Белгілі саясаттанушы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры, терроризм мен экстремизм мәселелерінің зерттеушісі, «Халифат әскері: аңыз бен шындық» кітабының авторы Ерлан Қарин Ақтөбедегі теракті «ұйқыдағы радикалды ұяшықтардың» ісі деген баға береді. Оның ойынша, соңғы жағдайға 2011-2012 жылдары елімізде осы тектес оқиғаларға себепкер болып, ұсталған содырлардың теріс идеологиясымен санасы уланған «ұйқыдағы» топ өкілдерінің қатысы бар. Өткен жылы әлемнің 95 елінде болған терактілер Қазақстан үшін де үлкен қауіптің басын ашып отыр. Назарларыңызға Ерлан Қариннің «Айқын» газетінде жарияланған сұхбатын ұсынамыз.
– Ерлан аға, Ақтөбеде болған экстремистік шабуылдар бүкіл Қазақстан халқының қабырғасын қайыстырды. Сіз әлеуметтік желідегі жазбаларыңызда Ақтөбедегі оқиғалардың радикалды «ұйқыдағы» ұяшықтың іс-әрекетке көшкенінің нәтижесі болуы мүмкіндігін жеткіздіңіз. Бұлардың оянуына не себеп болды: сырттан келген тапсырма ма, әлде іштегі күштердің қозғауы ма?
– Бұл еліміздегі радикалды іс-әрекеттің бірінші көрінісі емес. Өкінішке қарай, осыған дейін де экстремизм мен терроризмнің басқа да көріністері, ұқсас оқиғалар елімізде болған еді. Әсіресе, 2011-2012 жылдары республикамыздың әртүрлі өңірлерінде радикалды топтардың белсенді әрекеттері салдарынан қарулы қақтығыстар болып, оның нәтижесінде бейбіт азаматтармен қатар, құқық қорғау органдарының өкілдері де қаза тапты. Бірақ мұндай оқиғалар бұрын-соңды болса да, қазірше елімізде терроризмнің қауіп-қатері институционалды формаға ие болмағанын мойындауымыз керек. Яғни терроризммен ұзақ жылдар күресіп келе жатқан басқа елдер нақты бір радикалды күштермен, террористік ұйымдармен ашық соғысып жатса, сәйкесінше, бұл елдерге радикалды террористік ұйымдар, мәселен, «әл-Каида», «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Түркістан ислам партиясы» сияқты құрылымдар қауіп төндіріп жатса, біздің елімізде негізгі қауіп-қатерді төндіріп отырған автономды, ұсақ радикалды топтардың ошақтары боп тұр. Көп жағдайда оларды «ұйқыдағы радикалды ұяшықтар» деп атаймыз. Бұл – терроризмді зерттеумен айналысып келе жатқан сарапшылардың зерттеу барысында қолданатын атауларының бірі. Олар белгілі бір сырттағы террористік ұйымдармен тығыз байланысы жоқ немесе халықаралық, шетелдегі белгілі бір террористік ұйымның бөлімшесі емес топтар. Негізінен, олар қылмыстық мүдделердің тоғысуының нәтижесінде, радикалды ойлардың төңірегінде топтасады. Көбіне теріс ойларын талқылаумен уақыт өткізіп, нақты іс-әрекетке көшпейді. Белгілі бір іс-әрекетке қандайда факторлардың әсерімен көшуі мүмкін. Мәселен, егерде сырттан тапсырыс келсе немесе өз беттерімен оқып жүрген үгіт-насихат материалдарының ықпалы зор болса, әрекет ете бастайды.

Менің ойымша, Ақтөбедегі топ – осындай радикалды ұяшықтардың бірі. Оларда қандайда бір шетелдік ұйымдармен екіжақты тұрақты байланыс болмаған. Бірақ соңғы кезде интернеттегі, әлеуметтік желілердегі еркін таралып жатқан экстремистік бағыттағы материалдардың ықпалымен радикализациялануға ұшырап, нақты бір іс-әрекетке көшкен болуы да мүмкін. Яғни, бұл ұзақ жоспарланбаған, бей-берекет жасалған теракт.
– Жастардың радикалды ұйымдарға кетуіне не себеп: жұмыссыздық па, әл-ауқаттың төмендігі ме, әлде Сирия туралы адасушы һәм «романтикалық» көзқарас па? Жалпы, Сириядан оралғандар елге қаншалықты қауіпті?
