• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 01:29:54
Алматы
+35°

25 Қыркүйек, 2019 Барлық аймақтар

  Жақаев ауылындағы жасампаз жігіт

Асқардай  азаматтан Ақорданың алдындағы алаңда «аттан» салып, босқа айқайлап жүргендер үлгі алуы тиіс.

Екі мәрте Социалистік Еңбек ері Ыбырай Жақаевтың есімі жұртшылыққа өте таныс. Қазір осы ауыл атақты күрішшінің есімімен аталады. Өмір бойы диқаншылықпен айналысып, даңқы Қазақстан ғана емес, Кеңес  Одағына танылған Еңбек ерінің жолын жалғастырып келе жатқандар жетерлік. Осы ауылда туып, диқаншылықты кәсіп қылған Асқар Бердібаевтың да қазіргі уақытта жұмысы қарқын алды десе де, болады. Өйткені жанкешті еңбектің қашан да нәтижесі бар.  Асқар Айтөреұлы осыдан 7 жылдан аса уақыт бұрын «Алтын дән» деп аталатын шаруа қожалығын құрды. Бәрі де мақсатты жұмыстың арқасы. Бүгінде шаруа қожалығы іріленді, қазір қожалық басшысы 60 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Айта кету керек,  жергілікті халықтың көпшілігі егін және мал шаруашылығымен айналысады. Күріш және мал азығын дайындайды.

Сыр бойында сапалы жұмысын көрсетіп жатқан жігіттің жоспары қомақты, мақсаты үлкен. Асқар Айтөреұлы 2017 жылы 100 бас жылқы сатып алған.  Биыл оның үшінші жыл төлін алып жатыр. Шаруашылық басшысының айтуы бойынша, қыркүйек және қазан айларында тағы да 100 бас асыл тұқымды ірі қара алу ойда тұр. Шаруашылықта күріш өңдейтін цех бар. Биыл тағы заманауи үлгідегі үлкен күріш зауытын ашу ойда тұр. Егер бұл жоба жүзеге асатын болса, тәулігіне 60 тонна күріш өңдеп, шығаратын болады.

Әрине мұның барлығы да оңайлықпен келген жоқ. Қожалық ірі, 3 комбайнды лизингтік несиеге алған. Комбайнның барлығы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Ішінде компъютер, кондиционер жол бағытын анықтап отыратын ЖПС бар. Ауылға мұнан артық қандай техника керек?! Шаруашылық басшысы механизаторлар үшін барлық жағдайды жасап отыр. Техниканың 70 пайызы жаңартылған. Әрине, мұның барлығы да оңайлықпен келген жоқ. Жерге жаны ашыған адам ғана қиындықтың бәрін  еңсереді. Асқар Бердібаев істі бастағанда мұның барлығын да білген. Сөйтті де, білек сыбана кірісті. Сондағы ойлағаны –Ыбырайдың ауылы – ырысты, Бердібаевтың ауылы берекелі болуы тиіс.

Күріш егумен айналысатын шаруашылықтар алғашқыда қиындықты бастан кешкені рас. Еңселерін  көтере алмады. Несиеге қолдары жетпеді.Тозған жерлерді түлету керек. Сөйтіп, ол жұмысты қолға алды. Майда шаруашылықтар ірілене бастады. Олардың саны кейін онға жетті.

– Әрине, бізге бәрін де басынан бастау керек болды. Арам шөп пен жиде, тал басып кеткен егістік алқаптардың бәрін отадық, тазарттық. Тыңайттық. Содан кейін тұрақты өнім ала бастадық. Халықта жердің пайы ғана болған. Қазір жер үлесі бар халыққа күзде дивиденд төлейміз, –дейді «Алтын дән» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Бердібаев.

Әрине, табысты шаруа қожалығының болуы елдегі халыққа да жақсы болды. Бір ғана мысал, шаруашылық әр үйге екі қап күріш, бір көлік шөп түсіріп береді. Жалақысын уақытылы алып отырған жұмысшыларға бұл да үлкен көмек.

Бір айта кететіні, аудан көлемінде мұндай табысты, ауыл тұрғындарына барлық жағдайды жасап отырған шаруа қожалықтары некен саяқ. «Алтын дәннің» басқалардан артықшылығы бар ма? Бар. Елге үлгі болып отырған шаруа қожалығының орта есеппен алғанда айлық жалақысы -120 мың теңге. Асқар Айтөреұлы істеген еңбекақыларына қарай сыйақы да беріліп тұратынын айтады. Тіпті 600 мың теңге алатын озат механизаторлар да бар екен.  Мұнан артық қандай қамқорлық, қолдау керек?!

Егілген егін толық жиналады, ал оны өткізуде ешқандай да проблема болмайды екен.

–Жоспарға байланысты күрішті Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы қалаларына тұрақты жіберіп отырамыз. Биыл «Янтарь, «Лидер» күріш сортттарын  Өзбекстанға экспорттауды көздеп отырмыз. Былтыр 900 гектар жерге күріш егіп, оның әр гектарынан 70 центнерден өнім алдық. Өніміміз – экологиялық жағынан таза, сапалы күріш. Биыл ауылда спорт кешені мен күріш зауытының құрылысын бастаймыз. Келесі жылы жаңа үлгідегі супермаркет салып бермекпіз. Үшінші жылы аудан көлемінде жоқ 500-600 орындық тойхана салу жоспарда бар. Ауылымыз қаладан кем емес, Келер жылы ауылымызды газбен жабдықтау жоспарда тұр.  Үйге таза ауыз су кіріп тұр. Бұдан да басқа ойға алған жобалар көп, –дейді «Алтын дән» шаруа қожалығының басшысы Асқар Айтөреұлы Бердібаев.

