Жер комиссиясына кірген зиялылар не бітіріп отыр?

/uploads/thumbnail/20170709023702244_small.jpg

Жер мәселесі ешбір талқылауға жатпайтын тақырып болса да, үкімет үйтіп-бүйтіп комиссия құрып, ел аралап уақыт өткізіп жатыр ғой. Ғаламторды ақтарсаң «С 1 июля в Казахстане стартует продажа земли, что нужно делать?» дегендейін мақалалар сүйінші сұрап шығады.

 «Пайдаң да, зияның да тимесін» деген де бар еді. Зиялыларға не жоқ? Онсыз да оларға халықтың өкпесі қара қазандай, жер комиссиясына кіріп ап, қойындарынан бөзі ағып отырыстары сол, іліп алар сөзі жоқ. 

Жерді шетелдіктер тұрмақ, өз еліміздің азаматтарына жеке меншікке сатуға болмайды. Жалға беру жағын да ойланып көру керек. Қазірдің өзінде не егістікке, не жайылымға жер жетпейді, талас тудырып жатыр. Шаруа қожалықтарына тегін берді дегенше, қып-қызыл дауға қалды деген сөз. Сонау кеңес өкіметінің кезінде ұжымшар боп үлестеріне жер алып қалған қазіргі қожалықтар бір-бірімен тартысып, соттасып жүр емес пе.

Жерді жалға жеке дара өтініш білдірген адамдарға ғана өлшеп қана беруге болады. Жер деген халықтың бәріне қол жетімді болғаны ләзім. Тұрмысын түзеп, еңсесін тіктеп алғанша, яки белгілі бір мерзімге дейін жалға алып, кері қайтарып, кәсіп етсе де екі жаққа да тиімді болар. Есесіне бюджетке жалға алған ақысынан бөлек, салық та тұрақты түсіп тұрады.

Қазақты қазаққа құл қылмақ «пасық» пиғыл болмаса екен. Қалталысы сатып алып, ақшасы жоғы жерсіз қалып, қазіргіден бетер әлеуметтік теңсіздік тудырып не керек. Ата-бабаларымыз жерді меншіктесе меншіктеген шығар. Бай-кедей боп бөлініп, жеке-жеке хандық құрып өмір сүргендіктен емес пе, көрінген бөріге таланғаны. Үш жүздің басы, жердің бүтіндігі үшін біріккен болар. «Бөлінгенді бөрі жейді» деп өтті ғой. Оның үстіне ол кездегі халықтың санынан бүгінгі жұрттың қарасы қалың. Жылдан-жылға ұрпақ көбейіп келеді. Оларға «ұлтарақтай» жер бұйырмаса, әлемде тоғызыншы орынды иемденгенімізден не қайыр. 

Шетелдіктерге талай жер асты байлығын «тарту» еткеніміз аздай, жетпегені жерді жалға беру еді. Болмайды. Болмайды.

 «Жер астынан жік шықты…» деуші еді. Әкімдерге қашан жер сұрап барсаң да «жоқтан» басқа жауап қайтармайтын. Жоқ жерден миллиондаған гектарлар қайдан шыға келді екен, енді. Қайда кеткен десек, сегіз де, сексен де, сегіз жүз де, сегіз мың да емес, 80 мың гектарлап Кулагин сықылды пысықайлар иемденіп алған екен ғой. Осының өзі «простой пример» түсінгісі келгенге.

Халық жерді шетелдіктерге жалға берудің пайдасын түсінбейтіндей «топас» болса да, жиырма бес жылдан бері біздің ақылды үкімет не бітірді, ауылшаруашылығының көсегесін көгертпей дейміз де. Бұқара зейнетақы қорындағы ақшасын берді, салықтың қисынсыз түрлерін көбейтсе де көнді. Енді, жерге «қауіп төнгенде», қурай баспақ тұрмақ, қуарып қалса да қолдан бермесін дәлелдеді ғой. Даурықтырып не керек!  

Мөлдір Нұрман

Связанные Статьи