Апта басталғалы Ақтөбедегі терактілерді жасаған теріс ағымның, оның ішінде салафизм өкілдері екені анықталып, 2-3 күннен бері президенттен бастап, бұл ағымның әрекетіне ҚР аумағында тыйым салу қажет деп жатырмыз. Мемлекеттің кеш те болса, мұндай әрекетке барып жатқаны қуантарлық, құптарлық іс.
Алайда, бір нәрсе алаңдатады. Енді қазір кім мен салафит едім деп шығады деп ойлайсыздар? Ешкім! Себебі, еліміздегі сіз бен біз танитын салафиттердің бәрі өз идеологияларынан сырттай «уже» бас тартып қойды. Бұлар көсемдерінен бастап, құбылып үйренген. Дәлел керек пе? Кеттік.
Салафизм кеңінен қанат жая бастаған 2000 жылдардың басында әнші-депутаты, ақыны, көбікауыз уағызшысы бар, қазақтың дәстүрлі дінін, Қ.А.Яссауи бастаған әулиелер институтын, қазақтың салт-дәстүрін мансұқтайтын. Тіпті қызды-қыздымен Ақтамбердіні – Хақтағаламберді, Доспамбетті – Досмұхамед қылып жіберіп, одан әрі
«Бала берсе – тезінен,
Пірлердің тиіп демінен.
Шілтеннің тиіп шылауы –
Артылып туса өзімнен!» - деп Ақтамберді атамыз «ширк» жасапты ғой, Астағфируллаһ!» деп, жыр айтуды қойып, келе-келе – «шайтанның саңғағы» деп домбыраны тастап кеткен еді. Алайда, бұқара халықтың көңілі теріс бұрылып бара жатқан соң, амалсыз «ақталып» концерт беруге тура келді (бір құбылды). Кейін, қазақтар дәстүрлі дін ұстану керек деген науқанда, Шұбар мешітінде айтылған уағыздарды ысырып қойып, ықылым заманнан бері қазақтың дәстүрлі дінін, Ханафи мазхабын ұстанып жүрген болып, екінші құбылды. Қ.А.Яссауидің кесенесін сүріп тастау керек деп жүрген сабазың, ұлы Шайқының аты мен әулиелердің аты аталған жерде кірпідей жиырылуды қойып, үш құбылды. Жер мәселесінде тағы құбылды. Қысқасы, «қысқа күнде қырық құбылды». Енді, қара да тұрыңдар, өзінен бастап, осындағы күллі мүридтеріне дейін «Ойбай, салафиттерді ұстап, соттау керек!» деген науқанға көшеді жақында. Сол кезде кімдерді ұстап, кімдерді соттар екен, күштік құрылымдар?..
Жалпы, ер азаматтың «табанында бүрі болмағаны» қиын ғой. Кез-келген сәтте, кез-келген жерде тайғанап жүре береді. Мұндайды қазақ «тайғақ мінез екі тіл» деуші еді.
Ал, Шәкәрімнің тілімен айтсақ,
«Сөз мінезі құбылса,
Ар-иманы жоқ деп біл!
Аулақта жемтік шоқынса –
Оны ойыңмен айуан қыл».
Бұл – Принципсіз жанның портреті.
Енді, принципшілдікке келейік. Жалпы, бұл категорияларға жататын адамдар өмірде некен-саяқ болады. Оларды өзі айтқанды істемейтін дүмшелердің қатарына өлсең де жатқыза алмайсың. Себебі, олардың өмірінің тіні – сол сертке, принципіне адалдықтан тұрады. Мысал келтірейін.
Осындағы көпшілік біледі, осыдан 6 жыл бұрын қоғамда резонанс тудырған «сопылар ісі» болды. Қазақстанды кеңінен жайлап бара жатқан салафизмнің жымысқы әрекеттерін анық әшкерелеп, кешегі қанды қырғындардың болатынын дәл болжай бастаған ат төбеліндей сопыларды – «принципсіздер тобы» мемлекет басындағы өздерін қолдаушы тұлғалардың көмегімен соттап жіберді. Олардың ішінде жасы жетпіске таяған, Қ.А.Яссауидің ілімін қазақ топырағында қайта тірілткен, тәулік бойғы құлшылығында Елдің бірлігі мен тыныштығына дұға қылып отырған Исматулла ақсақал 14 жылға сотталса, әлемдік деңгейдегі (астын сызып оқыңыз) техника ғылымдарының докторы, профессор, 28 жасында МГУ-да докторлық диссертациясын қорғаған дарынды математик, Гумбольдт сыйлығының иегері (мұны Асқар Жұмаділдаев секілді санаулы ғалымдар ғана иеленген), механика, мұнай өндірісі, жасыл энергия саласындағы 6 ғылыми патенттің иегері, сол кездегі Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ механика кафедрасының меңгерушісі, шын ғалым Саят Ыбыраев 12 жылға сотталып кетті.

Сонда, Саят Ыбыраевқа тағылған айыптың бірі: «ҚазҰТУ қабырғасындағы лекцияларының бірінде «Қазіргі таңда елімізде «вахаббит», «құранит», «салафит» деген секілді «иттер» қаптап кетті. Солардан сақ болыңдар!» деп діни алауыздық пен араздық тудырған. Вахаббизмнен сақтандыру үшін «Обыкновенный вахаббизм» деген деректі фильмді көруді ұсынған».
Енді өздеріңіз мына АБСУРДҚА қараңыздар! Азаматтардың ел «сопылар» деп атаған бір тобы ел ішін ала тайдай бүлдіріп жатқан теріс діни ағымдарды анық көрсетіп, ашық сынап, ел қауіпсіздігі жолында мемлекеттің күштік құрылымдарына көмектеседі. Ал, оларды сол күштік құрылымдар алды 14 кемі 6 жылға соттап жібереді. Артынша, ел ішінде сопылар сақтандырған «вахаббизм» мен «салафизм» өкілдері сериялық терактілер жасай бастайды.
Алматыда Қалқаманда, «микрорайондарда» Рузымбай Ішімбетов бастаған экстремистердің қанды оқиғасы, Ақтаудағы Дәурен Әлімбековтер бастаған түрмеден қашу қырғыны, Ақтөбенің Шұбаршиі мен Қеңқияқтағы атыс, сол батыстағы ҰҚК кеңсесіндегі жарылыс пен Тараздағы Қариевтің лаңы, Алматыдағы Каменкадағы жарылыс пен «Таңдағы» атыс, Іле Алатауы мемлекеттік қорығындағы қанды қасап пен Атыраудың Құлсарысындағы атыс, Балқаштағы қырғын мен Алматының қақ ортасында полицейлерді себепсіз атып кетіп, Бурундайда атысып өлген баскесерлер, кешегі Ақтөбедегі қырғын – осының көрінісі. Сонда бізге «Батыс майданында бәрі тыныш» деп құмға басын тыққан түйеқұс құсап отыра беру үшін осынша құрбандық қажет болды ма? Енді принципшілдік дегенге қайта оралайық. Естуімізше, жоғарыда біз сөз етіп отырған Исматулла ақсақал да, Саят Ыбыраев та өзіне осыншама қиянат жасалып, тар қапаста отырса да, әу бастағы дәстүрлі ұстанымынан айнымастан, «енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деп, елін сүйіп, оның тыныштығы үшін дұға қылудан айнымастан отыр...
P.S. Айтпақшы, иек астында EXPO-2017 келе жатыр ғой. Жергілікті ғалымдар көрмеге қояр селт еткізер жаңалық іздеп әуре болуда. Ғалым Cаят Ыбыраевтың ғылыми жұмысымен таныс адам ретінде айтайын, оны босатып, ғылыми зертханада жұмыс жасауға мүмкіндік берсе, біздің көрме ұйымдастырушыларын осы ұяттан бір құтқарса, сол адам құтқаратын еді.
Нұраддин Садықов