ҚР Президентінің журналистика саласы бойынша сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының және Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегері, философия ғылымдарының кандидаты Болатбек Төлепбергеннің «Ұлттық идея – тәуелсіздік тұғыры» атты кітабының тұсаукесері өткелі жатқан тұста авторды аталған еңбегі турасында сұхбатқа шақырған едік.
- Ел тәуелсіздігін алған жылдардан бері қызу талқыланып келген ең өзекті тақырыптың бірін зерттеуіңізге не себеп болды жалпы?
- Қазіргі қазақтың ұлттық идеясы туралы шынайы әңгіме енді басталған сыңайлы. Шындығында, неге бұлай деп, тарихымыздың өткен-кеткеніне ой жүгіртсек, бір ақиқат алдан шығады. Ол — азаттығымызды алып, бостан өміріміздегі ұлттық идеямызға деген ең жақын, шын жанашыр, басты жауапкер тұлғаларымымыздың сараптамасынан уақыттың тезі басқаша көрініс тапқаны. Нәтижесінде ұлттық идея бояуы қанық шықпайтыны шындыққа жақын. Енді бүгін қарасақ, тастүйін ғаламдану барысындағы қауқар — төлтума болмыс пен ұлттық идея — бәрінен бұрын ұлттық қауіпсіздік екен. Қош делік, ендеше қауіп қаншалықты? Мүның құйтырқылығы сонда — көзге ұрып, көкіректен итеріп емес, байқатпай ғана мысқалдап еніп жатқаны. Осы тұста аталған тақырыпқа шама-шарқымызша өз үлесімізді қоссақ деген ой келген.
- Сауал күлкілі көрінсе де қояиын. Өзі бізге ұлттық идея деген керек пе?
- Пышақ кесті жауап керек! Батыстың басқыншыл пиғылдағы рухани экспансиясына қарсы тұрып, елдің бетін бері бұратын "жедел жәрдем" ұлттық идея ауадай қажеттігі осы тұста білінеді. Оның үстіне кеңес кезінде қазақтық қалпымыздан ажырап қала жаздаған бізге таза ұлттық сананың әлеуметтік қуатының тигізер әсерін айтпаса да түсінікті. Бір ғана мысал, рухани-мәдени жойдасыздықтың қайда апарарын дер уағында аңдаған алпысыншы жылдардағы Еуропа елдерінің американдық шоу басқыншылықты мемлекеттік деңгейде үзілді-кесілді жөнге салып, әзер дегенде тыйғанынан сабак алсақ игі.
- Ал, жақсы. Осы елдің дамуы үшін ұлттық идеяның рөлі қандай?
- Азаттығымызды алып, алақайлаған тоқсаныншы жылдар идеологтарымыздың алдына үлкен міндет артқан еді. Дәл осындай сын сәт, талмауыр тұста ұлттық идеяның атқарар рөлінің орасан екенін Америка кинематографиясы көрсетіп берді. Өткен ғасырдың басындағы АҚШ-тағы дағдарысты жағдайда ұшқыр өнер — кинодан басқаның бәрі қауқарсыз болып қалды. Мың сан ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, асқақ "америка арманына" бастады. Бүгінгі айдарынан жел ескен АҚШ-қа әлгі фактордың тигізген ықпалын ешкім жоққа шығармайды. Яғни, американдықтардың кино өнері халықтың рухын көтеріп, намысын жанып қоймай мемлекеттін айбынды идеологиялық құралына айналды. Қарыштап дамыған қазіргі әлемде алдына жан салмайтын кино өндірісі — соның айғағы. Ал бізде азаттықтан соң аң-таң жұртты абдыратпай алға бастайтын, жігерін шыңдап, кемел келешекке шақыратын көркемдік шешімі келісті талантты туындылар керек еді бізге. Зиялымыз бас болып, тарихшыларымыздың, этнографтарымыздың, т.б. алқалы кеңесімен жүзеге асса деген жанашырлық тілек тұс-тұстан қау берді. Бір нәрсе айқын. Ол — Рабиндранат Тагор айтқандай: "Әрбір ұлттың борышы — әлем алдында өзінің ұлттық болмысын таныта білу. Егер де халық әлем дамуына еш нәрсе қоспаса, онда бұл адамзат тарихында ешқашан да кешірілмес, өлімнен де зор ұлттық қылмыс ретінде қаралуы тиіс".
- Сіз «Ұлттық идеяны-тәуелсіздіктің тұғырына» теңепсіз. Неге бұлай?
