Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде жақында «Тура би» клубының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Тілім менің - тірегім» атты жас ақындар мен көркемсөз оқу шеберлерінің тартысты додасы өтті, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Сайысқа 1- және 2-курстың талантты да талапты студенттері қатысып, факультеттің поэзия парқын пайымдай алар жоғарғы курс студенттері - Нұрсұлтан Бекқайыров, Аймерек Бекмырза, Назерке Бұрхан және аға куратор-ұйымдастырушысы, «Тура би» клубының жетекшісі Гүлшат Ахметалиева әділ төрелік етті. Ал жүргізушіліктің тізгінін сөзі салмақты, өзі жан-жақты, жас та болса, бас болып, факультет игілігіне қызмет етіп жүрген белсенді азамат, 3-курс студенті Әділ Түменов ұстады.
Кеш шымылдығы факультет белсендісі Гүлістан Қайратқызының мәнерлі орындауындағы «Ғашықтық ғаламаты» атты М.Шахановтың поэмасымен ашылды. Абайдың, Сұлтанмахмұттың патриоттық тақырыптағы жалынды жырларымен қоса, жас ақындардың жұдырықтай жүректерін жарып шығып, сиясы кеуіп үлгермеген тырнақалды туындылары оқылған бұл кеште қатысушыларды бөліп-жарып төрелік ету оңайға соқпаса да, «Қазақша сөйле!» атты өміршең өлеңін өрнектей оқыған Мұратжан Қосжан қазылар алқасының ең жоғарғы бағасына ие болды. Сол секілді Абайдың «Он сегізінші қара сөзін» жан бітіріп оқыған Дана Үйсінбек те, М.Шахановтың «Отырар дастанын» нақышына келтіре оқып, тыңдаушыны тыңға жетелеген Жұлдыз Қайыпжан да көркемсөз оқушылардың арасынан алғашқы орынға лайық деп танылды. Сонымен қатар, жыр сүйер қауымның ризашылығына 1-курс студенттері Нұрайна Сәдуақасова, Асқар Амангелдиев, Ләззат Жұманбаева, Жасмин Жақсыгелдинова бөлене білді.
Жеңімпаздарды және өзге де жүлдегерлерді факультеттің аға куратор-ұйымдастырушысы, «Тура би» клубының жетекшісі Ахметалиева Гүлшат Уабиденқызы арнайы дипломдармен марапаттады.
Тамыры терең, тарихы кенен туған тіліміздің тұғырын биігірек қойған, жырға қосып, мерейін үстем еткен өлең сүйер өрендеріміздің шабыттарының шыңдалып, өнерлерінің өрістей беруіне шын жүректен тілектеспіз! Назарларыңызға 1-курс студенті Нұрайна Сәдуақасованың «Құдіреттің құдіреті» атты таңдаулы туындысын ұсынамыз:
Қарсы алғанда елуге енген алпауыттар әлемі,
Көз тіккенде елімізге дүниенің бар елі.
Сенсің, тілім, - қазақ қылып танытқан бар әлемге,
Сенсің, тілім, - қазақтығымның өшпейтұғын дәлелі.
Сенсің, тілім, - ең қымбатты «үш бақыттың» біреуі,
Сенсің, тілім, - қазағымның мәңгі соғар жүрегі.
Халқымыздың баға жетпес қазынасы, байлығы,
Оны ұлықтау – парызымыз біз бен сіздің киелі.
Тілсіз жүрген, үнсіз жүрген қайсы ұлтты көріп ең?
Тілсіз, дінсіз, мәдениетсіз тең емес пе өлімен?!
Тілің өшсе, сен де өшесің, ұлтың бірге өшеді,
Әрбір ұлттың болашағы қалыптасар тілімен.
«Қазақ тілі – ең бай тіл» деп бабам берген бағасын,
Бұдан артық қымбат теңеу, айтшы, қайдан табасың?
Тілдің ұлы құдіретінің, үлкендігінің қасында
Бар болғаны топырақтың түйіріндей ғанасың.
Қанша дана, қанша ақынның шығармасын шарласам,
Қаншама сөз сөйлесем де, қанша шумақ арнасам,
Осы айтқан сөздерімнің қорытындысы біреу-ақ:
Мен үшін тіл – құдіреттің құдіреті әрқашан!
Гүлшат АХМЕТАЛИЕВА
Халықаралық қатынастар факультетінің аға куратор-ұйымдастырушысы, «Тура би» клубының жетекшісі
Назерке БҰРХАН
3-курс студенті, ХҚФ Студенттер Ғылыми Қоғамының төрайымы.