• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
25 Тамыз, 21:46:52
Қорықшылардың материалдық-техникалық базасы күшейтіледі

18 Маусым, 2019

«Мәдениетті» министр кеткенімен...

Мұндай адам болашақта әлі талай сорақылықты көрсетеді деген еді. Расында солай болды.

Әлемге, өз еліне келеңсіз жағдайлармен танылған Мәдениет министрі Қазақстан тарихында ғана болған шығар. Естеріңізде ме, Илья Ильин төртінші мәрте әлем біріншілігінің алтынын қанжығасына бөктеріп, Әнұранымыз ойналып жатқанда Арыстанбек Мұхамедиұлы Толағай ұлымызға ұялы телефонды тықпалай бергені. Сол кезде көпшілік БАҚ бетінде, әлеуметтік желілерде Мемлекеттік рәмізге құрметсіздік танытқан өресі тар шенеунікті жауапқа тарту керек деп жарыса жазған. Бірақ, ол заң шеңберінде жазаланбады. Ал министрдің өзі міз бақпады. Мұндай адам болашақта әлі талай сорақылықты көрсетеді деген еді. Расында солай болды.

Мәдениет министрлігі республикалық, халықаралық деп айдар тағылған концерттер өткізуден, дұрысы асабалық қызметтен ары аспады. "Рухани жаңғыру", тарихи-мәдени, өнер бағытында сүбелі жұмыстарын көре алмады. Керісінше, білдей "мәдениетті" министрдің аты студент қыздарға ыңғайсыз ұсыныс жасайтындығы, "Қазақфильмдегі» бір басқосуда өзінің даусына ұқсас адамның ақшаны қалай "жымқыру" керектігі туралы айтқаны секілді жұрттың жағасын ұстатқан қауесет-даулармен шығып жатты. Ал 2018 жылдың күзінде мердігер мекеме өкілінен пара алған Мәдениет министрлігінің лауазымды шенеуніктері жұмысынан шеттетілді. Анау-мынау емес, Арекеңнің бірге тізе қосып жұмыс істеп жүрген сенімді адамдары - жауапты хатшы мен департамент директоры. Қарамағындағы қызметкерлер жемқорлықпен айыпталса да министр отставкаға кетпеді.

Ал биыл, яғни бүгін оның қызметінен босатылғанына көбісі қуанғанымен, артынша лезде олардың көңілі су сепкендей басылды. Мұхамедиұлының 2014 жылы министрлікке алып келіп, тәрбиелеген кадры Ақтоты Райымқұлова МС министрі атанып шыға келді. Оның соңғы қызметі вице-министр болыпты. Бір сөзбен айтқанда, былыққа батқан саланың жұмысына көзі үйренген адамды өз орнына қалдырды. Халық мұны көріп отыр. Қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен қосындысы өзгермейтінін жақсы біледі.

Бұған қоса... Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз қызметке жастарды әкелетініңізді айтқан едіңіз. Бірақ мына тағайындаудан өзгеріс байқалмайды. Өйткені, Арыстанбек Мұхамедиұлы 1963 жылғы болса, Ақтоты Райымқұлова 1964 жылы туған. Президент мырза, еліміздің мәдениет саласын басқаруға лайық, жаңашыл, іскер жастар көп емес пе? Олардың бағын неге байлаймыз? Әріберіден соң мәдениет министірлігін музыканттар ғана басқарсын деген қағида жоқ қой. Мәдениет тек музыкадан тұрмайтыны тағы белгілі. Сондықтан, ұлтжанды, патриот, ел алдында жауапкершілікті сезінетін жастар осы салаға да ауадай қажет.

 

Сейілхан Әлназаров

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір