Қайдасыңдар, қазақтың жігіттері! (эссе)

/uploads/thumbnail/20170709015422517_small.png

Жылдағы дағдымызбен 25 мамырдағы соңғы қоңырауға үй ішімізбен барып, баламыздың қуанышына ортақтасып, оқытушыларын құттықтап қайттық.  Оқушылар да, оқытушылар да бәрі көңілді, бәрі әдемі өтіп жатты. Тек менің көңіліме аздап қаяу оралтқаны ....

Қазір елімізде көзіміз түгіл, санамыз үйір болған бір шындық - мектеп директорынан бастап, завучтары мен оқытушыларының барлығы дерлік - мұғалималар. Бірен-саран дене-шынықтыру мұғалімдерін қоспағанда. Бұл үрдіс мектепті ғана емес, жоғары және арнаулы оқу орындарында шарпып барады. Мен нәзік жан иелерінің білім мен ғылым саласына келуіне қарсы емеспін, құптаймын да, себебі атам қазақ әйел баласын қашанда құрметтеп, анаға төрден орын берген халық. Менің уайымым - елдің болашағы білім де, білімді ұрпақта екенін біле тұра, ер-азаматтардың осы маңызды салада қызмет етуден алшақтауы және қылаяғы, жылына бір-екі рет қана өтетін айтулы шараға да келуіне уақыт тапауы. Бұл дегеніміз - ер-азаматтардың ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезінбеуі деп білемін. Осы сөзім арқылы біреулерді сынап-мінейін деген ойым жоқ, тек ой салғым келді.

Бәлкім бұған кей азаматтар:  қағаз басты, күйбіңі мен күйініші көп, тапқаны талғажауына зорға  жететін жерде жұмыс істеуге жүйкеміз шыдамайды, онан да апырып-жапырып істейтін жұмыс істегеніміз немесе үйде тыныш жатқанымыз жөн дейтін болар. Олармен де белгілі деңгейде келісуге болады. Білім мен ғылым саласы үздіксіз өзгерістер мен жаңаруларға толы сала болып отыр. Барлығы өзгерісте болса да, бір ғана нәрсе - оқытушылардың қоғамдық және құқықтық мәртебесі көтерілмей келеді. Бұрын әкімшілік жүйе мойынына мықтап мінген болса, оқушылардың құқығын қорғауды желеу етіп, оқушылар мен олардың ата-аналары да мұғалімдердің онсыз да үзілгелі тұрған сырықтай мойнына мінгесіп алды. Қазіргі кезде мұғалім болу - отпен ойнаудай аса сақтықты талап ететін қызмет түріне енді. Қит етсе, жауапкершілікті мұғалімнен іздейтін әміршіл басшылар мен өз баласын "ақылды әрі ұя бұзбас момын" санап, баласын мұғалімнің "жәбірінен" қорғау үшін оқытушының жағасынан кез-келген жерде ала түсуге дайын  алаөкпе ата-аналар көбейіп кетті. Осындай жағдайда, ұрда-жық еркектік мінезден көрі, сабырлы әрі төзімді әйелдік мінездің болғаны жөн-ақ. Адам табиғаты бойынша мына біз ерлер мықтымыз, күштіміз дегенімізбен, қиындық пен сынақтарға тап болғанда әйелдердей төзім мен қайрат таныта алмаймыз. Сондықтан маскүнемдер мен қаңғыбастардың, қылмыскерлер мен аз ғұмыр кешушілердің басым көпшілігі ерлер, мына біз. Алайда, бұл білім мен ғылым саласында еркектердің аз болуы керек дегенге сылтау бола алмайды. Себебі, Жаратқан Иеміз ерлерді әйелдерге қарағанда жұмыс істеу мен табысты болуға мүмкіндігін мол етті, сонымен бірге әйелдерге қарағанда жауапкершілігін де ауыр етті. Баланың да, әйелдің де жауапкершілігі еркектің мойнында, ал бірақ біз, өзіміздің де, баламыздың да, тіпті, өзіміздің қартайған ата-анамыздың да жауапкершілігін сол әйелімізге артып қоятын болдық. Осы арқылы ұрпақ, жар, қоғам, мемлекет тіпті Құдай алдындағы міндетімізден жалтарып, қашып жүретін болып барамыз.

Мен мерекелік көңіл-күйдегі оқушылар мен олардың мұғалімдерінің қуаныштарын, олардың шырқаған әндері мен күлімдеген көздерінен көріп тұрдым. Осы орайда мынадай оймақтай ғана әпсана ойыма орала кетті. Саналы ғұмырын  бала тәрбиесіне арнаған қарт ұстаз өмірден өтіп, о дүниенің табалдырыған аттағанда періштелердің құрметіне бөленіпті - деседі. Қарапайым, адал оқытушыны алқаған періштелер:

- Уа Алланың қайырымды, момын құлы, жалған дүниеде адал еңбек еттің, ұрпақ тәрбиеледің, жамандыққа үйір болмадың, сол үшін орның жаннат, сегіз қақпаның қайсына кірсең де ерік өзіңде- депті. Сонда мұғалім:

- Маған қай   қақпадан кірсемде бәрі бір, тек мектептің қақпасынан кірмесем болды - деген екен. Өзімнен-өзім күліп жібердім.

Үздік оқушыларды марапаттау аяқтаған соң, мектеп өміріне, тәрбие мен тәртіпке ат салысқан ата-аналарды марапаттау басталды. Тағы сол аналар, кезек-кезегімен шығып мектеп басшысының қолынан марапат қағаздарын алып жатты. Жүргізуші мұғалима дауыстап:

-Ата-аналарға құрметтеріңізді аямаңыздар -деп жатыр. Ал олардың ішінде бірде-бір "ата" жоқ, кілең аналар. Алдымда тұрған бір қартаң әйел:

- Ата-аналар дегенше, аналар дегені жөн еді - деді. Оның бұл сөзі қалың әйелдің ортасында тұрған жалғыз еркек маған айтылғандай бетімнің ұшы ду ете түсті.

- Рас айтасыз, ата-ана-дегеннен көрі, ана-әке - деп өзгерту керек-деді қасындағы жас әйел. Олардың сөзін естіп тұруға дәтім жетпей жылыстап, артқы жаққа қарай өте бердім.

- "Қайдасыңдар қазақтың жігіттері?!" осы бір ашщы үн жүрегімнің түбінен көтеріліп келеді.   Қайдасыңдар қазақтың жігіттері, ұрпағыңның, еліңнің болашақ тағдырын тек қана нәзік жанды әйелдерге толығымен жүктеп қойғаның ба? Қайдасыңдар қазақтың жігіттері?! Жан айқайым алқымыма жеткенде қолымнан біреу тартқандай болды. Қарасам қолында марапат қағазы бар қызым қос жанары күлімдеп маған қарап тұр екен. Қызымды құшақтап, маңдайынан иіскедім. Жүрегім елжіреп сала берді. Ал жан дауысым, сол елжіреген жүректің лүпілдеп соққан үнімен қосылып мектеп ауласынан асып, тұтас қалаға, одан әрі байтақ қазақ даласына тарап жатқандай сезілді.

Қастер Сарқытқан

Абай атындағы ҚазҰПУ,

Елтану және туризм кафедрасының доценті

Связанные Статьи