Еліміздің ақпарат және коммуникация министрі Дәурен абаев кешегі Ақтөбе қаласында болған жағдайға байланысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
«Кеше барлығымыз үшін ауыр күн болды... Лаңкестер қолынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын, ал, жарақат алғандардың тез сауығуын тілеймін», - деген ол полиция мен әскерилердің экстремистердің соққысын біздің қауіпсіздігімізді күзету жолында бірінші болып қабылдағанына тоқталған.
Сондай-ақ, министр ІІМ-нің баспасөз қызметі жедел де сапалы жұмыс істеді деп отыр.
«ІІМ баспасөз қызметі жедел жұмыс істеп, ресми мәлімдемелерді келіп түскен ақпарат өңделіп, тексерілген соң бірден жариялап отырды. Әрине, ол үшін біршама уақыт кетті. Бірақ, ақпараттық ваккум туындаған жоқ. Құқыққорғау органдарының анық позициясы да ел ішіндегі үрей мен жалған ақпараттың тарауына жол бермеді», - дейді министр.
Сонымен қатар, Дәурен Абаев осы оқиға туралы ақпарат таратқан баспасөз өкілдеріне де ризашылығын білдірді.
«..біздің журналистерге де кәсібилігі мен жауаптылығы үшін алғыс білдіремін. Материалдар ресми ақпараттарға негізделді, жалған мәліметтерге жедел түрде терістеу беріліп жатты. Біз мемлекеттік органдардың жұымысындағы ашықтықты арттыру бойынша жұмысты бұдан әрі де жалғастыратын боламыз», - дейді ол.