Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен 4 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған кеңес өткізді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Оған орталық мемлекеттік орган басшылары, облыс әкімдері, Астана және Алматы қалаларының әкімдері қатысты.
Жиында мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне баға берді.
«Біз жұмыссыздықтың өсуіне жол бермедік. Оның көрсеткішін бұрынғы 5 пайыздық деңгейде сақтап қалдық. Бюджеттік кірістердің кемуіне қарамастан барлық мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді сақтап қалу туралы тапсырма берген болатынмын. Халықтың әл-ауқатын төмендетуге болмайды. Бұл – барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың негізгі міндеті. Осы жылы біз білім саласындағы бюджеттік қызметкерлердің еңбекақысын 29 пайызға, денсаулық сақту саласындағы жұмысшылардың жалақысын 28 пайызға, басқа салалардағылардікін 40 пайызға өсірдік. Шәкіртақы көлемі, мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақылар да 25 пайызға артты. Мұның барлығы дағдарысқа қарсы іс-қимылдардың нәтижесі», - деп атап өтті Елбасы.
Елбасы жиында жер реформасы жөніндегі түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуді тапсырды. «Жер реформасы жөніндегі комиссия сәйкес заңнаманы жетілдіру бойынша келісілген ұстанымды жасап шығуы тиіс», - деді Н. Назарбаев.
«Біз бірлігі берекелі елдің ырысы мол боларын білеміз. Бірлігі болмағандықтан, берекесі кеткен, неше жылдық еңбегі зая болып, дамуы кері қашқан қаншама елдер бар. Біз солардың қателігін қайталап, жұрттың табасына қалмауға тиіспіз. Әлем алдында ұятқа қалмай, күрделі мәселені сындарлы сұхбатпен шеше алатынымызды паш ете білуіміз керек. Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейлі белесі. Осы кезеңде бізге сырттан көз тігіп, сынай қарап отырғандар көп», - деді Назарбаев.
Сонымен қатар, Президент мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру тақырыбын қозғады.
«Бизнестің жол картасы – 2020» жобаларына арналған инфрақұрылымның құрылысына бөлінген қаражат игерілмеді. Биылғы 4 ай ішінде «Нұрлы жол» аясында бөлінген жылдық бюджеттің 8 пайызы ғана игерілген», - деді Назарбаев.
Оның айтуынша, 121 жоба тұрақтап тұр, 13 жоба проблемалық ретінде қарастырылмады. Енгізілген кәсіпорындардың барлығы жобалық қуатқа ие бола алмады. Оларды экономикамыздың қазіргі жағдайы қолдады.
Ол индустриализацияның алты жылының қорытындысы бойынша барлық өңірде шамамен 900 кәсіпорынның іске қосылғанын айтты. Негізге капиталға құйылған инвестициялар 15 пайызға өсті. Елдің 9 өңірінде өндіріс көлемінің өсімі қамтамасыз етілді.
Жиында облыс басшыларына жер реформасына қатысты жұмыстарды жан-жақты түсіндіру және Тәуелсіздіктің 25 жылдығында елдің біртұтастығы мен дамуын әлемге паш етудің маңызы туралы баса айтты.