– Бұл сұрақты екіге бөлуге болады. Жастардың радикалды топтарға кіруіне бірнеше себеп бар. Сіз айтып отырған қоғамдағы басқа да құбылыстар сияқты, терроризм де – қоғамдағы бір емес, бірнеше факторлардың әсерімен дамып жатқан қауіп-қатерлердің бірі. Бұл қандай факторлар? Ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық факторлар: жұмыссыздық мәселесі, азғантай табыс тауып, соған күн көруі. Бұл арада олар әртүрлі топтардың жалған үгіт-насихатына, ықпалына оңай өтіп кетеді.
Өткен жолғы сұхбатымызда көтерген мәселеміз де – жастар арасындағы маргиналдану проблемасы еді. Оның үстіне, жемқорлық та үлкен қоғамдық дертке, қатерге айналып отыр. Жемқорлық мәселесі әлеуметтік әділетсіздік проблемасын одан бетер қоздырып, асқындырып, жағдайды шиеленістіреді. Осындай барлық факторлардың жиынтығында қоғамда радикалдандыру проблемасы жүзеге асуы мүмкін. Екінші жағынан, осындай жағымсыз құбылыстар қоғамда жүргізіліп жатқан модернизациялық процестерге қарсылықтардың немесе соны түсінбеушіліктің салдарынан туындайды деуге болады. Яғни белгілі бір қоғамдағы өзгерістер қатты жүріп жатқан кезде жастардың белгілі бір бөлігі осы процестерге ілесе алмайды. Бұған қарама-қарсы балама табуға өздерінше тырысатыны да содан. Осылайша, жаңа идеологиялық нормаларды шығарып, солардың соңынан еріп кетеді.
Бұдан тыс қоғамда байқалып жатқан тағы бір үлкен мәселе – криминалдану. Елді, аудан-ауылдарды аралап жүргенде байқайтынымыз, шынында да, орташа деңгейдегі қылмыстық іс-әрекеттердің көбеюі, заңбұзушылықтардың жиі орын алуы, кейбір жастардың оңай табыс табамыз деп қылмысқа жиі баруы өзекті боп тұр. Соның нәтижесінде жастар қылмыстық жауаптылыққа тартылып, түрме, колонияға түседі. Ал түрме-колониялардан радикалды ойлармен уланып, былайша айтсақ, түрмеге қылмыскер боп түсіп, түрмеден радикал боп шығып жатады. Ақтөбедегі террористік шабуылдарға қатысқан 18 азаматтың 7-і бұрын әртүрлі қылмыстық іс-әрекеттер бойынша сотқа тартылған екен, атап айтсақ, ұрлық, тонау, кісі өлтіру баптары бойынша сотталған. Ал, 2-і экстремизм баптары бойынша жазасын өтеген.

– Ал Сириядан оралып жатқандар қоғамға қауіпті ме?
– Сирия мәселесі өз алдына үлкен де қиын тақырып. Бұл қазіргі таңда үлкен жаһандық проблемаға айналды. Сириядағы жанжалға әлемнің көптеген елдеріндегі радикалды топтар ұмтылып отыр. Соның нәтижесінде соңғы деректер бойынша, ол жаққа әлемнің 80 елінен 30000-ға жуық азамат қару алып қосылған. Сарапшылар сол 30000 азаматты шартты түрде үш топқа бөледі. Біріншісі – араб тілінде сөйлейтін араб елдерінен барған содырлар. Екіншісі – ағылшын және француз тілінде сөйлейтін, Еуропа елдерінен барып қосылған экстремистер. Үшіншісі – ТМД елдерінен, дәлірек айтсақ, Ресей мен Орталық Азия елдерінен барған содырлар. Әсіресе, 2013 жылы Сирияда әскери жанжалдың күшеюінің салдарынан үгіт-насихат жұмысы күшейіп, соның ішінде біздің елден де біраз азаматтар соғыс ошағына ұмтылған болатын. Соңғы мәлімет бойынша, 200-ге жуық азаматымыз Сирия еліне кеткен. Бірақ соңғы зерттеулердің нәтижесі бойынша, Сирияға барып жатқан қазақстандық азаматтардың саны біршама азайған. Мәселен, Қырғызстаннан 500-ге тарта, Тәжікстаннан 1000-ға жуық азамат содырлар қатарын толықтырған. Олармен салыстырғанда, біздің елден Сирияға аттанушылардың саны біршама азайды. Дегенмен Орталық Азиядан, оның ішінде Қазақстаннан кетіп жатқан азаматтар аса белсенді, белгілі бір топтардың басшысы болуға немесе жеке жасақтар құруға ұмтылып жатады. Сирияға кеткендердің біраз бөлігі оққа ұшып, қаза тапқан. Соңғы деректер бойынша 100-ге тарта қазақстандық азамат әрқилы әскери іс-қимылдардың нәтижесінде мерт болған. Олардың бірқатары өз отбасыларымен бірге кеткенін ескерсек, бұдан тағы бір проблеманың басы шығады. Қаза тапқан қазақстандықтардың әйелдері мен бала-шағалары жанжал болып жатқан жерлерде өз еркімен емес, белгілі бір мәселелердің әсерімен соғыстың құрбанына айналып отыр.
Әке-шешелері оққа түсіп өлгеннен кейін содырлар балаларын бөліп, оларды балалардан жасалған әскери жасақтардың құрамына енгізеді. Мұның өзі үлкен проблема. Сирияға кеткен әрбір адамның оқиғасы, хикаясы – үлкен трагедия. Олардың жалған идеологияларға сеніп, өз Отанын тастап, басқа бір мүдделер үшін өз өмірлерін құрбандыққа шалып жатқаны өкінішті.
Кезінде мен Сириядан қайтып келген немесе белгілі бір себептермен тұтқындалған адамдармен сұхбат жасаған едім. Сонда көпшілігі сол жаққа жеткеннен кейін онда, шын мәнінде, қасиетті соғыс – жиһад емес, белгілі бір топтардың, күштердің өзара есеп айырысуы жүріп жатқанын және сырттан келгендерді өз мақсаттары үшін пайдаланып отырғандарын түсінеді. Бірақ артқа шегіну мүмкін емес. Ол жаққа бару оңай да, қайтып келу қиын. Сондықтан бұл жерде осындай идеологияға бейім азаматтардың, жастардың арасында мейлінше өз Отаныңнан артық мекен жоғын түсіндіруіміз керек. Өз мемлекетің қашанда сені қорғайды. Өз мемлекетіңе опасыздық жасап, қолыңа қару алып, басқа бір мемлекетке кетуіңе ешқандай да негіз жоқ. Ол жерде ірі мемлекеттер мен белгілі бір күштер арасындағы текетірес қана бар. Сирияға кеткендер ұсақ мүдделер үшін өзге бір күштердің ойыншық құралына айналып, құрбандыққа шалынып, өмірлері бостан-босқа қиылып жатыр.
– Терроризм мен экстремизмді зерттеп, тіпті, Ауғанстан, Сирия сияқты толассыз террорлық актілердің ошағында болып-қайтқан білікті маман ретінде бұл оқиғалардан қандай сабақ алуымыз керек деп ойлайсыз? Естуімізше, сіздің ойыңызша, бұл жайт елімізге ұзаққа келген трендке айналуы мүмкін сияқты ғой...
– Жоғарыда айтқанымдай, терроризм мен экстремизмнің қаупі бізде институционалды формаға ие болмаған. Бұл осы жылдардағы радикализм, терроризммен күрестегі белгілі бір нәтижелеріміз. Яғни біз осы уақытта радикалды топтардың үлкен бір ұйымдармен бірігуіне жол бермей, қарсыласқан қарулы іс-әрекеттерді болдырмау бағытында нәтижелі жұмыстар атқардық. Дегенмен бізге ешқандай да қауіп төніп тұрған жоқ дей алмаймыз. Бұл – объективті құбылыс. Алып мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас жылдан-жылға нашарлай түсуде, мемлекеттер ашық текетіреске дейін баруы мүмкін. Біз мұны Украина, Сирия сияқты елдердің мысалынан көріп отырмыз. Соңғы 5 жылда әлемде 15 жаңа жанжал ошағы пайда болған. Жыл сайын әлемде 12000-ға жуық террористік фактілер орын алуда. Мысалы, өткен жылы әлемнің 95 елінде террористік шабуылдар жасалған. Осыдан-ақ бұл дерттің, қауіп-қатердің бүкіл әлемді қалай жаулап жатқанын көруге болады. Екінші жағынан, біз ашық мемлекетпіз, жаһандық геосаяси процестерге белсене араласып отырмыз. Сондықтан ашық процесс жүзеге асып жатқан соң, бізге жағымды факторлар қалай әсер етсе, жағымсыз факторлар да дәл солай ықпал етеді.
Радикализм мен терроризмнің ерекшеліктерін ескере отырсақ, ол вирус сияқты. Себебі, елімізде оның ошақтары алғаш 2003 жылы пайда болған еді. Сырттан елімізге екі содыр келіп, арнайы мақсатпен топ құрған болатын. Ол топ дер кезінде әшкереленіп, мүшелерінің барлығы қамалды. Бірақ маңайында жүрген бірнеше кісі 7-8 жылдан кейін еліміздің әртүрлі өңірлерінде «ұйқыдағы» радикалды ошақтарды құрып, олар өз кезегінде 2011-2013 жылдардағы оқиғаларды қолмен жасаған топтардың құрылуына себепкер болған. Ал Ақтөбедегі шабуылды ұйымдастырып отырған топ мүшелері – 2011 жылы талқандалған радикалды топтың қалдықтары. Яғни әшкерелеп, құрықтап, қамап, жауапкершілікке тартып отырса да, олар бәрібір де өз залалын тигізбей қоймайды. Организм мен денеге вирус қалай кірсе, дәл солай терроризм де адамның санасын улайды. Сондықтан ең алдымен осыны түсініп, табандылықпен белгілі бір шешімдерді қабылдап, жүйелі түрде күрес жүргізіп отыруымыз керек.

– Қай заман болмасын, Қазақстан үшін діни мәселе аса өзекті болды. Қайбір жылы «Хиз-ут-Тахрир», «Мұсылман бауырлар», «Талибан», «Шығыс Түркістанды азат ету», т.б. ұйымдардың белсенділігіне байланысты күрес өзекті болса, бертін келе исматоллашылардың ағымы аяусыз әшкереленді. Бұл мемлекеттің көпдінді саясатты қолдап, көп жерде ұраншылдыққа бой алдырып, өз қолдарынан идеологиялық тетіктер мен ұлттың басын біріктіретін факторларды шығарып алғанынан емес пе?
– 2011 жылдары да, қазір де бұл оқиғаларға қатысқан азаматтардың жас ерекшеліктерін байқайтын болсаңыз, Ақтөбедегі терактіге қатысқан азаматтардың кейбірінің жасы 2011 жылы небары 14-те болған. Орташа жастары 25-те болған. Әрине, терең білім, таным-түсінік болмаған соң, айналадағы оқиғалар мен процестерді қарапайым түрде қабылдап, өз беттерінше тұжырым жасауға асығады. Екіншіден, біз ашық саясат жүргізіп жатқан мемлекетпіз, мұндай оқиғаларға жол бермеудің тәсілі оп-оңай. Ол – бәрінен оқшауланып, жабық мемлекетке айналу. Біздің көршілеріміз бен басқа да елдердің үлгілеріне қарасақ, олар осындай проблемаларды шешуге бас қатырмай, шекараны тарс жауып, басқа бір мемлекет азаматтарының келіп-кетуіне шектеу қойып, оқшауланып, өздерімен-өздері өмір сүріп жатыр. Әрине, бұл ең оңай тәсілі. Бірақ олай өмір сүру де қатерге толы. Бүгінгідей бәрі бір-бірімен қайнасып жатқан уақытта оқшауланып өмір сүру мүмкін емес. Онсыз экономика, ғылым, мәдениет, білім, жалпы қоғам мен мемлекет дамымайды. Сондықтан біз ашық, жариялы мемлекет құрып жатырмыз. Осындай саясат жүргізгеннен кейін, әрине, осындай теріс факторлардың ықпалы болмай қоймайды. Соған сәйкес, біз діни салада расында да, ашық, либералды саясат жүргіздік. Бәріне бірдей мүмкіндік жасалды. Сол мүмкіндікті кейбір ағымдар теріс мақсатта пайдаланғаны бар. Осыны ұғынғаннан кейін бұған белгілі бір тосқауылдар қойылды.
Бір нәрсені ұмытпауымыз керек, бізде идеологиялық вакуум проблемасы бар. 25 жыл бұрын біз басқа мемлекеттің құрамында, басқа экономика мен идеологиялық саясат жүргізілген елде тұрдық. Кеше ғана тәуелсіздік алып, жаңа жүйені қалыптастыруға көштік. Осындай кезде қоғамдық сана-сезім қалыптастыру мен идеологиялық-ақпараттық салада белгілі бір вакуум, кешегі жастарды тәрбиелеуде қолданылған пионер, комсомол сияқты қоғамдық институттардың орнын жаңа институттармен толтыру мәселесі туындады. Біз кеңестік кезеңдегі институттарды жай көшіріп алып, қоғамға енгізе алмаймыз. Біз тоталитарлы мемлекет емеспіз. Яғни біртекті идеологияны сіңірте алмаймыз. Бізде алуан түрлі көзқарастар бар. Қоғамның айнасына айналған Фейсбукті қарасаңыз, он адам он түрлі жазады. Әр оқиғаның бірнеше өлшемі шығатын болды. Біз қоғамда үлкен трансформация болып жатқанын ескере отырып, соған сәйкес жұмыс жасауымыз керек.
Бұл проблеманы қозғағанда, діни саладағы түйткілдерді айтпай кетпеуге болмайды. Себебі, радикалдану мен экстремизмді тудыртып отырған негізгі факторлардың тағы бірі – діни саладағы мәселелердің күрделенуі. Яғни бізде мұсылмандар арасында үлкен бөлінушілік байқалады. Еліміздің дін жолында жүрген азаматтарының бөлінгені бір бөлек, әртүрлі топтарға, әртүрлі ағымдарға жіктеліп, өзара күресіп жатады. Есіңізде болса, 5-6 жыл бұрынғы сұхбатта діни мәселені де қозғағанбыз. Сол сұхбатта қазақтың жіктеле бастағанын, бұрын екіге, үшке бөлінсе, бүгін бөліну себептерінің көбейіп кеткенін айтқан едім. Расында да, бұрын біреу қазақша сөйлесе, соған қуанатын едік. Біреу «бісміллә» десе, «мынаның иманы бар екен» деп ойлаушы едік. Қазір қазақша сөйлегені де, «бісміллә» деп намазға жығылғаны да жеткіліксіз, оның дін жолында қалай жүргені, қандай бағытта болғаны да аңғарылуы тиіс. Қазір ең бастысы – барша мұсылман бауырларымыздың ынтымағын арттыру. Меніңше, ең алдымен осы мәселені шешуіміз керек.
– Сіз террористер тіркелген Вконтакте әлеуметтік желісін шектеуді ұсынып, көптеген саясаттанушылар мен БАҚ өкілдерінің қолдауына ие болдыңыз. Қаншалықты бұл бастама мәселені шешуге ықпалын тигізбек?
– Көбісі мұны мәлімдеме сияқты қабылдады. Шын мәнінде, бұл Фейсбукте жарияланған жай жазба пікір ғана еді. Анығын айтсам, Вконтакте желісін жабайық деп нақты ұсыныс білдіргенім жоқ. Тек жұрттың назарын жалпы әлеуметтік желілерге, оның ішінде, әсіресе, Вконтакте желісінде болып жатқан жағдайға аудартқым келді. Өкінішке қарай, бұл желіде балаларды суицидке шақыратын контенттен бастап ашықтан-ашық мемлекетке қарсы әрекетке үндейтін арнайы аудио, видео, фотоматериалдар жарияланған. Оның ішінде көп жастар бүркеншік атпен емес, өз аттарымен оны пайдаланып жүр. Себебі, оларды ешкімнің бақылап отырмағанын бәрі біледі. Сондықтан бұл мемлекетке емес, ең алдымен өз оқырмандарыма жасалған үндеу еді.
Әрине, елімізде шешілмеген саяси-экономикалық проблемалар бар, бірақ тәрбие, ұлттық педагогика мен психология, дәстүр деген салада ешқандай да комиссия құра алмайсың, себебі ол абстрактілі мәселе сияқты. Әу бастан жер мәселесінде мүдделі азаматтар болып бас қосып, бәрін шеше алатынымызға сендім. Ал балаларды тәрбиелеу, отбасындағы жағдайларға, моральдық-этикалық мәселелерге байланысты кіммен комиссия құрып, кіммен бұл мәселені талқылайсыз? Бұл – әртүрлі мінбер мен алаңда айтылатын ағартушылық мәселе. Тәрбие, дәстүр сияқты танымдық мәселелерді күніге талқылап, күніге түйткілді тұстарын шешіп отыруымыз керек. Кеше ғана Ақтөбеде болған оқиғалардан кейін содырлардың туған-туыстары «байқамадық, білмедік» деп ақталып жатыр. Олар да біздің қандастарымыз. Әрине, ерлікпен қаза тапқан әкесінің жауынгерлік баскиімін киіп, жылап тұрған баланың суретін көрсең, жүрегің қан жылайды. Бірақ сол жауынгерлерге қарсы шығып, өз әйелін жесір, өз балаларын жетім қалдырған содырлардың жылап отырған әке-шешесін көріп, оған да жаның ашиды.
Мен үнемі айтып келем, мемлекеттің проблемаларын шешеміз деместен бұрын өз балаларымыздың тәрбиесін дұрыстап алайықшы. Біз осыған дейін патриотизмді қалай өлшеп келдік? Кім әдемі сөйлеп, ұрандатса, шыншыл сияқты көрінсе, соның бәрін «мынау патриот екен» деп бағалап жаттық. Бірақ алдағы уақытта патриотизм мұнымен өлшенбейді. Патриотизм, ең алдымен, әркімнің өз отбасындағы балаларына жауап беруі.
– Таң қаларлығы, шабуыл болған бірінші күні, жексенбіде бүкіл қазақстандық БАҚ, әсіресе, телеарналар қалыпты жұмысын жасап, шоу-концерттерін беріп, breaking news, яғни шұғыл жаңалық таратпаған соң халық арасында үрей мен қауесет таралып жатты. Ресми органдар да шұғыл мәлімдемелер жасап үлгермей жатқанда, бүкіл әлеуметтік желілерге фейк-ұйымдар туралы ақпарат пен Ресейдің билік және ақпарат көздерінен әрқилы мәліметтер тарап, ақпараттық кеңістігіміз тағы да ресейлік ұстанымда қалды. Бұған кім жауапты және оның салдары қандай болмақ?
– Әрине, бірқатар тосын жағдайларды көрдік. Дегенмен бізде жылдан-жылға ақпараттық жүйе мен құрылымдар теракт сияқты дағдарыстық жағдайлар кезінде жұмыс істеуді үйреніп келеді. Мен бір ақпарат құралын бөліп алып, мақтағандай болғым келмейді, бірақ өз басым «Қазақстан» ұлттық арнасына риза болдым. Ұлттық аза тұту күні олар өз арнасынан 3-4 сағатқа созылған жақсы бағдарламалар ұйымдастырды. Кезекпе-кезек келіп жатқан студия қонақтарын сөйлетіп, Ақтөбедегі студиясымен байланыстырып, жан-жақты ақпарат таратуға тырысты. Бұл ең алдымен – кәсіби біліктілік. Бір өңірде болған оқиғаны елдік деңгейде ортақ трагедия ретінде көрсете білгені, жан-жақты талқылау жасағаны – біліктілік. Мұндай ашық талқылаулар қоғамға аса қажет. Дәл осындай талқылаулар кезінде біз қоғам не істеу керектігін түсінеміз. Оның үстіне, біз елдің ішінде ақпараттық саладағы мүдделерімізді қорғауды үйреніп жатқан сияқтымыз. Ендігі кезектегі мақсат – елдің сыртында мемлекеттік позициямызды ресми институттармен бірге қорғауды үйрену.
– Көптеген сарапшылар ресми және жекеменшік БАҚ-қа балама ретінде әлеуметтік желілердің шыққанына өкінішін білдіреді. Ақпараттық салада ұзақ жылдар жүргізілген саясат ақпарат құралдары басшылары мен журналистердің ішкі цензурасын да арттырып тастады. БАҚ қызметін әлеуметтік желілердің өз қолына алғанын және мұның қаупін билік қаншалықты түсінеді?
– Мемлекет бәрін де бірдей өз қолында ұстай алмайды. Мемлекет те оны түсінеді. Ақпарат тарату бастамасы бұрыннан-ақ әлеуметтік желілерде таралып кеткен болатын. Сондықтан бұл жерде ақпараттық ресурстар, медиалар әлеуметтік желілерде жұмыс істеуді үйренуі керек. Біз, сарапшылар да желіде жұмыс істеуді үйреніп келеміз. Бұрын біз әртүрлі басылымға жеке-дара сұхбат беретін едік, қазір осындай жағдайлар кезінде әлеуметтік желілерге өз пікірімізді жариялаймыз, ал БАҚ-тар өздеріне қажет жерін пайдаланып, таратады. Бірақ бұл жерде қайтадан біліктілік мәселесіне тап боламыз. Беріп отырған ақпаратты тоғыз БАҚ дұрыс береді де, ішіндегі біреуі бұрмалап әкетеді. Кеше Баян Есентаева ханымның жағдайына байланысты біреулер ақпаратты растау үшін Облыстық Ішкі істер департаментіне хабарласып жатса, енді біреулер Талғардағы аудандық ауруханадан ақпарат алып жатты. Енді біреулері сол жағдайға байланысты жалған ақпарат таратып үлгерді. Бұл да біліктілік мәселесін аңғартты. Екінші жағынан, рейтинг пен парақшаларына лайк жинауды көздеген БАҚ-тар да болды.
– Сіздің «Халифат әскері: аңыз бен шындық» атты бірінші кітабыңыз сарапшылардың жоғары бағасына ие болды. Екінші кітабыңыздың жоспарда екенін білеміз. Онда Ақтөбедегі жағдай мен фейк, яғни, жалған террорлық ұйымдар туралы ақпарат енгізіле ме? Кітабыңыз қашан шығуы мүмкін?
– Бұл кітапты аяқтап жазып бітіруге уақыт болмай жатыр. Күнде бір жағдай, күнде бір оқиға... Негізгі жұмысым тағы бар. Мүмкін, жаз айларында оны тиянақтап алуым керек шығар. Бұл кітап, негізінен, азаматтардың Сирияға кету мәселесіне арналмақ. Орталық Азиядағы азаматтардың Сирияға неліктен барғаны, ол жақта қалай бөлініп, өзара соғысып кеткеніне арналады. Ақтөбедегі жағдайды нақты талдамаймыз, бірақ бөлек қарастыру ойда бар.
– Бұдан былай мемлекеттік және қоғамдық деңгейде қандай сақтық шараларын ұстануымыз керек? 5 маусымнан кейінгі өмір қандай болуы керек?
– Ең алдымен, өмір жалғаса береді. Әрине, сақ болуымыз керек. Тиісті шешімдерді табанды түрде қабылдауымыз керек. Ең бастысы, біз өзіміздің модернизациялық бағытымыздан таймауымыз керек. Мұнда ең қауіптісі – елде жарияланған, қабылданған бетбұрыстар мен өзгерістердің жоспарын бұзу. Теріс факторларға әрекет етудің бір жолы – жан-жақты тиімді модернизация. Оның жоспары бар. Ол – Елбасы бекіткен «Ұлт жоспары». Бізде стратегиялық бағыттар белгіленген. Ендігі мәселе – оны іс жүзінде қалай жүзеге асыру керектігін ұғыну.
Соңғы кезде сарапшылар өзгерістерді айтқан кезде, көбінесе, Грузияны мысалға келтіріп жатады. Грузиядағы айқын өзгерістің бір белгісі – полиция реформасы. Мүмкін, бізге де барлық бағыттар бойынша көрсеткіштер көрсетуге асықпай, халықтың тұрмысына тікелей қатысы бар сезімтал бағыттар бойынша нәтижелерге қол жеткізу керек шығар. Менің ойымша, бұған қоса сот реформасы мен білім беру жүйесіне де өзгеріс қажет. Себебі, сот реформасы –әділеттілікті орнатумен қатар, жемқорлықты ауыздықтауға жол ашатын мәселе. Білім беру жүйесін өзгерту – жас ұрпақты тәрбиелеу. Қалай болған жағдайда да өткен оқиғалар бәрімізге сабақ болды. Арнайы құқық қорғау органдарына да, үкіметке де, мемлекет пен қоғамға үлкен сабақ бұл. Сондықтан бұл жерде, әсіресе, тәрбие мәселесіне үнемі алаңдап, талқылап, оны шешу жолдарын қарастырғанымыз жөн.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Әңгімелескен
Кәмшат ТАСБОЛАТ
«Айқын» газеті. Түпнұсқадағы тақырып: Ерлан ҚАРИН, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры: Ақтөбедегі оқиға – мемлекет пен қоғамға үлкен сабақ