Қазақстандық құқықорғаушы Абзал Құспан Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің атына ашық хат жолдады, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Абзал Құспан бұл ашық хатын өзінің елімізде өзекті күйінде қалып отырған Жер реформасына алаңдаушылығымен түсіндіреді.
«Елдің бәрі қамалып, берісі прокурордың қолынан ескерту қағаз алып дегендей мәре-сәре. Ал, бізге ешкімнің көңіл бөлетін түрі жоқ. Аздап қобалжи бастадым, ертең балаларым "Әке Сіз жер үшін не істеп едіңіз?" -десе, не деймін?», - дейді заңгер.
Батыс Қазақстан облысының
әкімі А.Көлгіновке
Қоғамдық келісім комиссиясына
Қазақстан Республикасының азаматы,
Адвокат, БҚО адвокаттар алқасының мүшесі
А.Т.Құспаннан
А Ш Ы Қ Х А Т
Сізге осы ашық хатты ұсына отырып, жерге қатысты мына мәселелерге назар аударуды сұраймын:
Қазіргі уақытта мемлекеттік БАҚ арқылы, билікке жақын тұлғалардың (ақсақалдар, жер пайдаланушылар, мұғалімдер т.б.) жерді шетелдіктерге жалға беруді қолдайтыны туралы пікірлері берілуде, ал мемлекеттік биліктің барлық аппараты халыққа жерді жалға берудің пайдасы туралы насихаттауда.
Алайда, халықтың басым көпшілігі жерді шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруге ашық қарсылық білдіріп отыр. Оған себеп – жерді жалға берудің экономикалық тиімділігі немесе тиімсіздігі емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі! Және халықтың бұл қаупін орынсыз деп айта алмаймын. Өкінішке орай, мемлекеттік БАҚ арқылы сөйлеу «құрметіне ие болған» таңдаулы топ мәселенің бұл жағы туралы ләм-мим деп ауыз ашпайды.
Сол себепті мен заңгер ретінде, Сізге қолданыстағы заң нормалары арқылы халықтың қаупі қаншалықты орынды екендігі жайлы өз пікірімді жеткізгім келеді, атап айтқанда;
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 24 бабы, 1 бөлігіне сәйкес, нақты былай делінген:
«Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін
жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады». Аталған заң нормасы Президенттің мораторийіне дейін, үстіміздегі жылдың 1 шілдесінде күшіне енуі тиіс болатын.
Енді шетелдік азамат немесе компания, шартты түрде Қытай елінен делік, жерді жалға алу арқылы елімізге 25 жылға келді дейік. 25 жыл аз уақыт емес, ширек ғасыр. Ол уақыт ішінде, келген қытайлық азаматтар қазақтың жесір әйелдеріне немесе отырып қалған қыздарына үйленіп, балалы-шағалы болып үлгеретіні сөзсіз.
Ар жағында, қолданыстағы «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» ҚР Заңы «іске қосылады». Мысалы, аталған Заңның 16-бабына сәйкес (сөзбе сөз), Қазақстан Республикасының азаматтығына:
«Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданатын болады» – делінген.
Немесе, тіпті келген қытайлықтың өзі әртүрлі себеппен Қазақстан азаматтығын ала алмаған жағдайдың өзінде, Заңның 12-бабында былай делінген (сөзбе-сөз);
«Ата-анасының азаматтығы әртүрлі болып, бала туған кезде олардың біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болған жағдайда бала:
1) Қазақстан Республикасының территориясында туса;
2) Қазақстан Республикасынан тыс жерде туса, бірақ, ата-анасының немесе олардың біреуінің бұл кезде Қазақстан Республикасы территориясында тұрақты тұрғылықты жері болса, ол Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.
Бала туған кезде ата-анасының біреуі Қазақстан Республикасы азаматтығында болып, ал екіншісі азаматтығы жоқ адам болса, не оның азаматтығы белгісіз болса, бала қай жерде туғанына қарамастан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.
(аталған нормалар Заңға 24.11.2015 № 421-V Заңымен енгізіліп отыр!).
Яғни, бұдан шығатын бір ғана қорытынды бар – қазіргі кезде, ауылшарушылық жері азып-тозып, халқы аштыққа ұрынғалы отырған Қытай еліне біз еш кедергісіз, заңды түрде, Қазақстанға топтасып келуіне және еш кедергісіз, заңды түрде Қазақстан азаматы болуларына жағдай туғызып отырмыз! Жоқ әлде менің және көпшіліктің бұл пікіріне айтар уәждеріңіз бар ма?
Осы мәселені, ресми БАҚ көрінеу жарияламай отыр. Ондай жағдайда, халық митингіге шықпаса, өз ойларын мемлекеттің жоғарғы билік органдарына қалай жеткізе алмақ? Оралдан Ашығалиевті Астанадағы жиынға комиссия мүшесі қылып жіберген екенсіздер. Ашығалиевтің облыстағы ең ірі шаруашылық басшысы, латифундист, одан қала берді күні кешеге дейін жергілікті атқарушы билікте болған адам екендігін Оралдықтар жақсы біледі. Ол халықтың емес, биліктің сөзін сөйлеп, шашбауын көтереді деген күдік күшті.
Облыс басшысы ретінде Сізге және халықпен екі арада алтын көпірге айналуы тиіс қоғамдық келісім комиссиясына нақты ұсынысым – көпшіліктің пікірін ресми БАҚ-та жариялау мүмкін болмаса, онда 21 мамыр күні халыққа бейбіт шеруге шығуға рұқсат беріңіздер, ол жерде біреудің басын жарып, көзін шығарайын деп жүрген ешкімде жоқ. Сонымен қатар, әртүрлі желеумен шеруді ұйымдастырушы азаматтарға жасалып жатқан қылмыстық, әкімшілік қудалаудың дереу тоқтағаны абзал болар еді. Олардың «қылмыстары» туралы құқық қорғау органдары қандай дәлел-дәйек жинаса да, мәселенің жерге қатысты екендігі онсыз да белгілі. Халық үшін олар бәрібір жер қорғаған батыр болып қала бермек.
Одан соң, 21 күні шеру өтсін, мейлі өтпесін, кейінде өмір тоқтап қалмай, жалғасады. Сондықтан, көпшіліктің пікірі ретінде жер Кодексінде, азаматтық туралы Заңды да өзгерту қажеттігі туралы мәселені Астанаға жеткізу жағын қарастыруды, сонымен қатар, ресми БАҚ-на біржақты пікірлерді топтастыра бермей, біз сияқтыларға де тең жағдай туғызсаңыз, теңіздің тыншуына сәл де болса әсері тиері сөзсіз.
Құрметпен, А.Т.Құспан