Медициналық қалдықтар тиісті жолмен жойылу орнына Алматы сыртына төгілуде (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170709013424230_small.jpg

Медициналық мекемелерден шығатын қауіпті қалдықтар заң бойынша арнайы орындарда залалсыздандырылуы керек. Алматы қаласында осы қауіпті қалдықтарды залалсыздандыру жұмысы лайықты деңгейде жүргізілмейтін сияқты. Оның анық-қанығын 31-арнадағы «Сөздің шыны керек» бағдарламасы анықтапты. Бұл туралы Qamshy.kz хабарлайды.

Медициналық мекемелерден шығарылатын қалдықтардың бұлай шашылып жатуы қаншалықты қауіпті?

Заңсыздықтың үстінен түскен тілшілерге қандай қысым көрсетілді?

13 мамыр. 2016 жыл. Сағат түскі 13.30. Алматыдағы Көз аурулары институтынан шығарылатын медициналық қалдықтар мына көк көлікке тиеліп жатыр. Анау сары қораптарға  медициналық тілмен айтқанда, Б класты медқалдықтар салынған. Б дәрежелі медициналық қалдықтардың қандай болатынынын арнайы мамандардан сұрадық.

БАЯНСҰЛУ ТАБИНОВА, Эпидемиолог-дәрігер:

- Б класы болса, су өтпейтін, тесіліп кетпейтін, сары түстегі қораптарға салады. Ол эпидемиологиялық қауіпті қалдықтар. Онда хирургиялық кабинеттен шығарылған материалдар, қолданылған мақталы тампондар, екпе құралдары, инелер, пайдаланылған медициналық құтылар болады.

Көк көліктің соңынан неге жүрміз? Алдымен осы сауалға жауап берсек. Бізге Алматы облысына қарасты, Іле ауданы, Қараой ауылының тұрғындары хабарласты. Алматыдағы медициналық мекемелерден шығарылатын қалдықтарды дәл өз территорияларына төгілетінін байқап қалған ел, денсаулықтары үшін алаңдаулы. Міне, медқалдықтар салынған көк көлік қалалық № 23 емханаға келді. Ол жерден медқораптарды басып алып,  Қалқаман ықшамауданында орналасқан №1 қалалық ауруханаға келді. Ол жерден де медициналық қалдықтарды басып алып, қала аумағынан шығатын жолға қарай бағыт алды...

Көлік жүргізушісі жолай тамақтанып, біздер оны күткенше,  қараңғылық та түсті. Тұрғындардың айтқанындай, Қараой ауылына қарай бағыт алған көліктің ізінен қалмай біз де келе жатқанбыз. Алайда,  бізге аты-жөні белгісіз шаруа қожалығының аумағына қарай кірер жолда, көліктен көз жазып қалдық. Тұрғындар айтқан аумаққа барып, алдымен шаруа қожалығы өкілдерінен ары-бері өткен көлікті байқамады ма деп сұрағанбыз. Әрине,  медициналық қалдықтарға қатысты да сұрадық. Бірақ мардымды жауап болмады...

Шаруа қожалығының өкілі:

Рас па төгетіні? - Жоқ, о жағын білмедім. Ары-бері өткен машиналарды қадағалай аласыз ба?  Мына жақ сіздің территория ма? - Білмеймін қонаққа келгенмін.

Алайда, бұл кісінің осы маңайды күзетіп жүретінін бізге тұрғындар ескерткен-ді. Сол себепті түнгі екілдердің кезінде бұл маңға қайта келдік. Айналасы қоршалмаған аумаққа жақындағанда, түтіннің иісі сезілді. Қаупіміз расталды.

Сары түсті шелектер, қан қалдықтары қалған құтылар, екпе құралдары көз алдымызда жанып жатты. Мұнда біз үшін түсініксіз көп медициналық қалдықтар жатыр. Сыртындағы жазуына қарап, қай мекемеге тиесілі екенін түсіндік. Қалдықтың тең жартысы қораптарынан шығарылмаған күйі шұңқырдың ішіне лақтырылыпты.

ИРИНА СОВЕТЖАНҚЫЗЫ, Тілші:

Мына жерді дәл қазір ғана өртеп үлгерді. Біз артынан қуып жеткенше, заттардың бәрін төгіп үлгеріпті. Міне, адамның қаны...

БАЯНСҰЛУ ТАБИНОВА, Эпидемиолог-дәрігер:

- Медициналық құтыларда қан қалдықтары және ол жұқпалы науқастардан алынған материалдар болуы мүмкін. Өйткені, б және в класындағы медқалдықтарда, әсіресе құтылардағы қалдықтардың жұқпалы аурумен ауыратын науқасқа тиесілі болуы әбден мүмкін. Сондықтан оның айналасына өте жаман әсер етуі мүмкін.

Ал дәл осы жерге жақын орналасқан мына шағын ауылда Ақши елдімекеніне таза ауыз су жіберетін мекеменің қызметкерлері тұрады екен. Өздеріне жағымсыз иіс келетінін айтқан тұрғындар, бірақ ол иістің бірақ қайдан келетінінен хабарсыз. 

ДАХАН МЕРЕКЕЕВА, Қарой ауылының тұрғыны:

- Жағымсыз иіс келеді, бірақ ненікі екенін білмейсіз иә? - Иә, енді ондай болады ғой. Жел болады, жел соқса, мына жақтан білеміз. Ненің иісі екенін ажырата алмайсыз - Енді біз...

ЕРЛАН ОТАРОВ, "Қарой" ауылының тұрғыны:

- Азанғы уақыттарда ерте иіс келеді. Түнде келе ме? Мысалы олар түнде жақты. Шығады ғой иіс.

