Жер комиссиясының мүшелері Алматыда кездесу өткізді

/uploads/thumbnail/20170709021950276_small.jpg

Кеше Үкімет жанындағы Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшелері Айдос Сарым, Дос Көшім мен Мұхтар Тайжан Алматы қаласы тұрғындарымен кездесті, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Жиналғандарға комиссия мүшелері кеңестің жұмыс барысы, ондағы негізгі мәселелер қандай деңгейде талқыланатыны мен комиссия жұмысынан қандай нәтиже күтілетінін ортаға салды.

Кездесуге келген белсенділер мен журналистер комиссия мүшелеріне оның жұмысы туралы сұрақтар қоюмен шектелмей нақты ұсыныстарымен де бөлісті.

Әлихан Қанапья есімді кәсіпкер өзінің аграрлық салада, оның ішінде шетелдік компаниялармен әріптестік орната жұмыс істеу тәжірибесі барын алға тарта отырып, Қытай инвестициясына қызығушылық ел үшін экологиялық үлкен апат әкелуі мүмкін екенін айтады.

«Жер кодексі соңғы өзгерістерімен қолоданысқа өтпеуі керек. Оған бірнеше себеп бар. Мысалы, Қытай елі экономикада нашар менеджер. Олар жер асты суларының 90 пайызын, жер бетіндегі судың 70 пайызын, ал, ауасының 50 пайызын ластап отыр бүгінде. Бұл олардың өз елдерінде істегендері. Ал, ұзақ мерзімге жалға алынған басқа елдің жерін қайтетінін өзіңіз бағамдай беріңіз», - дейді ол.

Кәсіпкер шетел инвестициясын тартып, оған өтемақы ретінде жерді арендаға бергеннен гөрі, отандық фермерлерді қолдаудың басқа да жолдары барына сенімді.

«Ұлттық қордан тек 1 миллиард доллар бөліп, фермерлерге тегін техника таратсақ, ол техниканы алған фермердің бірнеше жылға дейін сатуына тыйым салатын механизм енгізсек, бұл ауылға шын қолдау болар еді. Бізде техникаға мұқтаж болып отырған кісілер көп. Олар ол техниканы қуана алады. Ал, қазіргі субсидия, басқа да жүйелердің тиімділігін көріп отырған жоқпыз», - дейді ол.

Комиссия мүшелерінен комиссиядағы  жер сатуға қарсы ұстанымдағы азаматтардың өзара келіспейтін тұстары мен мәселелер туралы да сұралды.

«Әр адам өзінің пікірін білдіруге құқылы. Оны ескеру де керек. Бірақ, комиссиядағы осы үшеуміз (М. Тайжан, Д. Көшім. А. Сарым – ред.) жерді шетелге жалға беруге, сатуға, Қазақстан азаматтарына жеке меншікке сатуға қарсымыз», - деп жауап берді ол сұраққа комиссия мүшесі М. Тайжан.

Жиын барысында комиссия мүшелері қазіргі күннің өзінде латифундистерге шектеу қою, жер кадастры мен оның электронды базасын жасау, фермерлерді қолдау тетіктері туралы бірнеше ұсыныстың пісіп, жетілгенін жеткізді.

Кездесуге келгендер комиссия мүшелерінен жерді жеке меншікке сатуға, шетелге арендаға беруге аяғына дейін қарсы болуды сұрап, өздерінің өтініш-тілектерін қағазға түсіріп, тапсырып берді.

Связанные Статьи