Бүгін батыста бүлік шықты. Түс уақытында Ақтөбе қаласында бірнеше қарулы қылмыскер қылмыскерлер қару сататын екі дүкенге шабуыл жасап, ондағы сатушыны өлтіріп, бір азаматты жарақаттаған. Қарулы шабуыл туралы полицияға хабар сағат 15.45-те түскен. Қала тұрғындарын полиция көшеге шықпауға, сабырлық сақтауға шақырған. Одан кейін қылмыскерлер Ақтөбедегі Ұлттық ұланның (бұрынғы Ішкі әскердің) әскери бөліміне шабуыл жасаған. Онда да шабуылды тойтару кезінде екі әскери (бір офицер мен бір келісім-шарт бойынша әскери қызметші) қаза тауып, тоғыз әскери қызметші жарақаттанған. Қаланың 5-ықшам ауданы, "Спутник" ауданы және Жанқожа батыр көшелерінде атыс болған. Бұл БАҚ-та кешкі сағат алтыдан кейін тараған ресми мәліметтер. Әлеуметтік желіде әскери бөлім қызметшілері тұтқынға алынғаны туралы да айтылуда. Қарулы қылмыскерлер сондай-ақ, аудандық полиция бөлімін де шабуылдаған. Қаланың үш бірдей ауданында лаң салған шабуылдаушылардың нақты саны мен олардың кім екендігі туралы ақпарат жоқ, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Осы оқиғаға байланысты мәлімдеме таратқан елдің ІІМ өкілі Алмас Садубаев қалада лаңкестікке қарсы режим енгізілгенін, арнайы операция барысында шабуыл жасағандардың біреуі ұсталып, үшеуі өлтірілгені және тағы біреуі жарақат алғанын, бірнешеуінің жасырынып үлгергенін хабарлады.
Жедел жәрдем көлігімен бірнеше адам ауруханалаорға жеткізілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығы Әсет Қалиевтің айтуынша, алты бірдей жан сақтау бөлімінде күрделі операция өткен. Алты бірдей азамат ішінен және кеуде тұсынан ауыр жарақат алған. Ә. Қалиевтің айтуынша жарақат алғандар қарақшылар шабуыл жасаған «Пантерра», «Паллада» қару-жарақ дүкендері мен әскери бөлімде де бар.
Мемлекеттік органдар бұл оқиғаны лаңкестік әрекет деп бағалап отыр. Қазір Қарулы күштер мен арнайы органдар күшейтілген режимдегі қызметке көшкен. ІІМ өкілі А. Садубаев шабуыл жасаушылардың «дәстүрлі емес радикалдық діни ағым ұстанушылар болуы мүмкін» екендігін хабарлады. Қалада лаңкестікке қарсы операция режимі енуіне байланысты қоғамдық көлік пен көңіл көтері орындарының жұмысы тоқтатылған. Сондай-ақ, тұрғындар түс кезінде телефон байланысы үзіліп, қайта қосылғанын, қазір интернет желісі істемей тұрғанын айтуда.
Редакциямызға хабарласқан Ақтөбе тұрғыны қарулы топтың көлік ішінде түсірген видео үндеуі тарағанын, онда елге қоқан-лоққы жасап, терезеден сыртқа оқ атқанын айтады. Қалада интернет желісінің жұмысы тоқтатылғанға дейін атыс сәті түсірілген видеолар мен суреттер ғаламторға жарияланған. Желіде тарап жатқан видеоларда қылмыскерлердің сыртқы бейнесі мен келбеті ресми мәліметтерде айтылғандай лаңкестер мен діни радикалды ағым өкілдерінің келбетіне ұқсамайтынын, видео үндеу жасағандардың сөйлеу кезінде былапыт сөздер мен қылмыс әлемінің лексикасындағы сөздерді қолданғанын айтады қала тұрғыны.