Түнімен аңдып, көзіміз жеткен ақпаратты тұрғындармен бөлісу үшін, мұнда ертеңінде тағы келгенбіз. Қай жерде жанып жатқанын көрсету үшін, бір кісіні көлігімізге отырғызып, кешегі түні қалдықтар жанып жатқан жерге алып бардық. Өртенген қалдықтарды өз көзімен көрген тұрғындар бізге сұқбат беріп, үлгермей жатып, кеше түнде осы жердің қонағымын деген кісі, атына мініп, біздерді таптап кете жаздады.

Қарой ауылының тұрғыны:

- Мынау сұмдық, мына жерде тұрамыз жақын жерде. Еще питьевой су жібереміз.

Аттылы кісі алдымен камерамызға жүгірді, қамшысын сабалап, шаппақ болды. Сөз түсінбесін білгендіктен біз де көлігімізге жүгірдік.

Әупірімдеп, қашып үлгердік. Жолсызбен жүреміз деп, көлігіміз апатқа ұшырай жаздады. Артынан белгілі болғандай, алдыңғы терезе шытынап, көлігіміз көп бүлініпті. Кеше түнде өзін осы жердің қонағымын деп таныстырып, бүгін бұзақылыққа барған азаматтың ісінде қандай қылмыстың барын - қазір құзырлы орган қызметкерлері анықтап жатыр. Ал, біз өзіміз куә болған медициналық мекемелердің, медициналық қалдықтарды тасымалдау жұмысы үшін қай компаниямен келісім шартқа отырғанын анықтауға көштік.

ЕРЛАН ҚҰДАБАЕВ, №1 қалалық аурухана Бас дәрігерінің орынбасары:

- "Эгида" медорталығымен мемлекеттік тапсырыс арқылы тендерді олар ұтып алған болатын. Ол үшін біздерде келісім-шарт бар.

Міне, қалалық №1 аурухананың  "Эгида Медициналық орталығы" ЖШС-мен жұмыс істейтіндігін дәлелдейтін құжат. Яғни, мемлекеттік сатып алу арқылы жасалған келісім-шарттың негізінде, медициналық мекеменің өздерінен шығарылатын қалдықтарды ары қарай қалай зарарсыздандырылатынынан хабары болмайды, қадағалап отыруға да міндетті емес. Өйткені, тендерге қатысып, ұтып алған компания өзіне бөлінген қаржымен медқалдықтарды утилизациялау жұмысын өздері атқарады. Мәселен, бұл келісім шарт бойынша, жабдықтаушы деп танылған "Эгида" компаниясына 4 миллион 232 мың 400 теңге бөлініпті.

Біз куә болған мына сары түсті шелектегі жазу негізінде Алматыдағы онкодиспансерге тиесілі екенін анықтадық.  Ал, Алматы онкологиялық орталығының мемлекеттік сатып алулар бөліміне хабарласқанымызда, өздерінің "Эгида" ЖШС жұмыс істейтінін айтты. Яғни, мына қалдықтарды дәл осы мекеменің төгуі әбден мүмкін. Көк көліктің соңына түсіп, 23 емхананың қалдықтарын да алып кеткенін көрген едік. Айтылған медмекеменің шаруашылық бөліміндегілер де дәл осы "Эгида" ЖШС жұмыс істейтінін айтты.

"Эгида медорталығы" ЖШС-нің № 1 қалалық ауруханамен жасасқан келісім-шартында мекен-жайы Есенов көшесі 16 үй деп көрсетілген. Бірақ біз медорталықты 15-ші үйден таптық.  Алайда, мұнда тіршілік жоқтай көрінді. Есіктің алдында өзін осы ғимаратқа жауапты кісінің орынбасарымын, медмекеменің әкімшісімін деп таныстырған кісі медициналық қалдықтармен айналысатын қызметкерлердің қайда отыратынынан да хабарсыз.

"Эгида" медициналық орталығының өкілі:

- "Отходтармен" айналысатын адамдар осында отырмайды. Біз оларды қайдан табамыз? Мен білмеймін!

Айта кету керек, дәл осы мәселемен қазір бірнеше ауданның құзырлы орган қызметкерлерінің айналысып жатқанынан хабардармыз. Бірақ тергеу ісіне байланысты, бізге нақты ақпарат алу мүмкін болмады. Ал адам денсаулығына жауапты мамандар болса,  Б дәрежелі медициналық қалдықтың орасан зор қаупі барын айтып жатыр.

БАҚЫТ ТҮМЕНОВА, "Аман саулық" қорының төрайымы:

- Инфекция болуы мүмкін, ірің аққан неше түрлі биоматериалдар. Сондықтан өздерінің приказдары бар, сол бойынша обработкадан өткізу керек!

ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 24 ақпандағы № 127 бұйрығы бойынша, Б және В дәрежелі медициналық қалдықтарды арнайы бекітілмеген орындарда өртеуге тыйым салынған. Сондықтан түбінен бүтіндей бір ауыл ауызсу ішіп отырған жерде ішінде жұқпалы ауру вакциналары болуы мүмкін аса қауіпті қалдықтардың төгіліп, өртелуі қылмыс болып саналуы тиіс! Мемлекет бұл іске тендер арқылы  миллиондаған қаржы бөлгенде, елді улап, пайдасын көріңдер демеген шығар. Сондықтан қалдықты төккен де, төккізген де, бейбіт елді неге улап жатқанын білуге барған  тілшілерге қамшысын ала жүгіріп, соққыға жықпақ болған, қолынан келсе, камерасын сындырмақ болған азамат та жауапқа тартылуы тиіс! Айта кету керек, дәл осы іс қазір Іле аудандық прокуратурасының да назарында. Біз де бұл тақырыпқа тағы да оралатын боламыз.

Связанные Статьи