Жаңадан құрылған Ақпарат және коммуникация министрлігінің басшысы Дәурен Абаев Фейсбук әлеуметтік желісінен өз аккаунтын ашты, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Өз парашасындағы алғашқы жазбасында министр Фейсбуктың азаматтық белсенділіктің айнасына айналып отырғанын айтқан.
«Қымбатты достар! Фейсбуктен жеке парақша ашқаным, әрине, менің жұмысыммен байланысты болып отыр. Бүгінде фейсбук-қауымдастық қазақстандықтардың азаматтық белсенділігінің айнасына айналды. Біздің өміріміздегі өзекті де өткір мәселелер осында талқыланады. Мен сіздермен тұрақты байланыста бола отырып қана қоғам тынысының тамырын басып отыруға болатынына сенімдімін», - деп жазды Дәурен Абаев.

Сондай-ақ, министр қазіргі таңда жаңа министрліктің ұйымдастыру мәселелерімен айналысып жатқанын, жақын күндері өз жоспарларымен бөлісіп, ұсыныстар мен идеяларды қарастыра бастайтынын жазған.
Естеріңізге салсақ, Дәурен Абаев 6 мамыр күні жаңадан құрылған Ақпарат және коммуникация министрлігінің басшысы болып тағайындалған болатын.