингі бойынша 19 жастағы Жансая Әбдімәлік дүние жүзіндегі ең мықты әйел шахматшылар арасында 19-сатыға табан тіреді. Жансая қазақстандық әйел шахматшылардан бірінші болып 2017 жылы ерлердің халықаралық гроссмейстер дәрежесіне қол жеткізді. Ол кезде біздің қызымыз небары 17-де болатын. Ал әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер атағын Жансая 14 жасында олжалаған еді.
Қазақтың тағы бір дарынды қызы Динара Сәдуақасова жер шарының ең күшті әйел шахматшылары рейтингінде әзірге 22-орында. Түсінген адамға Жансая мен Динара осы жеңістерімен қазақтың шахматтағы беделін әлемдік асқар белге көтеріп тастады. Дәл қазір жер жүзіндегі ең таңдаулы 25 әйел шахматшының үшеуі ғана мұсылман спортшылары. Солардың екеуі біздің қыздар, ал үшіншісі Иран шахматшысы - Сарасадат Хадемалшарих. Оның үстіне шахматта бокс пен күрестегідей салмақ дәрежесіне жіктелу жоқ. Бокста салмақ дәрежелеріне қарай 10 адам әлем чемпионы атанса, шахматта дүние жүзі бойынша ерлерден бір, әйелдерден бір спортшы чемпиондық тәжді киеді. Біздің Жансая мен Динараның жұмыр жердегі 200-ден аса мемлекет шахматшыларынан суырылып шығып, мойны озық 22 саңлақтың қатарынан орын тебуі Алаш жұрты үшін өте мерейлі сәт.
Тағы бір қуана хабарлайтын жағдай, Жансая қызымыз әзірге жер шарындағы ең күшті 30 әйел шахматшының арасындағы ең жасы кішісі.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресей мамандарының шақыруымен Мәскеуге көшкен Бибісара Асаубаева қызымыз (жасы 14-те) әлемнің ТОП-100 әйел шахматшыларының ішінде 89-орынға көтерілді. Алла жолын оңғарса, енді екі-үш жылда Бибісара қыз Ресейдің үш жолақты туын шахмат көгіне көтермесіне кім кепіл?!
Хош, қыздарымыздың шахматтағы қадамы жан сүйсінтеді. Ал Жансая мен Динараның деңгейінде бір қазақ азаматының жарқырап шыға алмағаны жанымызға батып жүр.
Енді ең озық әйел шахматшылардың әлемдік рейтингіне назар салыңыздар:
Standard Top 100 Women February 2019 |
|
Қыдырбек Рысбек
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір