Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылдық мектебінің мұғалімі Айман Сағидуллаева мектеп басшылығы тарапынан негізсіз қуғын көрдім деп отыр. Бұл туралы Qamshy.kz хабарлайды.
«2 сәуір күні мектепке келсем, мұғалімдер бөлмесін мектептің 3-қабатында коридорда жан-жағы темір тормен қоршалған бөлек орын бар еді, сол орынға көшіріпті. Бұрын ол жерде музей болатын. Мұғалімдер сабаққа дайындалу үшін, жеке заттарын, киімдерін қою үшін амал жоқ сонда көштік. Мұны мектеп басшылығы мектепте бір ауысыммен оқуға көшуге байланысты оқу бөлмелерінің жетпеуімен түсіндірді. Содан үнсіз жаңағы темір торға барып кірдік. Бірақ, оқушылар былай-былай өткенде ыңғайсызданады екенсің. Сөйтіп отырғанда оқушылардың өзара «Маймылдар сияқты екен» деп кетіп бара жатқанын да құлағымыз естіді. Әріптестерім де жанымда болды сол сәтте. Бір мұғалімді жаныма ертіп, мектеп директорына бардым. Жағдайды айттым», - дейді Айман Сағидуллаева.


Көп ұзамай басшылық мұғалімдерді темір тордан шығарып, басқа бөлмеге көшірген. Алайда, әріптестерінің қамын жеген мұғалім басшылыққа тағы жақпай қалдым деп отыр. Айтуынша, бүгін оның қолына бірнеше мұғалімдер қол қойған, «педагогикалық этикаға жат қылық көрсетті» деген акт мен мектеп басшысының ескерту хаты тапсырылған. Хатта оған ендігі уақытта мектеп басшылығынан «адами тұрғыда түсінушілікпен қарауды» күтпеу ескертілген екен.
А. Сағидуллаева бұған дейін мектеп ішіндегі кері қағидаларға, ірілі-ұсақты заң бұзушылыққа көз жұмып қарамағаным, әріптестерімнің құқығын қорғағаным үшін басшылық тарапынан қуғын көріп келгенін айтады.
«Алдында 19 мамырда ақсақалдар кеңесі арқылы ақыл айтқызбақ болып, сол жиын нәтижесінде маған ескерту жариялады. Одан көп ұзамай емтихан нәтижелері бойынша сөгіс берді. Енді бір рет «қатаң сөгіс» жариялап, бар ойлары – мені жұмыстан қуу» деп отыр ұстаз.