• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 01:21:55
Алматы
+35°

Жамбылда ел арасындағы дау-дамайды шешудегі облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған билер кеңесінің ықпалы зор. Құрылғаннан бергі аралықта билер кеңесі 82 даулы мәселенің түйінін тауып, қос тараптың татуласуына мұрындық болған, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Елбасының Жоғары Сотқа ел арасындағы ірілі-ұсақты дау-дамайды сотқа жеткізбей шешу тәжірибесін енгізу тапсырмасына орай жергілікті жерлерде ақсақалдар ұйымының бастамасымен билер кеңесі құрылды. Жамбыл облыстық ардагеррлер кеңесі жанынан құрылған осынау кеңеске қазір 7 адам мүшелікке өткен. Сондай-ақ Тараз қаласымен бірге 5 ауданда осы тәжірибені кеңінен қолданысқа енгізген. Аудандық деңгейде билер кеңесінің құрамы 5 адамнан тұрса, ауылдық округтегі дау-дамайды шешу 3 адамнан тұратын билер кеңесінің еншісіне тиеді. Қазір облыс аумағында жалпы саны 518 би дау-дамайды сотқа дейін жеткізбей шешуге бар күш жігерін жұмсауда.

–Негізінен билер кеңесінің құрамына елге сыйлы, ауызы дуалы ақсақалдар мен қариялар сайланады. Олардың білім-білігін үнемі жетілдіріп отыруы басты назарда. Білімін кәсіби деңгейде шыңдаған медиаторларға арнайы сертификаттар табыс етілді. Қазіргі таңда облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесі Ардагерлер орталығы ғимаратында жұмыс жасайды. Оларға арнап «Медиация –бітімгершілікке әкелетін жол» деп аталатын арнайы бұрыш та ұйымдастырылған. Билер кеңесінің жұмысын жетілдіру мақсатында жуырда облыстық сот пен ардагерлер кеңесі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы меморандум арқылы билер институтының рөлін нығайтып, «Медиация туралы» заңның шеңберінде ауыл-аймақ, көрші-қолаң, ағайын-туыс арасындағы дауды реттеудің тетігі қарастырылмақ,–дейді облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов.

Өз жұмысын бастағаннан бері ел арасында ірілі-ұсақты 82 даудың түйінін сотқа жеткізбей тарқатып берген бітімгерлер жыл басынан бергі аралықты бірнеше арыз-шағымды қарап тиісті шешімдер шығарған. Әсіресе, Талас, Жамбыл аудандарындағы билер кеңесінің белсенділігін ерекше атап өткен жөн. Расында қазақ қоғамында кезінде дау-жанжалдың қай-қайсысын болмасын жалғыз ауыз сөзбен шешіп, қос тарапты татуластыру билерге жүктелген міндет болатын. Жамбылдық қариялардың әрекетіне қарап осы бір озық дәстүрді заман ағымына сай бейімдеуден ұтарымыз көп болатындығын бағамдай беруге болады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір