Кеше бірқатар ақпарат құралдары Үкімет отырысында орын алған бір жағдайды жарыса жазды. Премьер-министрге атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп отырған бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Тәжікстан басшылығымен трансшекаралық өзендер мәселесіне қатысты болған келіссөздің бірқатар жай-жапсарын айтып қалды.
«Тәшкенде әріптестермен әңгіме боды: Тәжіктер не ұсынды? Мынау біз келісіп жатқан жоспар. Былтыр мен Қырғызстанмен энергетика, тауар айырбасы жөнінде жұмыс істегенмін. Тәжіктер: «Бізбен де солай келіссеңдер қырғыздармен байланысып керек емес. Суды біз өзімізден жібереміз», - дейді», - деген болатын ол отырыста бірінші вице-премьер осы мәселеге орай Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің жұмысына пікір білдіре отырып.
Осыны айтып отырған Б. Сағынтаевтың сөзін Премьер-министр К. Мәсімов бөліп, ескерту жасайды.
«Біз жария кеңістікте отырмыз. Абай болыңыз», - деген премьер ескертуінен соң Б. Сағынтаев кешірім сұрап, сөзін кілт тоқтатады. Осы сәт Үкімет отырысын түсірген бейнекамераларда жазылып, көп ұзамай ақпарат құралдарында да жарияланды.
Артынша қырғыздық БАҚ та қазақ шенеунігінің осы сөздерін сынға ала бастады.
Осы орайда мынадай ой туады. Әрине, әріптестік, бауырластық қатынасы берік орнаған, тарихымыз ортақ, таным, мәдениетіміз ұқсас Қырғызстан мен Тәжікстанның арасында түсінбеушілік туып, алауыздық орнағаны бізге қажет емес. Бірақ, осындай ақпараттық қитұрқылықтар сондай кикілжіңге себеп болуы да мүмкін ғой. Сағынтаев ашық жиын үстінде бізбен энергетика мәселесінде келіссөз жүргізген бір елдің екінші елге қатысты көзқарасын айтып отыр. Бар болғаны Қырғызстанға қатысты Қазақстанның емес, тәжік басшыларының ұстанымын жеткізді. Осы жерде Сағынтаевтың дипломатиялық талаптарды ескермей, сөзден сүрінген тұсын жер жаһанға жариялау кімге қажет болды? Отырысты түсіріп жатқан ақпарат құралдарынан (оларды Үкіметтен тәуелсіз деп тағы айта алмайсыз) премьер мен орынбасары арасында болған әлгі диалогтың жарияланбауын өтінсе мұндай шу болмас еді ғой. Премьердің салған тыйымы орынбасарына қатысты болғанда, Үкіметке бағынатын БАҚ-қа қатысты емес пе? Б. Сағынтаевтың премьер ескертуінен соң кілт үзілген, аяқсыз қалған шолақ сөзін БАҚ-та жариялау қандай мақсат көздейді? Бұл Үкіметтің экономика, қаржы, индустрия, инновация, энергетика сынды маңызды салаларына басшылық жасап отырған салмақты шенеуніктің беделін түсіруге бағытталған астыртын шабуыл емес пе?
Бақытжанның беделі туралы сөз қозғауымыз тегін емес. Бұған дейін Б. Сағынтаев Асқар Мырзахметов министр лауазымына премьер-министрдің орынбасарлығын қоса алғанда да осыған дейін бес отырысын өткізген Жер комиссиясының жетекшілігінен алынып тасталды. Мұны кей ағайын әлдебір топтар Сағынтаевтың қазақ үшін өзектілігі жоғары жер мәселесін талқылаған жиын арқылы халық алдындағы абыройының артып кетуінен қауіптенді деп жүр. Қалай болғанда да Б. Сағынтаевтың бет-беделі біраз кісіге уайым болған сияқты. Ал, кешегі жағдайды «Сағынтаевты сүріндіру» операциясының жария түрдегі көрінісі дейміз бе?
Жомарт Абдоллаұлы