Алматы полициясы күшейтілген қызметке көшті, - деп хабарлайды Qamshy.kz Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаладағы ішкі істер органдары түгелдей күшейтілген жағдайда қызмет атқаруға көшкен. Қаланың периметрі бойынша блок-посттар нығайтылып, бейнебақылау камераларының мәліметтері талдануда.
«Сонымен қатар, мегаполис аумағында құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қосымша іс-шаралар жүргізілуде», - делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сондай-ақ, бүгін таңертең заңсыз қару сақтады деген күдікпен ұсталған бес азаматтың екеуі Алматы қаласының, екеуі Алматы облысының, енді бірі Павлодар облысының тұрғыны екені хабарланды. Олар қазір Алматы қаласы ІІД-нің тергеу изоляторына қамалған. Полиция ұсталғандардың екеуі бұрын есірткі сақтау, кісі зорлау және ұрлық жасау фактілері бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын анықтап отыр.
Естеріңізге салсақ, бүгін алматылық құқыққорғаушылар Республика және «Астана» алаңының маңындағы аулалардан жанғыш заттар мен темір таяқтар, арматура сынықтарын тапқан болатын. Одан бөлек қаланың екі ауданында пәтерлерге жасырылған ТТ, Макаров тапаншалары мен оқ-дәрілер, бірнеше РГД гранаталары тәркіленген.