Ресми мәліметтердің кеш тарауына, халықты құлақтандырудың және түсіндіру жұмыстарының кемшілігінен желіде, телефон байланысы арқылы түрлі ақпарат тарауда. Осыған байланысты қоғам қайраткері Мұрат Әбенов азаматтарды түрлі фото, видеоматериалдарды таратуды тоқтатуға шақырды. Сондай-ақ, ол Ішкі істер министрлігінің басшысын сынға алып, төтенше жағдай туралы ақпарат таратуға салғырт қарады деп отыр. Бір сағат уақыт бұрын ол Фейсбуктегі парақшасында:
«Болып жатқан оқиғаның көлеміне қарасақ, кемінде Ішкі істер министрі шығып, сөйлеуі керек еді. Жарты күн өтті, жоғары шенділерден ешкім болған жайға байланысты пікір білдірмеді. Барлық елге жалғыз А. Садубаев хабар таратуда. қалғандары қайда?»,- деп жазды. Қоғам қайраткері сондай-ақ, «желіде ақпарат тарату арқылы біз арам пиғылдылардың ойын жүзеге асыруға көмектесетінімізді» айтады.
«Олар халықты үрейлендіру мақсатында осындай қадамға баруда. Таңдалған нысандар үкен медиалық ықпал жасау мақсатын көрсетіп отыр. Сондықтан, біз неғұрлым көп ақпарат таратсақ, соғұрлым бізді осы «лас ойынға» тартушылардың мақсаттарына жетуге көмектесеміз», - деген ол жұртшылықты фото, видео таратуды тоқтатуға, болған жағдай туралы пікір білдіру мен қорытынды жасауда абай болуға шақырды.


Шынымен де Ақтөбеде орын алған бұл қанды қырғын туралы ресми ақпарат өте кеш және аз тарады. tengrinews.kz сайты 22.46-да шабуыл жасаушылардың бесеуі өлтірілгені, біреуі ұсталғаны тағы 10 күдіктінің бар екенін қарулы құрылымдардағы дереккөзге сілтеме жасап хабарлады. Ал, ол өлгендер кімдер, шынымен діни радикалды ағым өкілдері болса, қандай ұйым мүшелері туралы ақпарат жоқ. Ал, «Рател» сайты қаза болды делінген екі адамның суретін жариялады. Сайттың айтуынша бұл екеуі шабуылдаушы топ мүшелері болуы мүмкін. Сондай-ақ, әлеуметтік желі мен ақпараттық сайттарда полиция көлігінің жанында екі адамның құлап жатқан суреті жариялануда. Ол азаматтардың да кім екені туралы нақты ақпарат жоқ. Бір анығы 6-7 маусымда өтуі тиіс Ұлттық біріңғай тестілеу кейінге қалдырылған, тұрғындарға лаңкестікке қарсы арнайы операция өтуіне байланысты лаңкестік қауіптің "қызыл деңгейі" белгіленгені туралы СМС-хабарлама жолданған.

Болған оқиғаға қандай да бір баға беріп немесе әлдебір қорытынды жасауға әлі ерте. Қарулы топ шынымен радикалдық ұстанымдағы діни секталардың мүшелері ме, жоқ әлде мүдделі күштердің ықпалындағы қылмыс әлемінің өкілдері ме ол жағы белгісіз. Ал, сарапшы Марат Шибутов бұл оқиғаны "ішкі лаңкестердің" ісі деп отыр. Ол 2011-2012 жылдары лаңкестікпен күрес елімізде барынша жүргізілгенімен, олардың орнына жаңа лаңкестер легі келгенін, олардың радикалды келетінін айтады.

«Бұрын онда (Ақтөбеде – ред.) ислам діні оңтүстік өңірге қарағанда қатты тарамады. Сондықтан, жаңадан дінге бет бұрушылар көп. Ал, жаңадан келушілер радикалдардың ішінде ең көп үлеске ие. Оған қоса батыс халқы жауынгер келеді, сонымен бірге онда мұнайшылар мен басқа халықтың арасындағы кіріс деңгейінің алшақтығы зор. Сондықтан, батыс өңірде тарихи, әлеуметтік-экономикалық және діни факторлар бір жерге тоғысып, осындай күрделі жағдай туғызып отыр», - дейді ол.
Фейсбук, ВКонтакте, Туиттер тағы басқа әлеуметтік желі арқылы қоғамдық белсенділер азаматтарды сабырлық сақтап, түрлі арандатушылық әрекеттерден абай болуға шақыруда.