• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 01:57:13
Алматы
+35°

Бүгінде облыста бұқаралық спортты дамыту бағытында аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Жыл сайын ел игілігіне беріліп жатқан спорт нысандарынан бөлек, әртүрлі мекемелер іргесінен кірпіші қаланған кешендер де баршылық. Міне сондай спорт залының бірі – Тараз қаласындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы көпбалалы және аз қамсыздандырылған отбасы балаларына арналған мектеп-интернаты жанынан балғын балуандарға есігін айқара ашты, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Кешеннің ашылуына облыс әкімдігі білім басқармасы бастығының орынбасары Талғат Жамалов, даңқты бапкер Ахмет Жұмағұл және Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов қатысып, жаңа спорт залдың ашылуымен көпшілікті құттықтады.

- Бүгін керемет мереке болып тұр. Мектеп-интернаттың балғын балуандарына арналып, күрес залы берілуде. Бұның бәрі ел ертеңі саналған жастар үшін мемлекеттің көрсетіп жатқан қамқорлығы. Барлықтарыңызды жаңа жаттығу залының ашылуымен құттықтаймын!, -деді алғаш сөз алған облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Салқанұлы.

Бұдан кейін сөз тізгіндеген даңқты бапкер Ахмет Жұмағұл мектеп-интернаттың тәрбиеленушілеріне оқуда да, спортта да озат болуларына тілектестігін білдіріп, өмір жолдарына ақ батасын берді.

Ал Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов болса, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымовтай былғары қолғап шеберлері осындай мектеп-интернаттың қабырғасынан шыққананын тілге тиек етіп, бұл күрес залыда талай толағайларды тудыратынына бек сенімділік білдірді.

Бұдан соң даңқты бапкер Ахмет Жұмағұл мен мемлекет мақтанышы Елдос Сметов күрес залының лентасын салтанатты түрде қиып, аралап көрді.

Жалпы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Жастар жылы аясында ашылып отырған дзюдо және белдесу күресінен жаттығу залы барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Мұнда қазір мектеп-интернаттың 380 тәрбиеленушісінің 80-і үш топқа бөлініп жаттығуда. Балғын балуандарды облыстық білім басқармасы жаттығу құрылғыларымен қамтамасыз етсе, ҚР дзюдо спорты федерациясы татами мен 50 кимано алып берген. Сондай-ақ облыста еліміз бойынша тұңғыш рет құрылған «Белдесу»ұлттық спорт түрі федерациясы да демеушілік көрсетуде. Ал облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы балуандарды баптайтын 4 жаттықтырушыны спорт мектептерінен бөліп беріп отыр.

Күрес залының мектеп-интернаттың тәрбиеленушілеріне келтірер еш зияны жоқ. Олай дейтініміз негізгі жаттығулар сабақтан кейін 16.00-20.30 уақыт аралығында өткізіледі.

Міне, осындай тамаша күрес залы балғын балуандарға базарлық сыйлауда. Және нысанның ашылу салтанатына орай Халық Қаһарманы Р.Қошқарбаевты еске алуға арналған қазақ пен белдесу күресінен облыстық турнир түндігін түрді. Бұл бәсекеге облыс әкімдігі білім басқармасының «Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығы» тікелей ұйытқы болып отыр.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір