Астана қаласында 14 мамыр күні Кәсіпқой бокс кеші өткені белгілі. Diamond Ring промоутерлік компаниясы өткізген кеште Грузия, Өзбекстан, Украина, Белорусия мен Қазақстан сынды бес елдің боксшылары жұдырықтасты. Қазақстан атынан Айдар Шәрібаев, Бекман Сойлыбаев, Берікбай Нұрымбетов, Елдос Сарқұлов сынды кәсіпқой боксшылар шаршы алаңға шыққан еді. Сол кеште өзінің кәсіпқой бокстағы екінші кездесуін өткізіп, Грузия боксшысы Рубен Мовсесянды жеңген Айдар Шәрібаев «Қамшы» порталына қысқаша сұхбат берген болатын.
-Жеңісің құтты болсын, Айдар! Көңіл-күй қалай?
-Көңіл-күй жақсы. Астанадан Алматыға енді жетіп жатырмын. Құттықтауыңызға рақмет.
-Кешегі жекпе-жек туралы айта отырсаң.
-Ол жекпе-жек жалғыз мен қатысқан шара емес, үокен бокс кеші болды. Өзім жаттығатын Diamond Ring промоутерлік компаниясы ұйымдастырған Кәсіпқой бокс кешіне бес елден боксшылар келді. Кеш барысында барлығы 8 кездесу өтті. Онда WBC Eurasia Pacific нұсқасы бойынша чемпиондық титулы сарапқа салынды.

- Бұл кездесуге қалай шықтың? Кім ұсыныс тастады?
- Бұл менің кәсіби алаңдағы екінші кездесуім болса, Diamond Ring атынан шыққан алғашқы жекпе-жегім екенін, осы ретте промоутерлік компания жетекшілеріне, әріптес ағаларыма алғысымды білдіремін.

«Diamond ring» промоутерлік компаниясын бұрын сырттай естіп, біліп жүретінмін. Атқарып жатқан жұмыстары ұнайтын. Өзім Алматыда жаттығып жүргенмін. Бір күні осы компанияның жаттықтырушысы Дәурен Жолдасов ағамыз хабарласып, өзімді 14 мамыр күні өтетін жекпе-жек кешінде тексеріп көруімді ұсынды. Екеуміз бұрыннан таныс болатынбыз. Біраз боксшыларды баптаған, өз ісінің қас маманы. Қуана келісіп, бірден Астанаға құстай ұштым. Шынын айтсам, бұл – маған беріліп отырған үлкен мүмкіндік.

-Кеше сенен жеңіліс тапқан боксшы туралы да айта отырсаң...
- Қарсыласым – Рубен Мовсисян. Грузиядан болғанымен, ұлты армян екен. Өте тәжірибелі боксшы көрінеді. Кәсіпқой бокста 36 жекпе-жек өткізгенінен хабардармын. Оның 21-інде жеңіске жетіп, 16-сын нокаутпен аяқтағанын білемін. Ал, біз кәсіпқой бокс әлеміне енді ғана қадам басып келе жатырмыз дегендей. Сондықтан, бұйыртса талай жеңіс әлі алда деп ойлаймын.
-Кешегі кездесуде шаршы алаңға «Дүр Қамшы» әнінің сүйемелдеуімен шыққан екенсің. Бұл әнді таңдауыңа не себеп болды?
-«Дүр Қамшыны» әлеуметтік желілердің бірінен құлағым шалып қалды. Рухты ән екенін, қазақтың терең тарихын, бүгінгі болмысын ашатын шығарма екенін бірден аңғардым. Содан арнайы іздеп жүріп, ән авторларына шықтым. Бокс кешінде сөйтіп, «Дүр Қамшыны» өзім қойғыздым.
- Өзің айтқандай, бұл кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегің болды. Алғашқы айқас қалай өткені есіңде ме?
- Әрине, есімде. Менің кәсіпқой боксқа ойысуыма бірден-бір себепкер болған адам – бар қазақтың мақтанышы Қанат Ислам ағам. Екеуміз жақсы араласамыз. Бір күні хабарласып, алдағы айқасына дайындалып жатқанын, соған спарринг-серіктес іздеп жүргенін айтты да, мені де өзімен бірге Майамиге шақырды. Ол жақта біраз жаттыққан соң Доминикан елінде өткен жекпе-жек кешіне қатысып, жергілікті боксшыны үшінші раундта нокаутпен жеңгенмін.
-Бокстан біраз қол үзіп қалған да кездер болыпты. Ол мына кездесуде кесірін тигізбеді ме?
- Отбасылық жағдайлар әсер етіп, бокстан аз-кем қол үзіп қалған кездер де болды. Оның үстіне, Қазақстаннан жақсы, сенімді промоутерлік компания табылмай, біраз жүріп қалдым. Ал шетелдік промоутерлермен жұмыс жасағым келген жоқ. Бәлкім, тағдыр менің «Diamond ring ке» қосылғанымды қалаған шығар. Енді маған сенім артып, мүмкіндік беріп отырған азаматтардың үміттерін ақтауға тырысамын.
- Сұхбаттсақаныңа рақмет. Оқырмандар атынан біз де зор жеңістер тілейміз!
-Рақмет.
Ескерту: Астанада өткен бокс кешіндегі жекпе-жектердің видеосын мына сілтеме бойынша көре аласыздар.
Сұхбаттасқан: Ерлан Төлеубай