Ақмолалық кәсіпкерлер Жер комиссиясында саясаткер Мұхтар Тайжан көтерген агробанк құру туралы бастаманы қолдайды, - деп хабарлайды Qamshy.kz 24.kz – ке сілтеме жасап.
Жер реформасы жөніндегі комиссияның Көкшетауда өткен отырысында ақмолалық кәсіпкерлер осындай ұсыныс жасады. Бизнесмендердің бұл пікірі Мәжіліс депутаты Владислав Косарев тарапынан қолдау тапты.
Владислав Косарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Агробанк бәріміз пайдалана алатын қаржы орталығына айналады. Астық саудасынан түскен қаражат осында жиналуы тиіс. Бұл банк ауыл шаруашылығын дамытуға серпін бермек.
Төрт сағатқа созылған жиында ақмолалықтар жерге қатысты сан түрлі ұсыныстары мен пікірлерін айтты. Мәселен, жер пайдалануды бақылау жұмыстарын күшейту қажет деген ойлар ортаға тасталды.
Ал басқосуды қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев «даулы мәселені әкімдер емес, қоғамдық кеңестер шешуі тиіс» деп түйіндеді.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
- Жалғыз жерді сату, жалға беру мәселе ғана емес, осының төңірегінде толып жатқан мәселе бар. Үлкен бір мәселе – шенеуніктердің іс-әрекеттері. Сенім болуы керек шенеунікке. Осы мәселені шешу үшін сенім болуы керек. Ол сенімді қалай шешеміз? Мәселен, аукцион арқылы қарап отырсаңыз, әкімнің өзі шешіп кетеді. Бүгін сіздер оған сенбей отырған кезде, ертең анадай жағдай болғанда, сенім бола ма? Сұрақ. Сол себептен бұл жерде мәселе бір ғана әкімнің қолында емес, ол халықпен кеңесіп отырып шешуі керек.