АЛМАТЫ ПОЛИЦИЯСЫ АРАНДАТУҒА КІРІСТІ МЕ?

/uploads/thumbnail/20170709013455559_small.jpg

Бүгін әлеуметтік желілер мен кей ақпарат құралдары Алматыдағы Республика және «Астана» алаңдары жанындағы үйлердің ауласынан бензин және басқа да жанғыш сұйықтықтар құйылған ыдыстар мен арматура бөліктері, темір таяқтар табылғаны туралы жазуда. Таңертең полиция алаң маңын қоршап, онда қауіпті заттарды іздеуге кіріскен. Түс кезінде қалалық ІІД баспасөз қызметі ақпарат құралдарына хабарлама жолдап, Алмалы және Медеу ауданындағы пәтерлерден Макаров, ТТ үлгісіндегі тапаншалар мен оқ-дәрілердің, төрт бірдей РГД-5 гранатасының, жалпы сомасы 5 миллион теңге болатын ақша тәркіленгені, күдікті ретінде бес адамның ұсталғаны туралы мәлімет таратты. Бұл туралы Qamshy.kz хабарлайды.

Осы орайда күдік туғызатын бір жайт, алаң айналасындағы табылған заттардың суреті мен оқиға орнындағы полиция органдарының жұмысы әлеуметтік желілерде ІІД таратқан ресми хабарламадан бұрын жарияланып жатыр. Естеріңізге салсақ, наурыз айында ІІМ Қ. Қасымов тергеу органдары мен бірқатар полиция құрылымдарының қызметкерлеріне смартфондар мен суретке түсіру, интернетке қосылу мүмкіндігі бар байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салынғанын мәлімдеген болатын. Олай болса, полиция мен басқа да қызметтер жүргізген арнайы операция туралы мәліметтер, табылған заттардың фотосуреттері әлеуметтік желіге қалай тез тарап кетті? Бұл сұраққа жақын күндері прокуратура, басқа да органдар жауап бере жатар деген үміттеміз.

Алматылық полицейлердің бұл «тапқырлығын» желі қолданушылары мен қоғам белсенділері түрліше бағалауда. Біреулер мұны «Жер мәселесі төңірегіндегі ахуалды пайдаланып, ел ішіндегі тұрақтылықты шайқалтуға, заңсыз әрекеттер жасауға әзірліктің көрінісі» десе, енді біреулер «Әншейінде жоғалған телефонды таба алмайтын полицейлердің мына белсенділігіне қайран қалдық» деп, құқыққорғаушылар мен арнайы қызмет өкілдерінің бұл операциясына күдікпен қарауда. «Мұны белгілі бір күштер елді митингке шығу райынан қайтару, жер мәселесінде белсенділік танытып жүрген азаматтырға сес көрсету мақсатында арнайы ұйымдастырып отыр» дегенге саятын ондай пікірлерді әзірге жоққа шығара алмаймыз.

«Қамшы» порталы алматылық полицейлер тапқан жанғыш заттар мен суық қаруларға қатысты жер мәселесі төңірегінде өз ойларын батыл айтып жүрген бірқатар азаматтардың пікірін білген болатын.

Экономист, Үкімет жанындағы жер реформасы жөніндегі комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан Алматы алаңы айналасынан мұндай заттардың табылуын арандату әрекеті деп бағалап отыр.

«Мен бүгін жарияланып жатқан мына мәліметтерге сенбеймін. Бұл елдегі қоғамдық-саяси жағдайды ушықтыруға бағытталған әлдебір топтар мен күштердің арандатуы болуы мүмкін. Халықтың жер мәселесіне алаңдап, Үкіметке наразылық танытуы халық осындай қару-жарақпен алаңға шығады дегенді білдірмейді. Жанғыш заттар, суық қару қолдану біздің саяси санамызға, халқымыздың мәдениеті мен таным-түсінігіне жат қылық. Мен мұны осыған дейін көрсетіліп келе жатқан «Еуразия» арнасының арандату пиғылындағы хабарлары секілді әрекет деп бағалаймын», - дейді Мұхтар Тайжан.

Алматы алаңдарының жанынан табылған заттарға қатысты құқыққорғаушы, бұған дейін өзі де бірнеше мәрте қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тартылған Ермек Нарымбаев та пікір білдірді.

«Бұл ана «150 доллар» хикаясын дәлелдеуге тырысушылардың әрекеті. Фальсификация. Арнайы органдар мен кейбір күштер мұны қасақана ұйымдастыруы мүмкін. Енді кешке телеарналар мұны жерден жеті қоян тапқандай көрсетіп, халықты үрейлендіру үшін пайдаланатын болады», - дейді Ермек Нарымбаев.

Журналист, баспагер Жарылқап Қалыбай да бұл оқиғаға күмәнмен қарайтынын айтып отыр.

«Біздің биліктің 25 жылғы саясаты жасандылық пен көзбояушылықтан тұрады. Ертең ел Тәуелсіздік алаңына бармас үшін және ол жерге ертең әскер төгіп, елді жібермес үшін жасалып жатқан лас шаралар болуы мүмкін. Сайлауларда қалай дауыстар ұрланып жатқанына, мемлекеттік байлықтар қалай талан-таражға түсіп, xалықтан тыққан ақшалар офшордан шығып жатқанына, құқық қорғау қызметкерлері мен шенеуніктердің қандай парақор, жемқор екеніне әбден көзіміз жетті», - дейді Жарылқап Қалыбай мырза.

Бұған дейін елге танымал саясаттанушы, ҚР Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының басшысы Ерлан Қарин елдегі қалыптасқан жағдайды тұрақсыздандыруға тырысушы күштердің болуы мүмкіндігін айтып, «Еуразия» арнасында таралып жатқан хабарларға қатысты пікірін білдірген еді.

«Ол материал («Еуразия» арнасының хабары – ред.) қоғам тарапынан қарсылық туғызды. Не үшін? Өйткені, тараптардың өзара күресінің мұндай түрі қазақстандық саясатқа тән емес. Біздің саясатта да өзінің жіке бөліну, топқа, түрлі лагерьлерге бөліну сипаты бар, әрине. Бірақ, «біз» және «жау» деп бөліну, баррикадалық ойлау жоқ. «Окоптық» сана туралы мүлдем әңгіме жоқ. Ал, мына материал біздің қоғамдағы жер дауын «ғаламдық қайшылықтар» ретінде түсіндіруге тырысты. Сондықтан, қоғамның қарсылығына тап болды. (...) Біз бұлай сөйлемейміз, тіпті, бұлай ешкімді сынамаймыз да. Сондықтан да, бұл материал – кәсіби тұрғыдан сапасыз ғана емес, этикалық жағынан да қате, идеологиялық тұрғыдан қауіпті және мәдениетімізге жат», - деген болатын Ерлан Қарин.

Қалай болғанда да алматылық полицейлердің бүгінгі әбігері тек өздерін ғана әурелейтін сияқты. Өйткені, сыни бағыттағы саяси ұстанымдарға ие белсенділер наразылық шараларына қару алып шықпақшы болған дегенге қазіргі таңда ешкімнің сене қоятын түрі көрінбейді.

Дархан Мұқантегі

Связанные Статьи