Жол талғамайтын "Инфинити" мінген азамат жедел жәрдем көлігіне жол бермей қойды (Видео)

/uploads/thumbnail/20170709020539936_small.jpg

Аурухананың жедел жәрдем көліктерін қақпадан өткізбей қойып, дәрігерлерді жалындырған жүргізуші де жай адам емес болуы мүмкін. Шұғыл шақыртудан шығып келе жатқан  медицина қызметкерлерінің  "жол беріңіз" дегеніне құлақ аспай,  керісінше балағаттап, қымбат көлігін жылжытуға ерінген азаматтың кім екенін  ішкі істер департаменті анықтап береміз деді.

Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелген 631 XZA мемлекеттік нөмерлі көлік жүргізушісі шұғыл шақыртудан шығып келе жатқан жедел жәрдем көлігі арнайы дыбыс белгісін қосса да, дәрігерлер жол беруін өтінсе де былқ етпейді. Жүргізуші кіруге рұқсаты бар екенін айтып, дәрігерлерге ашуланып, ызадан жарылардай болып отыр.

Оқиға №1 Балалар ауруханасының қақпасының алдында болған. "Инфинити" автокөлігінің жүргізушісі жедел жәрдем көлігіне жол бермей, оның жүргізушісін бейпіл сөзбен балағаттап тастайды. Аурухана басшылығы ол азаматтың қазірге дейін кешірім сұрап, келмегенін айтады.

Ал қала тұрғындары жедел жәрдемге жол бермеу - адам өмірімен ойнаумен бірдей дейді. Олардың пікірі, мұндай дөрекілік үшін қандай жағдай болмасын аямай жазаға тарту керек.

Жүргізушінің қолындағы қағаз емхана аумағына көлікпен кіруге емес, баласының қасына баруға берілетін рұқсатнама екен. Ал күн сайын шамамен 40-50 бала ауруханаға түседі. Неге екені, кіре берісте мұндай әрекеттер жиі болып тұрады дейді мекеменің бас дәрігері.

АБАЙ ҚҰСАЙЫНОВ, Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының бас дәрігері:

- Әр азаматтың өзінің мәдениетіне байланысты, тәрбиесіне байланысты болып отырған нәрсе ғой. Біздің диспетчер бөлімінің қызметкеріне сіз менен кешірім сұраңыз деген сөздер айтылыпты.

Жол талғамайтын "Инфинити" қожайынының кім екені, қандай мекемеде қызмет атқаратыны әзірге анықталған жоқ. Құқықбұзушылық дерегіне байланысты қалалық ІІД-і қазір тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тұрғындар бұдан өзге шұғыл медициналық көмек көлігіне қаладағы жүргізушілер көп жағдайда оңайлықпен жол бермейтіні жасырын емес дейді.

Связанные Статьи