Айтса айтқандай, Ыбырай Жақаев ауылы сән салтанаты жағынан еш елдімекеннен кем емес. Инфрақұрылымдық жағдайы жақсы, электр жарығы тұрақты. Шаруашылықтың кеңсесі жаңа үлгіде салынған. Архитектуралық дизайны көз тартады. Ауылда қарқынды құрылыстың нышаны байқалады. Бұл әрине шаруа қожалығының табысы, сондай –ақ мықты басшы Асқар Бердібаевтың тәжірибесінің арқасында деп тұжырым жасауға болады.

Әрине қай бір іске болсын, тәуекелділік пен батыл қадам керек. «Алтын дән» шаруашылығы 2016 жылы тірлікті жандандыру үшін 60 миллион теңге несие алған. Оны 2018 жылы толық қайтарып бітірді. Ал  2019 барлық істелінген жұмыстар шаруашылықтың өз қаражатына атқарылды.

Шаруашылық басшысы Асқар Айтөреұлының айтуынша, «жұмыс істеймін» деген адамға қазір барлық мүмкіндік бар. Тіршілігі бар адам түнекте қалмайды. Мемлекетке масыл болғанша, табыс тап, халыққа көмектес. Нарықтың қазіргі қағидасы осы. Бұл шаруа қожалығының  төрағасы Асқар Бердібаевтың да пікірі.

Шаруашылық басшысының айтуынша, қазір Иран мен Қытай нарығы ет сұрап жатыр. Сондықтан жұмыста тоқтау жоқ. Шаруашылық  Иран мен Қытайға жылқы мен ірі қараның етін экспортқа шығарып отыр. Бұл әрине, тынымсыз жұмыстың нәтижесі, Шиелі етіне сұраныстың барлығы. Сонау Шиелідегі шаруашылықтан қытай мен ирандар ет алып, екіжақты келісімге қол қойып жатса, бұған тек қуану керек.

Қашан да шаруаның жайын білетін басшыға шаруашылықты көтеру қиын емес. Шаруа қожалығының төрағасы тек оған ниет, ынта - жігер қажет екендігін айтады. Еңбекпен ысылған жігіт қаршадайынан шаруақор. Әке-шешесі– қазір зейнет жасында. Анасы –колхозшы, әкесі –күрішші, звено жетекшісі болған. Екі ағасы да қазір  – кәсіпкер. Бірі малмен, екіншісі саудамен айналысады. Наубайханалары бар. Ал әпкесі мектепте мұғалім.

Асқар Айтөреұлының үш баласы бар, Екеуі  –  мектепте, біреуі  – балабақшада. Зайыбы Рахила да осы ауылдың тумасы, пошта қызметкері.

–Күріш өнімінен Шиелінің даңқын шығарған Ыбырай Жақаевтың атына ешқашан кір келтірмейміз. Біз әлі де осы атамыздың атын шығарамыз. Сондай-ақ басты міндетіміз – шаруашылықты көтеру, ұжымдағы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жасау, олардың жалақысын арттыру,-дейді Асқар Айтөреұлы.

Жұмыс нәтижелі болуы үшін ең алдымен тәртіп керек. Бұл жағынан алғанда, ұжымда тәртіп бар. Ішкілік ішіп, бос сенделіп жүрген шаруашылықтың бір адамы көрінбейді. Егер бұзықтық жасап, ішкілік ішіп жүргендер кездесіп қалса, айлығынан кесіледі. Сондықтан да барлығы жұмыстың жауапкершілігін бір кісідей түсінеді.

Асқар Айтөреұлы мемлекеттің ауыл шаруашылығына жасаған қолдауын сезініп отыр. Суға, тыңайтқышқа 50 пайыз субсидия алған. 200 миллион теңгеге 3 комбайн алынды. Оның 50 миллион теңгесі төленді. Демек, жоспарлы жұмыстың барлығы да тиянақты орындалып жатыр. Тұжырымдай айтқанда, «жұмыс істеймін» деген адамға мүмікіндік зор. Жалқаулық пен мемлекетке масылдықтан ада болу керек. Күн сайын митинг жасап, алаңға шығып жатқандардың әрекеті  түсініксіз. Дені сау адамның екі қолы бос отырғаны ақылға сыймайды. Біз мұны неге айтып отырмыз? Ауылда жүріп, жүздеген адамды жұмыспен қамтып, жағдайын жасап отырған Асқардай  азаматтан Ақорданың алдындағы алаңда «аттан» салып, босқа айқайлап жүргендер үлгі алуы тиіс.

– Жастарға айтар тілегім,  олар уақытын босқа өткізбеуі керек. Бар шаруаны ертеңге қалдырмай, уақытында істегендері дұрыс. Мен жастайымнан еңбекке араластым. Спортпен шұғылдандым. Әке-шешем бетімнен қақпай еркін өсірді. Еңбекке, адалдыққа тәрбиеледі. Сондықтан да алдымен ата-анама ризашылығым шексіз. Жар таңдауда, мамандық таңдауда адам қателеспеуі тиіс. Бұл орайда менің жолым болды. Байлығым – балаларым және жұмысым. Солардың амандығы мен жұмысымның нәтижесінен ләззат аламын, – дейді «Алтын дән» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Айтөреұлы Бердібаев

Төрт мыңға жуық халық тұратын Жақаев ауылындағы шаруашылықтың тірлігін дөңгеленткен Асқардай азаматтың бүгінгі ісіне біз осылай сүйсіндік. Ел іші осындай азаматтардың арқасында көркейеді, гүлденеді. Демек Асқардың алар асулары әлі алда. Жұмысты жандандырып жатқан жасампаз жігіттің жұмысына біз тағы да ақ жол тіледік.

Еркін ҚАЛДАН

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір