Америка құрама штаттарының Қазақстандағы елшісі Джордж Крол Қазақстанда өткен рұқсат етілмеген митингтерге АҚШ-тың ешқандай қатысы жоқтығын мәлімдеді, - деп хабарлайды Qamshy.kz ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.
«Ешқашан бұлай (АҚШ-тың Қазақстандағы митингтерге қатысы бар – ред.) деп айтуға болмайды. Мен бұны естідім. Бұл – ертегі. Біздің, мемлекеттік департаменттің де, АҚШ үкіметінің де бұған қатысы жоқ. Бұл Қазақстанның ішкі шаруасы және мен бұған қандай да бір пікір білдіргім де келмейді», - дейді Дж. Крол.
Елші сонымен қатар, АҚШ-тың басқа елдерде тыныштық болғанын қалайтынын да айтқан.
«Мен қазір барлығы тыныш деп ойлаймын. Біз, әрине, барлық елдерде, оның ішінде Қазақстанда, Америкада, тағы басқа елдерде тыныштық болғанын қалаймыз», - дейді ол.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде және «Еуразия» телеарнасында Қазақстандағы жер дауына байланысты наразылық шараларына АҚШ үкіметінің қатысы бар деген айыптаулар айтылған болатын.