Петропавлда бірнеше жыл бойы базар саудагерлерінен «Орыс әлемі» үшін ақша жиналып келген

/uploads/thumbnail/20170709003023014_small.jpg

Петропавлдың орталық базарындағы саудагерлерден «Орыс әлемін» қаржыландыру үшін ақша жиналған, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Бұл туралы саудагерлер Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер мен тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығы мен қалалық мемлекеттік мүлік департаменті сынды органдарға шағымданғаннан соң барып қана белгілі болып отыр.

Облыстық кәсіпкерлер мен тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының төрағасы Надежда Дубованың айтуынша, оған орталық базардағы саудагерлер шағымданған. Олармен кездесуге барған төрағаны базар күзетшілері кіргізбей, тосқауыл жасаған. Н. Дубова осы келеңсіздік туралы қалалық прокуратураға арыз дайындап қойыпты. Алайда, қауымдастық басшысының айтуынша, күзетшілермен болған кикілжің бұл даудың басы ғана көрінеді.

«Базардағы ашық сауда қатарларын базар әкімшілігі жабық павильондаоға алмастыратын кезде саудагерлерден 600 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін ақша жиналған. Алайда, ешкімге ол павильондардың меншік құқығын растайтын құжаттар берілмеген. Қауымдастыққа да осы мәселеге байланысты шағым түсті. 23 сәуір күні саудагерлер мені осы мәселені ақылдасуға шақырған болатын», - дейді ол.

Н. Дубованың айтуынша базар бір кездері Қазақстандағы казак ұйымдарының жетекшісі Юрий Захаровқа тиесілі болған. Бірақ, кейін сауда орны бірнеше адамның атына жазылып, оның есімі ұмыт болған. Қазір базар директоры Еділ Жалимов деген азамат болғанымен, бутиктерді жалға алушылар Максим Вагнер деген жеке кәсіпкермен келісім-шартқа отырған көрінеді.

2015 жылдың ақпанында қала басшылығы мен прокуратура мамандары базар әкімшілігіне саудагерлерге бутиктерге меншік құқығын беретін құжаттарды ұсынуды міндеттеген. Алайда, аз уақыт өткен соң жалға алу құқығын беретін құжат тапсырылған.

Бұл түсініксіз құжатқа риза болмаған кәсіпкерлер мемлекеттік кіріс департаментіне шағымданып, онда өздері базар әкімшілігіне қыруар қаржы төлеп, алайда ешқандай растаушы құжатқа қол жеткізе алмай отырғандықтарын айтқан. Осы жерде біреулердің ақшаны базар әкімшілігіне бергені, енді біреулердің әкімшілік ұсынған реквизиттер бойынша банктік аударым жасағаны белгілі болады. Осы тұста базардағы саудагерлерден «Орыс әлемін» қолдау үшін қаржы жиналғаны анықталып отыр.

Саудагер Айнұр Әлібекова кіріс департаментіне жазған хатында 2014 жылы сәуір айында 1 760 мың теңгеге бутик алғанын, оның ақшасын «Русский мир» ЖШС-ның атына көрсетілген есеп-шотқа «ҚАЙТАРЫМСЫЗ МАТЕРИАЛДЫҚ КӨМЕК» деген негіздемемен аударғанын, алайда, қолына бутикке меншік құқығын беретін ешқандай құжат берілмегенін жазған.  

Ал, кәсіпкерлер құқығын қорғаушы ұйым өкілдері Солтүстік Қазақстан облысы аумағында мұндай ЖШС-нің тіркелмегенін анықтаған. Кәсіпкерлер болса, өз қолдарымен қыруар қаржыны «Русский мир» ұйымының шотына қайтарымсыз көмек деген төлем тапсырысымен аударып келген...

Дархан Мұқантегі

Связанные Статьи