Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Ақтөбе қаласында болған жағдайға орай пікір білдірді, - деп хабарлайды Qamshy.kz Қазақстан Жаңалықтарына сілтеме жасап.
Депутат Ақтөбедегі оқиғаның барлық жауапкершілігі дәстүрлі емес радикалды ұйымдардың мойнында екенін айтып отыр.
«Біз бұл сол өңірдегі салафит, уахабиттердің қолымен жасалғанын түсінуіміз керек. (..) Бүгінгі жағдай біздің тұрақтылығымызға қол сұққысы келетінінің, біздегі бейбіт, толерантты және демократиялық өмірдің біреулерге ұнамайтынының дәлелі», - деген Б. Смағұл. Шет елдерде соғысып жүрген жүздеген қазақстандыққа алаңдаулы депутат терроризмнің бүгінде тамырын тереңге жібергенін айтады.
«Біздің еліміз бейбіт күн кешуі үшін оларды түп-тамырымен жою қажет. Біз осындай қатал жолды таңдауға мәжбүрміз. Адам өмірі мен оның конституциялық құқықтарын қорғау – мемлекеттік міндеті», - деп отыр депутат.
Мұндай бассыздықтардың бір себебебін депутат биліктің бостығынан да көреді.
«Біз дәстүрлі емес діни ағымдарға еркіндік беріп, толеранттылық таныттық, ал, қазір соның «жемісін» көріп жатырмыз. Азаматтардың қауіпсіздігімен тәуекел етуге болмайды. Біз қанша сынап, ескерту жасасақ та оның біреуі жүзеге аспады», - дейді Б. Смағұл.
Естеріңізге салсақ, кеше Ақтөбе қаласында бірнеше қарулы адам атыс жасап, екі бірдей қару-жарақ дүкеніне, полиция бөлімшесіне және Ұлттық ұланның әскери бөліміне шабуыл жасаған. Ресми деректер бойынша, қарақшылардың қолынан 6 адам қаза тауып, 10 шақты адам жарақаттанған.