МЕЙІРІМДІ АЛЛАНЫҢ МЕЙІРІ ТҰНҒАН РАМАЗАН

/uploads/thumbnail/20170709022240028_small.jpg

«Ей, иман еткендер! Күналардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді».  

(«Бақара» сүресі, 185 аят)

Аса Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтаулар Аллаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына, сахабаларына сансыз салауаттар болсын!
Міне, айлардың ұлығы, айлардың сұлтаны, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазантабалдырығымызға тақап тұр. Алла қаласа қасиетті аймен қауышатын күн де келер. Алла тағала төрт көзіміз түгел сол қасиетті аймен аман қауышуды жазғай!

Алла тағала адам баласын қасиетті Құранда «инсан» деген атпен атаған. Бұл сөздің қазақша мағынасы ұмытушы дегенді білдіреді. Ендеше, біздер адамдар ұмытушымыз. Ақылымыз да шектеулі. Сол себепті де, бір-біріміздің есімізге салып отыру мұсылмандық міндетіміз. Сол мұсылмандық міндетіміздің бір парағы болсын депосы ораза хақында қалам тербеген жайымыз бар. Енді  әңгімемізді әрлеп, әрмен қарай сөзімізді сабақтайық.

Ардақты ағайын,«бейнеттің де зейнеті бар» деп атам қазақ айт қандай, Алла жолында төгілген тер, көрген бейнет ақталады. Ал, дүние үшін қайрат жұмсау маңдайыңыздан шыққан бір тамшы терге татымайды. Бүгін бар да ертең жоқ.Дүние — алдамшы нәрсе. Сол үшін бабаларымыз «дүние жалған» деп тамаша тәмсіл қалдырған. Алланың разылығы үшін жасаған жақсы амалдарыңызбен құлшылығыңыздың қайтарымы сіздің еншіңізден ешқайда кетпейді. Істеген ізгі  ісіңіз, өзіңізден басқа ешкім алалмайтын банкоматтағы жеке шотыңызға салған ақшаңыз сияқты. Сізден басқа ешкімнің еншісіне бұйырмайтын сауапты амалыңыз ақыреттегі азығыңыз болып қала бермек. Алла тағала пенделерінің істеген ізгі істерінің қарымтасын  он еселеп қайтаратыны жайлы қасиетті Құранда былай деп уәде берді. «Кім жақсы амалмен келсе, оған сондайдың оны /еселеніп/ беріледі...». («Әл-Әнғам» сүресі, 160-аят).

Ал, Жаратқанға жағымды, жақсы істі Рамазан айында жасап жатсақ сауаптың тіпті сан еселенетіні сөзсіз.

Себебі, бұл ай — мейірім айы. Бұл ай — істеген әрбір жақсылығымыз бізді Жәннатқа жетелейтін айлардың сұлтаны.

Алла — ұлы. Алла — шексіз құдыретті. Алла — шексіз мейірімді. Алланың әділдігін айтып тіліміз тіптен жетпесі анық. Ал, соншалықты әділ болған ұлық Алла Өзі берген уәдесін бұзбайтыны бәрімізге белгілі. Ендеше, Алланың ұлы уәдесінің бірі — осы Рамазан айы. Алла тағала қасиетті Құранды осы Рамазан айында түсірді және сол қасиетті Құран түскен қадыр түнін мойнын иген мұсылманға мың айдан да қайырлы етіп қойды.

«Негізінен Құранды қадыр түнінде түсірдік. Қадыр түнінің не екенін білесің бе? Қадыр түні мың айдан да қайырлы». («Қадыр» сүресі, 1-2-3-аяттар).

Ойлаңызшы!!!

 Бұнан басым түсер басқа бақыт барма?! 

—   Әлбетте, жоқ.

Әрбір пенде үшін Алланың сауабын алудан асқан бақыт болуы мүмкін емес. Сондай сүбелі сауапты сүзіп алар мол мүмкіндікті құшағына қысқан Рамазан айын айлардың сұлтаны демей не дерсіз!

Алланың ақ жолынан айнымайтын, пейілі кең пендесі үшін шексіз сауапы шелектеп берген Мейірімді Алланың мейірімін айтып жеткізуге сірәда сөзіміз жетпес. 

Сол бір сөз жетпес Мейірімді Алланың мейірімін мұсылмандарға сыйлаған Рамазан айының қасиеті жөнінде Ибн Аббас (р.а) келтiрген бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Егерде менiң үмметiм Рамазан айының iшiнде қандай қасиеттер бар екендiгiн бiлсе ғой, онда, жылдың барлығы рамазан айы болса екен деп үмiт еткен болар едi», — дейді.

Қараңызшы, Рамазан айының қадыры туралы Хақтың елшісі қалай айтты?!

Алланың ақиқатын ғана айтатын сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «...Рамазан айының ішінде қандай қасиеттер бар екенін білсе ғой...», — деп қандай қасиеттерді айтып отырғаны жайлы дәйекті дәлелдерді оқи отырып, ой елегіңізден өткізіп көріңізші!

