• USD 405.77
  • EUR 457.91
  • RUB 5.77
  • CNY 57.42

20 Мамыр, 2020 Айтты-ей, бауырың!

Қазақ қоғамының мамыр призмасы

Көрнекі сурет

Қазақ қоғамы, әсіресе бұқара қоғамдық-саяси процестердің байыбына бара бермейді, тіпті күнделікті оқиғалардың, әлеуметтік түйткілдер мен кикілжіңдердің де мән-мағынасын жете түсінбейді.

Мәселен, Дариға Назарбаеваның қызметінен кетуі, одан кейінгі тағайындаулар, Мырзашөлдің су астында қалуы, парламентте «Саяси партиялар туралы», «Бейбіт жиындар өткізу туралы» заңның қабылдануы, президент Қ.Тоқаевтың коронавируспен күреске 6 триллион теңге жұмсалғаны туралы мәлімдемесі, кәсіпкер Ахметбек Нұрсиланың партия құру туралы бастамасы, тб.

Әрине, мұның бәрі – кез-келген қоғамға тән, күнделікті болатын нәрселер. Шыны керек, баспасөз оны пропагандаға айналдырып, үгіт-насихатпен айналысады. Ал саясаттанушылар мен сарапшылар күлбілтелеп, ашып айтпайды. Айтса да жанамалап, жақауратып, иә, сипай қамшылап, сыдыртып өте шығады. Әйтпесе, Ақорданың қолайына жағатын стандартты схема сызып береді, қоғам соның қалыбынан шыға алмайды. Тұтымды, жөндем пікір жоқ. Жалпы, қоғамда саяси салғырттық, әлеуметтік немкеттілік, моральдық-психологиялық торығу бар.

Негізі, бұл оқиғалардың түп-төркініне тереңірек үңіліп, мән-мағынасын саралап, пайда-зиянын зерделеп, зеуірттеген абзал.

1. Дариға факторы

Дариға Назарбаеваның қызметінен кетуіне қатысты дүдәмал ой, сұрақ көп. Оның аяқасты босап, саяси аренадан аласталуының себебі не? Не бүлдіріп қойды? Бүлдірсе, не бүлдірді? Неден жазықты болды? Кінәсі бар ма? Кінәсі болса, жазалана ма? Оның саяси карьерасы осымен бітті ме? Немесе қызметке қайтып келе ме?

Шынына келгенде, бұл – саяси инцидент. Мемлекеттегі екінші адамның қызметтен аласталуы және оның үн-түнсіз, ізім-ғайым жоқ болып кетуі – алаңдарлық жайт. Бірақ бұл – авторитар қоғамға тән нәрсе. Мұнда бір көмес астар, кәкір бары анық. Әлбетте, бұл – саяси эшелондағы талас-тартыс пен интриганың күшейіп, қырбайлық пен бәсекенің қабындауының белгісі. Ол кез-кезген сәтте өршіп, мұрсатта дүрдараздық пен егеске ұласуы кәдік. Әсіресе қазіргі билік транзиті кезінде бұл – өте қауіпті де үрейлі факт.

Осы орайда «Қ.Тоқаев күшіне мінді, тізгінді қолына алды, президенттіктен дәмелі Дариға Назарбаеваны ығыстырып жіберді. Біртіндеп командасын жинап жатыр. Н.Назарбаевтың ықпалы азайды» деген сыңайдағы пікірлер айтылды. Бір қарағанда, солай сияқты. Бірақ шынтуайтында, олай емес. Мұны Н.Назарбаевтың өзі істеп отыр, дұрысы – істетіп отыр. Де-юре Қ.Тоқаев президент болғанмен, де-факто Н.Назарбаев үстем.

Жалпы, бұл оқиғадан екі нәрсені аңғаруға болады:
1.Саяси элита ішіндегі қырбайлықтың өршіп, лоббидің күшеюі;
2.Билік транзиті процесінің тұйыққа тірелуі.

Дариға Назарбаеваның аяқ асты, аяқ асты болғанда да тіпті оқыс, тым шұғыл, тым ебедейсіз мұрттай ұшуы әлдекімдердің тепкіні екенін, сонымен бірге саяси эшелонда ши шығып, тосын бірдеңе болғанын және саяси сауданың қыза бастағанын аңғартады. Осы орайда Құлыбаев-Мәсімов тандемінің аты аталуы тегін емес. Бұл – әуелден бірден бір биліктен дәмелі топ. Премьер-министр А.Мәминнің де осы топта екенін ескерсек, олардың позициясы нық. Оның үстіне Қ.Тоқаев билікке келгелі тіпті нығая түсті деуге болады. Бұған дейін саясаттан сырт, тек қаржы-экономикалық мәселелермен айналысқандай сыңай танытып келген олар соңғы кезде тіпті еркінсіп, тым белсеніп, батыл қимылдай бастады. Д.Назарбаеваның оңбай нокдаун алуы – соның бір ғана мысалы.

Диктатуралық билік кезінде және қазіргідей әбі-тәбі транзит кезеңінде саяси лоббидің шамадан тыс күшеюі – қатерлі симптом. Ол кез-келген сәтте қысым мен әпербақандыққа, тіпті шантаж, авантюраға ұласуы ғажап емес. Екі алақанын ысқылап, әлекедей жаланып отырғандар қыза-қыза елді адастырып, әртүрлі кепке киліктіріп, ал өз дегеніне жету жолында неден болса да тайынбайтын өлермен жанықас топтар қилы шытырман жасап, түрлі шырғалаңға салуы да мүмкін. Ең қауіптісі – саяси сауда, таққа талас, билікке талас, қаржы ресурстарына еміну замат ырыққа көнбей, саяси дағдарысқа соқтырып, мемлекеттік құрылымды шайқап, саяси төңкеріске де апаруы кәдік. Бұл орайда алысқа бармай-ақ, қырғыздың «қызғалдақ төңкерісін», өзбек сценарийін есте тұтса болады.

