Жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті отырысында сөз алған Айдос Сарым Қазақстан бойынша 1 млн 100 мың адам 10 соттық жер алу кезегінде тұрғандығын мәлімдеді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
– Ұлттық экономика министрлігінің бізге ұсынған мәліметтеріне көз жүгіртсек қазіргі кезде респиблика бойынша 1 млн 100 мың адам заң шеңберінде тегін берілетін 10 соттық жер алу кезегінде тұр екен. Соның ішінде Алматы қаласының өзінде бұл көрсеткіш 150 мыңнан асады. Демек, жер мәселесінде халықтың алаңдайтын жөні бар. Елдің бәрі де 10 соттық жерге ие болғысы келеді. Ал енді жер сатылатын болса, ондай мүмкіндік болмай қала ма деген қауіп бар ел ішінде. Мәселен, жеке өз басымның жалпы жердің сатылуына қарсы болмасам да, бүгінгі тұрмыс-тіршілігіміз бен жағдайымызға қарап, бұл ойымнан қауіптенем. Жалпы, біздің қазіргі жағдайымызда бұл мәселені талқылау тиімсіз. Жалпықоғамдық қоғамдық психологиямызды өзгертпей, жер сату жайлы ой қозғау қажетсіз деп санаймын, - деді А.Сарым.