• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 01:36:01
Алматы
+35°

Жамбыл облысындағы ең ірі аудандардың бірі саналатын Шу ауданы орналасуы жағынан өзге аудандарға қарағанда ерекше аймақтың қатарына жатады. Өңірдің табиғаты ауыл шаруашылығына, оның ішінде бау-бақша дақылдарын өсіруге өте ыңғайлы. Сол себепті де, ауданда дәл осы бау-бақша өнімдерін егетін шаруашылықтардың қарасы қалың. Олардың ішінде Ескі-Шу ауылдық округінің тұрғыны, «Мұстафа» шаруа қожалығының басшысы Абубакир Мамедовты ерекше атап өтуге болады.

Құрылғанына  он жылға жуықтаған шаруашылық былтырғы жылға дейін түрлі бақша өнімдерін өсіріп келген болса, былтырдан бастап тәуекелге бел буып, алма шаруашылығын мықтап қолға ала бастаған. Қожалық жетекшісінің айтуынша, биылдан бастап аудан тұрғындарын экологиялық тұрғыда таза, әрі сапасы жоғары алмамен қамтып, сол арқылы өздері де мол табысқа кенелмек ниетте екен. Негізінен шаруа қожалықтың иелігінде 40 гектарға жуық жер болса, соның жартысынан көбіне қарбыз бен пияз секілді бақша өнімдерін егуде. Енді, міне, былтырдан бастап алма өсіруге бел буыпты. Қожалық жетекшісінің бастамасымен бес гектар жерге 4500 түп алма тіксе, үстіміздегі жылы да бес гектарға 4900 түп алма еккен. Бау-бақша шаруашылығында алма егудің ерекше маңызы бар. Сол себепті алма еккенде алдымен оның сорттарын таңдауда қателікке жол бермеген жөн екен. Міне, дәл осындай жұмыстарды бүге-шігесіне дейін дұрыс атқарған қожалық иесі Абубакир Мамедов қазіргі кезде алманың төрт түрін еккенін айтады.

Алманың дәмді болуы ең әуелі оның тұқымына байланысты болады. Сондықтан, біз әуелгіде осы саланың майын ішкен майталман мамандардың кеңесіне жүгініп, оңтүстік астанамыздан тоғыз мыңға жуық алма түптерін алып келдік. Олардың 6500-ы «Золотой голден» сортынан, ал 1200-і «Американка» деп аталады. Қалғандары «Дамира» мен «Мантеп» деген түрлері. Жалпы, аталған сорттарды бақшаға еккен соң екі жылдан соң ғана өнім бергенімен, араға бес жыл салып барып толықтай өнім береді. Айта кету керек, алма басқа дақылдарға қарағанда ерекше күтімді қажет етеді. Оның үстіне, алманың ең алғашқы жауы құрт болғандықтан, оны дәрілеу жұмыстарын дер кезінде жүргізу керек. Десе де, дәрі бергенде арнайы бекітілген шегінен асып кетсеңіз, оны өлтіріп алуыңыз бек мүмкін. Сол үшін түптерді егетін, сондай-ақ қажетінше кесетін сәтте арнайы Түркиядан адамдар шақырттық. Алдағы уақытта аудан әкімшілігінен қосымша жер сұрамақпын. Сол жерге қолым жетсе, қазіргі алма бағымды жиырма гектарға дейін үлкейтуді жоспарлап отырмын, - дейді А.Мұстафаұлы.

Тағы бір айта кетерлігі, шаруашылық жетекшісі бақшасына тамшылатып суғару әдісін қолдану арқылы су үнемдеу жүйесін де жүйелі қолданып отыр. Оның сөзіне сенсек, бұл жүйенің машаһаты аз болғанымен, шығыны едәуір көп екен. Дейтұрғанмен, шаруа адамы табиғат-ана еңбектің өтеуін міндетті түрде бағалайтынын айтады.  

Шапағат Қонысбай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір