Танымал ғалым, «Алтын адамды» алғаш тапқан археолог, Бекмұханбет Нұрмұханбетов дүниеден озды, – деп хабарлайды Qamshy.kz.
Ғалымның кеше сағат 23.30-да қайтыс болғаны хабарланды.
Бекмұханбет Нұрмұханбетов 1935 жылы 17 мамырда Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университеті тарих факультетінің түлегі. 1969 жылы жас археолог жетекшісі Кемел Ақышев екеуі Есік қорғанынан ғажайып тарихи ескерткіш тапқан еді.

Ғалымның зерттеушілік жолы қола дәуірінен (б.з.б. 14 ғ.) ортағасырлық (б.з. 10 – 12 ғ-лар) кезеңдерге дейінгі аралықты қамтыды. Қаңлы заманын (б.з. 2 – 4 ғ-лар), көне түркі дәуірін (б.з. 4 – 8 ғ-лар) тұрақты зерттеді. Атап айтқанда, Отырар өңірінің Көкмардан, Күйікмардан қалаларының жұрттарындағы зираттарға, Арыс өз. бойындағы Бөріжар, Қарааспан, Бөген обаларында қазба жұмыстарын жүргізді. Көне мұраларды қорғау және пайдалану жұмыстарын жолға қою мақсатымен 1980 ж. жедел көмек тобын құрды. Бұл шағын топ кейін Қазақстан аумағын түгел қамтып, сақ қорғандары Шұбарт, Молалы, Қырғауылды, Боралдай, Есік, Түрген обаларын қамқорлыққа алды. 1999 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында “Алтын адам” Ұрпақтар сабақтастығы ассоциациясын құрды. Ассоциацияның басты мақсаты – “Алтын адам” табылған Есік обаларын ашық аспан астындағы мұражай-қорыққа айналдыру. Бекмұханбет Нұрмұханбетов өмірінің соңғы күндеріне дейін осы обалардың қоғамдық негіздегі шырақшысы міндетін атқарып келді. Археолог-ғалымның 50 шақты ғылыми мақалалары, көпшілікке арналған 200-дей материалдары жарық көрген.