Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев сәләфизмге тыйым салу мәселесіне қатысты өз ойын білдірді, - деп хабарлайды Qamshy.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.
«Енді, оны қазір олай-былай болады деп айта алмаймын. Жалпы, сәләфизмнің өзінің идеологиясы бір кереметтей теріс деп айтқым да келмейді. Себебі Сауд Арабиясы мемлекеті осы бағытты қолдап, діндерінде қолданып жүр. Оның өзінде радикализмнің ештеңесі көрініп тұрған жоқ. Бізде соны бұрмалап алып кететін, соның атын жамылып, бірақ басқа бағытта адамның өміріне қауіп келтіретін, мемлекет құрылымына қауіп төндіретін мәселелер ол басқа дүние. Сондықтан ол мынау қойдың терісін жамылып алғанымен қасқыр қой болмайды. Иә, сондықтан ішкі құрылысын білуіміз керек. Сол себепті заңда, жалпы қабылданатын шешімдер де сол ішкі құрылысын танып барып, жасалуы қажет деп ойлаймын», - дейді депутат О. Өксікбаев.
Айта кетейік, күзде депутаттар діни бірлестіктердің қызметін реттеуге арналған заң жобасын қарауды жоспарлап отыр. Депутат Мәулен Әшімбаевтың ойынша, сәләфизмге қарсы біз өз идеологиямызды қоюымыз қажет. Ал Досай Кенжетайдың сөзіне қарағанда, сәләфизмге тыйым салынса, елімізде қантөгістер болуы әбден мүмкін. Дегенмен, Қазақстанның күш құрылымдары осы бастамаға дайын болса, аталған ағымға ешбір қиындықсыщ тыйым салуға болады.
Ал, бүгін ҰҚК басшысы 26 маусым күні қарағанды облысында лаңкестік әрекет жасауды жоспарлады деген күдікпен тұтқындалған 6 күдікті мен ұстау кезінде өзін жарып жіберген бір күдіктінің сәләфизм ағымын ұстанатын топ өкілдері екенін хабарлады.