- Өз дамуының белгілі бір жетістікті кезеңіне жеткен кез келген ел ұлттық идеясын қалыптастыруға деген қажеттілікті сезінеді. Әлемдік тәжірибе көрсетіп бергендей, ұлттық идея ел дамуының түбегейлі жаңа сатысына көтерілудің орасан зор мақсаты жолындағы қоғам мен мемлекеттің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани және басқа барлық күштерін біріктіру міндеті туындаған тұста пайда болады. Ұлттық идея этностық, діни, мәдени және өзге де қауымдастықпен біріккен адамдар тобының бөлісетін ұжымдық жады, мақсат-мұраттары мен арман-аңсарларының, дүниетанымының, көзқарастары мен құндылықтарының кешенді жиынтығын білдіреді.
Ұлттық идея ел тәуелсіздігінің берік тұғыры. Ұлттық идеясы жоқ елдің тәуелсіздігі тұрлаусыз. Сондықтан тәуелсіздіктің баянды болуының бірден-бір алғышарты мен темірқазығы – ұлттық идея деген тұжырымға келдім.
- Сонымен бізге өзі қандай ұлттық идея қажет?
- Өзінің тәуелсіз дамуының жиырма бес жылдығын атап өткелі отырған Қазақстан үшін де бұл тақырып көкейтестілігімен көзге түсіп тұр. «Ұлттық идея» тіркесінің өзі арнаулы ғылыми әдебиеттермен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында мейлінше кеңінен қолданылып, ақырында қоғамдық санада бекітілді. Дамудың бүгінгі кезеңінде ұлттық идея немесе жалпыұлттық идея қажет пе, қажет болса, оның мәні мен мазмұны қандай болу керек, ол қазақстандық қоғамның әр алуан діни және этностық құрамымен қалайша қиюласады, ұлттық идеяны қалыптастыру керек пе, әлде ол өзі қалыптаса ма, оны орнықтыруда басқа елдің тәжірибесін қабылдау керек пе, әлде өзіндік этномәдени және дәстүрлі әлеуметтік өткеннің тәліміне сүйену керек пе деген мазасыз сұрақтар қазіргі қоғамдық пікірталастың өзегін құрап, шешімін табуды талап ететін аса келелі мәселеге айналып отыр. Бұл тұрғыда мен саралай келе дәл қазіргі уақытта қазақтың бірлігі мен тұтастығы біз үшін ұлттық идея болатын ұстын деген ұстанымға келдім.
- Жалпы аталған кітап ғылыми-публицистикалық еңбек пе?
- Иә. Бұл еңбегімде зерттеу нысаным – ұлттық идея түсінігі және қазақстандық қоғамның тарихы мен қазіргі кезеңіндегі біріктіруші идеялардың рухани-адамгершілік қырларын тәуелсіздік ұғымының тұғыры ретінде зерделедім. Қазақстандағы ұлттық идея қалыптасуының барысындағы оның рухани-адамгершілік негіздерінің тұжырымдық ерекшеліктерін әлеуметтік-философиялық тұрғыдан таразыладым. Осы мақсатқа сәйкес зерттеу барысында маңызды деген мына жайттарға баса назар аудардым:
- Қазақстандық қоғамда ұлттық идея қалыптастырудың рухани-идеялық алғышарты ретіндегі Алаш идеясы мен қозғалысының рөлі мен маңызын талдау;
- қазіргі заманға өтудің жаңартушылық үдерісі барысында қазақ ұлттық идеясының кеңестік дәуірдегі трансформациясын көрсетіп беру;
- Қазақстанның тәуелсіздік алуының нәтижесінде ұлттық идея қалыптастыру негізінде ел бірлігін қамтамасыз етудің рухани негіздерін анықтау;
- жаhандану жағдайындағы қазақстандық қоғамда ұлттық идеяны орнықтырудың үрдістері мен келешектерін зерделеу.
- Сонымен өзі қалай ойлайсыз, қазіргі кезде «Ұлттық идеямыз» үстем түсіп тұр ма?
- Шүкір, ұлттық гвардиямыз, ұлттық университеттеріміз, ұлттық кітапханаларымыз, т.б. өткен жиырма бес жылдықтарда жасақталып, онымен бүгінгі ұрпақ мақтана алатындай жағдайға жетті. Дегенмен, ұлттық идеяңыздың тағдыры шынайы отаншыл әрі биік кәсіби шебер санаттағы мемлекетшіл тұлғалардың жауапкершілігінде. Олай дейтінім, Ұлттық идея ұстыны — тек атында ұлттық атауы бар мекемелер емес, ұлттық экономика, ұлттық саясат, ұлттық әдебиет пен өнер, ұлттық ел басқару ерекшеліктері, ұлттық мемлекеттік саясат. Міне, бұлар қазір қоғамның тамыр бүлкіліне айналып, сарт-сұрт жұмыс істейтін уақытына жетті деп білемін.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Болатбек Төлепбергеннің «Ұлттық идея – тәуелсіздік тұғыры» атты кітабының тұсаукесері 24 мамыр күні ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында өтеді.
Сұхбаттасқан: Айсәуле Бейсенхан