Қалалық мәслихаттың VI кезектен тыс шақырылымында қала әкімі Бауыржан Байбек Медеу және Наурызбай батыр аудандарының әкімін тағайындады, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
«Медеу ауданында 200 мың адам тұрады. Бұл қала халқының 12 пайызы. 22 мың студент тұрады. Мұнда Медеу, Шымбұлақ негізгі нысандары, 60 мәдени нысан орналасқан. Аудан 400 млрд теңге көлемінде табыс әкеледі. 109 млрд инвестиция және бар», - деген қала басшысы Ержан Жылқыбаевты Медеу ауданының әкімі етіп тағайындады.
Ержан Жылқыбаев 1982 жылы ОҚО-да дүниеге келген. 2003-2004 жылдары ОҚО экономика департаментінің бас маманы, 2007 жылы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде бөлім басшысы, 2007-2009 жылдары Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің көмекшісі, 2009 жылы ШҚО әкімінің көмекшісі, 2014-2016 жылдары ҚР Президенті әкімшілігі бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарып келген.
Ауданның экс-әкімі Сұлтанбек Мәкежанов өзінің денсаулығына байланысты жұмыстан кету туралы арыз жазған.
Қалалық мәслихаттың осы шақырылымында Бауыржан Байбек Наурызбай ауданының да жаңа әкімін тағайындады.
«Наурызбай ауданы 2014 жылы құрылған. Мұнда 150 мың адам тұрып жатыр. Ресми тіркелгендердің саны 53 мың. Халықтың көпшілігі толық көлемде салық төлеп отырған жоқ. Жылжымайтын мүлік, автомобиль тіркелмеген. Табыстық база бойынша өте күрделі аудан. Тұрғын үй қорында проблема жетеді. Ортақ кешенді жоспар болу керек», - деген қала әкімі бұл ауданға басшы етіп Сайран Сайфеденовты тағайындады.
Сайран Сайфеденов 1974 жылы БҚО-да дүниеге келген.
2006 жылдан бастап Алмалы ауданындағы ұйымдастыру және кадрлық басқармасында бас маман болып жұмыс істеген.
2008 жылдың тамызынан Алматы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадрлық басқармасында бас маман қызметін атқарған. 2009 жылдың маусымынан Әуезов ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет етті.
Наурызбай ауданның бұрынғы әкімі Қуаныш Қашқымбаев мемлекеттік басқармаға жетекші болып тағайындалмақ.