Шеттен келген қандастарымыздың да жер сатып алу құқығын шектемеуіміз керек деді «Манат» шаруа қожалығының басшысы Саха Манатов Жер реформасы бойынша комиссияның бүгінгі отырысында, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
«Жердің қадірін тек қана жермен айналысатын азамат біледі. Мені агросаласында жүргеніме біраз жыл болды. Сол себепті жалға берілген жерлерді Қазақстан азаматтарының сатып алуына мүмкіндік беру дұрыс деп есептеймін. Бізге қазір жердің реформасы қажет. Жеке меншік болса, жердің сұранысы артады. Қажеттілігі пайда болады», - деді Манатов.
Сондай-ақ, Қазақстанда тумаған азаматтарға жер сатылмасын дегенге қосылмайтындығын жеткізді.
"Мен өзім Жамбыл облысының тұрғынымын, Жамбыл облысында 270 мың қандасымыз тұрады. Яғни, Қазақстанда дүниеге келмеген қазақтар. Сонда біз, 270 мың қандасымыздың құқығын шектейміз бе? Осы мәселені жақсылап қарап, дұрыс шешім қабылдауымыз керек», - деді Саха Манатов.