Ойымыз ойпаңға түсіп кетпес үшін және бір хадиске жүгінелік. Тағы бір тамаша хадисте Алланың Елшісі (с.ғ.с) Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлден ауызынаншыққан исі мен үшін миск әтірінен де тамаша», — дейді. 

Мінеки, бұл хұдси хадисте Алла тағала: «...ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін...», дейді. Басқа ешбір құлшылық амалдарына мұндай уәде бермеген Алла осы оразаның сауабын Өзім беремін деп тұрған жоқ па?! Тіпті, «...аузынан шыққан исі мен үшін миск әтірінен де тамаша», — дейді. Мың айдан да қайырлы қадыр түнін осы ораза ұстаушы құлдары үшін қиған ұлы Жаратушының жомарттығы да Рамазан айының еншісінде екен. Олай болса осы Рамазан айының ішінде қандай қасиеттің барын бағамдай беріңіз.

Пай-пай, шіркін!

Қандай керемет!!!

Мына бір керемет хадиске де ден қойып қараңызшы! 

Имам Тобарани және имам Ибн Нәжжәр риуаят еткен бұл хадисте Буба ибн Әс-Самит (р.а) айтады: «Рамазан таяп қалған болатын. Расулуллаһ (с.ғ.с) бір күні: «Береке айы болған Рамазан жақындап қалды. Бұл айда Хақ тағала сендерге назарын салады. Әрі рахметін түсіріп, күнәларды кешіріп, дұғаларды қабыл етеді. Алла тағала сендердің игілік істеуге жарысқандарыңды көріп, оны періштелерінің алдында мақтаныш етеді. Ондай болса, Хақ тағалаға жақсы амалдарыңды көрсетіңдер! Тіпті, осы айдың өзінде Алла тағаланың рахметінен мақұрым қалған пенде ақиқатында бақытсыз»,— деді».

Қасиетті Рамазан айында Алла тағала пенделеріне назарын салып, рахыметін түсіріп, күнәларын кешіріп, дұғаларды қабыл етсе, бізге енді онан басқа не керек?! Алла тағала тіпті, игілік істеуге жарысқандарыңды көріп, періштелеріне мақтан етеді деп тұрған жоқпа!

Осы жерде сәл де болса ойланайықшы!

Егер, Алла тағала пендесін жақсы көрмесе, пендесінің істеген болмашы ізгі ісін періштелер алдында  мақтан етерме еді?! Бұл Алланың пендесіне деген пейілінің, нағыз мейірімнің керемет көрінісі емеспе?!

Аса Мейірімді Алланың рахметінен алыс қалған адам, шындығында шынайы бақытсыздықтың бұлты басына төнген бейбақ болмақ. Ал, бұл дүниедегіҚұдайға қылған құлшылығыңыз, қияметте қыл көпірден қиналмай өтуіңіздің кепілі еді. Осы кепіл болар керемет мүмкіндікті Мейірімді Алла Рамазан айының еншісіне жазып қойыпты. Басқа айларда жасаған құлшылықтан сауабын сан есе артық етіп Рамазандай ұлы құлшылық айын берген Мейірімді Алланың мейіріміне бөлену бақыты бұйырып тұрған осы орайлы сәтті оңтайлы пайдаланып қалуға барымызды салайық бауырлар! Әлбетте,  онбір ай бойы қампайып жүрген қарныңыз, оразаның алғашқы он күнідесізді біраз сілкіп алар. Алайда, күннің аптабында аштыққа шыдап бақсаңыз, мейірімге толы онкүндікте мейіріміңізді мейлінше арттырсаңыз, алдыңызда күтіп тұрған ортаңғы он күндікте күнәңіздің төгілеріне тамаша таған қалағаныңыз. Ал, күнәларыңыз сары күзде сарғайған жапырақты талды сілкігендей төгілсе, тозақ отынан құтылуға қам қылатын оразаның соңғы он күндігінде сіздің қоржыныңыз қампайарына күмәніңіз болмасын. Өйткені, бұлар Алланың уәдесі. Тек, ниетіңіз тура, амалыңыз толық болғай!

Пайғамбарымыз (с.ғ.с)бір хадисінде: «Рамазан айының алғашқы он күні — мейірім, ортасы — күнәдан арылу, соңы — тозақ отынан құтылу», — деген.

Олай болса бауырлар, сансыз сауаптан салымсыз қалмауға қамданайық! Сауаптың сыйысұлулығына сөз жетпес жұмақтың сарайыболмақ. Мейірімді Алланың мейірінен айырылып, Жаратқан Ием өзі уәде еткен Жәннаттың сарайынан құр қалу, өкінішке орай шынайы бақытсыздық. Алла тағалам ақыреттегі бақытсыздықты басымызға бермесін!

Ақыреттік азығымызды аямай үйіп берген берекелі Рамазан айындағы сүбелі сауапты сүзіп алуға сақадай сайланып, қамбамызды «қазынаға» толтырайық, қадірменді қалайық!

Алла тағала елімізге, жерімізге амандық, тыныштық сыйлап, берекесі бұзылмаған отанымыздабейбітшіліктің бесігі тербеле бергей!  Әмин!!!

Нұржан қажы Таласұлы

Алматы қаласы, «Таугүл-3» мешітінің бас имамы

Связанные Статьи