Президент жариялаған мораторий шілдеге дейін заңмен бекітілуі тиіс (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170709025122461_small.jpg

«Жер кодексіне» былтыр енген өзгерістердің кей нормаларын жүзеге асыруды тоқтата тұру туралы Президент Жарлығы заң күшіне енетін 1 шілдеге дейін заңмен бекітілуі тиіс екен, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31-арнаға сілтеме жасап.

Қоғамда қызу талқыға түскен жерді сату және жалға беру туралы кодекстің күшіне енетін мерзімі таяған сайын парламент жанталаса бастады. Бүгін мәжіліс депутаттары заңды тоқтата тұру туралы құжатты мақұлдады. Тіпті, жуырда ғана ауыл шаруашылық министрі болып, кеше вице-премьер атанған Асқар Мырзахметовке көп салмақ түсірмей, өзара келісіп қабылдап жіберді.

Жер кодексін халыққа түсіндіре алмағаны үшін айыпты болып, жұмысынан айрылған Асылжан Мамытбековтың орнын басқан Асқар Мырзахметовтің жаңа лауазымда мәжіліске бірінші келуі еді. Кеше ғана премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалған басшы, жер кодексі жөніндегі комиссияның төрағасы да атанған болатын. Өткен аптада Ақмола облысында бас қосқан комиссия мүшелері, осы сенбіде Алматы облысында жиналмақ.

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ, ҚР Ауыл шаруашылық министрі, вице-премьер:

- Комиссия барлық елді-мекенді толық аралау шарт емес шығар. Өйткені комиссияның алғашқы отырыстарында қабылданған шешімге сәйкес қазіргі облыстарда құрылған қоғамдық кеңестерге осы жұмысты өңірде барлық елді мекендерді қамти отырып атқару тапсырылған.

Алдағы жиында комиссия отырысын Бақытжан Сағынтаевпен бірлесіп басқарамын, ары қарай өзім жеке қолға аламын деген Асқар Мырзахметов дау тудырған заңды тоқтата тұру жөніндегі баяндамасымен мәжілісмендердің алдына барды. Депутаттар министрге сұрақ қоймақ түгіл "уақыт тығыз" деп өз-өздерін асықтырды.

САПАРХАН ОМАРОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 2016 жылғы 1 шілдеге дейін қабылдау қажеттігін ескере отырып және осы заң жобасы бас комитеттің және жұмыс тобының отырысында жан-жақты талқыланғандығын ескеріп сіздерден оны 2-ші оқылымда қарау мәселесін бүгінгі отырыстың күн тәртібіне енгізуді сұраймын.

Осылайша екінші оқылымда да талқылаусыз мақұлданған заң жобасы сенатқа жолданды. Былтыр қабылдап жіберіп, кодекстегі 4 бапты қайта қарау керек деп президент тоқтатқаннан кейін өз қателіктерін түсінсе керек. Келген жұмысын ойдағыдай бітіріп шыққан министрге журналистердің тағы сұрағы болды.

АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ, ҚР Ауыл шаруашылық министрі, вице-премьер:

- Ол қаптағандықтан емес. Ол жоспарлы түрде өңделетін алқаптарда жұмыстың дер кезінде атқарылмағанынан ғана орын алып отырған мәселе. Мұны 2000 жылдағы шегірткенің қаптағанымен салыстыруға болмайды.

2000 жылы шегіртке қаптағанда ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары болған Мырзахметов мырза биылғы жағдайды белгілі бір жауапты тұлғалардың салғырттығы деп пайымдайды. Арнайы құрылған комиссия бұл болжамды растаса, олқылыққа жол бергендер жазаланбақ. Ал дихандардың шығынын кім өтейтіні туралы ешкім тіс жармады.

Связанные Статьи