Ақтөбедегі лаңкестікке қатысты Дін басыларымен бірге өткен жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев имамдардың «сауатсыздығына» қынжылыс білдірді. «Хош» делік!
Елімізде саляфизм, уахабизмнің «иісі» шыққалы 20 жылдан асты. Сол кездегі Мүфти Ратбек қажы елге ағылып жатқан арабтардан қауіп барын айтқан күйі кетті. Билік мәселеге дер кезінде мән бермеді. Салдарынан ел құлағы ешқашан естімеген ағымдар пайда болды. Тіпті сатананың сапалақтарына дейін кірді, жерімізге. Нағыз «апиынға» айналды. Ақтөбе, Атырау мен Тараздағы атыс-шабыс, жарылыстар биліктің есін жиғызды. Әттең, тым кеш еді. Әсіре, толеранттылығымыз – түбімізге жетейін деп тынды, ақырында.
Ақтөбеде бақандай үш күнге созылған теракт ешқандай ақтауға келмейтін, «катастрофа» болды. Лаңкестер ел ішін ылаңдап жатса, «Қазақстанда бәрі керемет» деп несіне көпіреміз?! Билік дінді – мемлекеттен бөлектесе, «Дін туралы» заң дімкәс болса, әбден есірген келімсектер елді діңкелетпей қайтеді?
Дін істері жөніндегі агенттік не үшін құрылды, осы? Мешіттердің садақа жәшігін аңду үшін бе? Қыруар қаржы шығындап сатып алған «садақа терминалдары» темір-терсекке айналды емес пе. Ал, әкімдіктер жанындағы ішкі саясат бөлімдері ше, не істейді? Бүгінде мешітке барсаң, имамын таппайсың. «Қайда?», «Жиналыста». Олардың экстремистермен күрестері әзірге дөңгелек үстел басынан әрі аса алмай тұр. Имамдардың уақытын «чиновничьи» жиындарға жұмсағанша, нәтижелі жұмыспен айналысса игі еді.
Мәселен, мектептерде, ЖОО-ында «экстремизм», «терроризм», «радикалдар» жайлы айтып, жат ағымдардан сақтандыратын дәрістер ұйымдастыру керек деп есептеймін. Дінбұзарлардың жетегінде өрімдей жастар жүр қазір. Ертең адасып кетпес үшін, бүгіннен бастап имамдар балалардың құлақтарына құйып, бір мезгіл тәрбие сабақтарын өткізіп тұрса, ұйып тыңдайтындарына сенімім мол. Бес сағат акиматтың «былшылын» тыңдағанша, бес минут жастармен шүйіркелескен пайдалырақ. Есесіне көзі ашық, көкірегі ояу, ненің ақ, ненің қара екенін ажырата алатын болады, ұрпақ.
Имамдарды әрекетсіз деуге келмес. Мешіттерге қаруланып баратын сақалы ұзын, балағы қысқа жұрттың санасын шаю тек имамдардың міндеті емес. Десе де, әлі күнге «сақалдылармен» сағаттап айтысып, бетпе-бет күресіп жатқан - имамдар. Бір тәуірі әнебір жылы «Дін туралы» заң «әупірімдеп» күшейтіліп, біраз балақ ұзарып қалған-ды. Жалпы саляфилер де, уахабилер де, барлық ағымдағылар да «қып-қызыл» өтірікшілер. Бүгінде олардың ұстанымы Ішкі саясат бөлімінің бір «жапырақ» анкетасы мен жүргізген сауалнамалармен өлшенетін болған. Жалған жауаптары қағаз бетінде қанағаттанарлық бағаланса, еркіне кете береді. Қысқасы олар «щайтан-шейхтарынан» басқа ешкімді елемейтінін ескерген жөн.
Біздің билік «қызық», негізі. Килікпейтін жерге шүйлігеді де жүреді. Мемлекет тарапынан Діни Басқармаға да, мешіттерге де қаржылай көмек көрсетілмейді. Сөйте тұра имамдарға міндет жүктейді. Мәселен, өткенде жер дауымен даурыққан жұртқа имамдар арқылы басу айтқызды. Тіпті кейбір әкімдер мешіттің мінберіне шығып ап, имам боп кете жаздады. Қазір мешіттерден саясаттың «иісі» мүңкиді. Жұрт рухани қуаттану үшін Жұмаға барса, саяси уағыз тыңдап шаршап қайтады.
Мүфтияттағылар «өз қотырын, өзі қасып жүр». Садақадан түскен ақшаға шынайы Исламды танытатын, тәрбиеге насихаттайтын кітаптар шығарып, қайырымдылық шараларын өткізіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік жеткізіп, балаларын киіндіріп, тағысын тағы жұмыстарды атқарып жатыр. Құраннан басқа қалқаны жоқ имамдардан не сұраймыз.
Бас Мүфтидің ақтөбеліктердің алдында ақталатындай жөні жоқ еді. Бұл одан бұрын басталған былық қой. Әр ата-ана үйде баласына бас-көз бола алмаса, түзде оларды кім түзетеді. Ал, елдегі жалпы діни ахуалдың ушығуына «әу» баста, келімсектерге қақпаны ашқан үкімет өзінен іздесін, кінәні. Мәселен, Бердібек Сапарбаев биліктің басында отырып, көз алдында не боп жатқанын байқамаса, имамдардың қолынан не келеді?
Имамдарды «сауатсыз» деп сөкпей, «қорғансыз» дегеніміз жөн шығар. Қарулы қаскөйлерге қарсы тұра алмайтын қорғансыз тек имамдар ғана емес, сарбаздар да, халық та екен. Еміс-еміс, елдің батысындағы радикалдардың имамдарға, отбасыларына қоқан-лоққы көрсететінін, тіпті намаз үстінде тыным бермейтінін естуші ек. Рас болғаны да. Әйтпегенде, Ақтөбедегі экстремистік ахуалдың асқынып тұрғанын айтқан облыстың бұрынғы имамы орнынан неге кетті?
Бір қаланың бүкіл имамдары үлкен жиынға кеткен екен. Сол күні әкімнің анасы қайтыс боп, барлық мешіттен имам таппапты. Сонда «Құдая Тоба, имамдар болмаса, жаназамыз да шығарылмайды екен-ау» - деп үйіне оралған екен. Сауатты имамдарды сауатсыз деп жүргенде, ауылдың дүмше молдасына да зар болып, «кірерге тесік таппай» қалмайық.
Мөлдір Нұрман