Рас, Д.Назарбаеваның аласталуы қоғамның тілеуіне дөп келді, «Өзіне сол керек, обалы жоқ, шоқ, шоқ!» деушілер көп. Тіпті бір қатердің беті қайтқандай, бұқара көңілін бір демдеп, тыншып қалды. Бірақ мұның астарында әлгіндей күмәнді, тіпті қатерлі көп жайт бар. Шынтуайтында, Құлыбаев-Мәсімов тандемінің күш алуы жақсы емес. Бұл – кәдік. Және бұлар жалғыз емес. Мұндайда қауырт қимылдап, молырақ қарпып қалуға тырысатын ашкөздер де, есесін жібермеуге тырысатын ептілер де, аңысын аңдитын айлалы әккілер де, есе қайтаруға тырысатын есерсоқ есерлер де, қызылкөз жойымпаздар да табылады, тіпті жетіп артылады. Қай-қайсы да қарап қалмайды, жанталаса қимылдап бағады. А.Есімов, Қ.Қасымов, Н.Нығматуллин, тіпті М.Тәжин мен борттан түсіп қалған И.Тасмағамбетов те ай қарап, жұлдыз санап, текке жүрген жоқ және қарап қалмасы анық.

Ал Н.Назарбаев осы саяси-олигархиялық топтардың барлығын бір ықтимал консенсусқа көндіріп, ымыраластырып және оларға бас-көз болуға өз адамын қоймақшы. Ол осыған дейін бәрін тыпыр еткізбей уысында ұстап келді. 30 жылда саяси қарсыластары мен бәсекелестерінен есебін тауып құтылды, көнбіс, ләпбайшыл, сұрқай саяси роботтар армиясын жасақтады. Оның ендігі арманы – қалайда осы жүйені бұзбай-жармай сақтап қалу және мейлінше ұзағырақ созу. Бұл тұрғыда ол табиғи эволюцияға да, саяси эволюция заңына да қарсы шығып отыр деуге болады. Н.Назарбаевтың саясаткер ретіндегі ең зор қателігі де, қасіреті де – осы. Өйткені, саяси маневр жасауға уақыт тар және адами-моральдық ресурсы да кемшін. Бірақ ол сонда да бұрын-соңды болмаған бір саяси трюк жасауға бел буып отыр және оның сәтті болатынынан үмітті.

Әйтсе де, бәрібір Н.Назарбаевтың дегеніндей болмай тұр. Лайқат адам табылмай тұр. Тіпті осыған дейінгі біраз тірлігі зая болды. Д.Назарбаеваның отставкасы, тасадағы дәмегөй топтардың бой көрсете бастауы – соған дәлел. Дәл қазір Н.Назарбаев тайм-аут алды деуге болады. Соған қарағанда, билік транзиті ұзаққа созылатын түрі бар. Бұл – бір жағы, саяси-демократияшыл оппозиция мен ұлтшыл, мемлекетшіл топтар үшін мұғдар, карт-бланш.

Дариға Назарбаева ақымақтау, тым ұшқалақ, дегбірсіз болып шықты. Соған лайық жазасын алды да. Бейнелеп айтсақ, Н.Назарбаев оның тас төбесінен таяқпен тарс еткізіп қойып қалды десе болады. Бірақ «Ол мемлекеттік хатшы болады екен» деген сыбыс бар. Бұл да негізсіз емес. Өйткені, ол – Н.Назарбаевтың саяси күштерді теңшейтін, қолындағы таразы басын тартатын салмақты кір тасының бірі, тіпті негізгі көзірінің бірі. Оны әрі-бері жылжыту – ол үшін саяси сынақ, сабақ болса, басқа күштерге де абай-қоқай үрей салады. Қазір оны трюмге тастағанмен, су түбіне кетті деуге болмайды, сәті келгенде қайта шығуы күмәнсіз.

Шындығында, жағдай Н.Назарбаев пен оның командасының ойлағанынан да күрделі болып шықты. Оның бір себебі – өзінің қартаюы, денсаулығының сыр беруі. Бұл бір жағы, процесті шапшаңдатса, екіншіден, кейбір позициясы әлсіз, алакөңіл, үрегей топтар солқылдап, айни бастайды. Сырткөзге тұтас, сүттей ұйып отырғандай көрінгенмен, саяси элита – монолит емес, керісінше, алауыз, тіпті қырғиқабақ, алакөз. Олардың бәрінің бірдей аузын алып, тілін табу қиын, тым қымбатқа түсетін түрі бар. Ал кетеуі кетіп, бордай тозып тұрған жүйені жамап-жасқау – мұхиттың ортасында тесік қайықты бітегенмен бірдей әуре.
Ең жаманы – сол тесік қайықта қазақтың қайғысыз, қамсыз отырғаны...

P.S.
Посттың жалғасы бар. Өкіметтегі кадрлық ауыс-түйіс, заңдар мен президенттің мәлімдемелері, жалпы мамыр айында болған оқиғаларға шолу жасап, ой-пікірімді жазуға тырысамын.

Бақытжан Қосбармақов,

Facebook парақшасынан

Ілмек сөздер: Дариға Назарбаева

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір