Екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін Әлем чемпионы, ауыратлет Илья Ильин допнг дауына қарамастан Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадаға дайындығын жалғастыра бермек, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Ол бұл туралы өзінің инстаграмдағы парақшасында жазды.
«Бүгінгі ақпарат мен үшін төбемнен жай түскендей болды. Ауыратлетика Халықаралық федерациясының ережесіне сай, мен туралы барлық ақпарат ADAMS жүйесінде, яғни, менің әр күнім сағат бойынша, қайда жүретінім барлығы көрсетілген. Бұл жаттығу уақытына да, жеке демалысыма да қатысты. Мені Антидопингтік агенттік бақылаушылары кез-келген уақытта келіп тексере алады, мен олар үшін ашықпын. Биылдың өзінде екі рет, Польшада және Алматыдағы жиында допинг бақылаудан өттім», - деген ол өзінің 2004 жылдан бері допинг-сынамалар тапсырғанын, ешбірінің допинг қабылдағанын дәлелдейтін нәтиже көрсетпегенін айтқан.
«Мен Рио Олимпиадасына дайындықты жалғастыра беремін, аяғына дейін баруға бекіндім. Спорт басшылығы процеске барынша қосылып жатыр, маусымның соңына дейін нәтиже болады деп ойлаймын. Менің Олимпиадаға қатысуға өтініш беру үшін шілденің ортасына дейін уақытым бар», - дейді И. Ильин.
Спортшы жазбасын «Қандай шешім қабылданса да мен өзімнің аз ғана өмірімнің 20 жылға жуығын спорт залда жаттығумен өткізгенімді білгендеріңізді қалаймын. Мен күніне үш реттен ауыр жаттығулар жасадым. Өз елім, халқым алдындағы мойныма артылған жауапкершілікті сезіндім, әрқашан тек жеңіс үшін күрестім. Осы жылдар ішінде, қиындықта да, қуанышта да Сіздер мені қолдадыңыздар. Қазір де Сіздердің қолдауларыңызға үміттенемін. Өздеріңіздің Ильяларыңыз» деп аяқтаған.
Бұған дейін қазақстандық төрт бірдей ауыратлеттің спортпен шұғылдануына шектеу қойылғаны туралы хабарлаған болатынбыз.