Алматыдағы қисайған үйдің тұрғындарына жыл соңына дейін басқа пәтерлер беріледі (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170709033018148_small.jpg

Алматыдағы қисайған үйдің тұрғындарына жыл соңына дейін басқа пәтерлер беріледі, - деп хабарлайды Qamshy.kz «Алматы» арнасына сілтеме жасап.

«Алғабас-6» ықшамауданындағы ауытқыған 9 қабатты үйдің тағдыры осы аптада шешіледі. Іргесі сөгіліп, бір қапталына қисайған үйге сараптама жасаған жұмыс комиссиясы алдағы бір-екі күнде өз шешімін жариялайды. Соның нәтижесінде қисайған үйді қалыпқа келтіру не болмаса сүру туралы нақты шешім қабылданбақ. Бұл туралы арнамызға Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров хабарлады.

Қазір «Алғабас» ықшамауданындағы жалпы саны 97 үйдің барлығында толықтай тексеру жұмыстары жүргізілуде. Баспаналарды салған құрылыс компаниялары 15 шілдеге дейін өздері тұрғызған нысандардың сапасын тексеріп, кем-кетігін түзетеді. Шатырлар мен су жүйесін жөндеп, көріктендіру жұмыстарын жүргізу міндеттелді. Ал, қисайған үйді салған «Астана құрылыс» мердігер компаниясы 1 шілдеден бастап осы ауданда екі тұрғын үйді салуға кіріседі. Оның біреуі құлағалы тұрған үйден көшірілген тұрғындарға беріледі.

«Тура осы жобамен «Астана құрылыс» компаниясы жұмыс бастайды, екі үй салады. Екінші үйді өтемақы ретінде беруі мүмкін, қалаға сатады мүмкін, өздерінің қалауынша. Ал, бірінші үйге қисайған үйдің тұрғындарын бірінші желтоқсанда кіргізем деп уәде беріп, төрт жақты келісімге келіп жатырмыз. Құрылыс жұмыстары 1 шілдеде басталады. 16 желтоқсанға дейін толық кіргізіп, бітіреміз деген уәделерін беріп отыр. Ал, тіпті болмаған жағдайда 10- 20 күн айырмашылық болатын болса, құрылыс мекемесі компенсациясын ұзартады», - деді Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Бағдат МӘНІЗОРОВ.

Еске салайық, 1 маусымда «Алғабас-6» ықшамауданында мемлекеттік бағдарламамен салынған 72 пәтерлі 9 қабатты үй 34 см-ге шалқайып, ондағы 400 -ге жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Сапасыз құрылыстың салдарынан, жылы ұясын тастауға мәжбүр болған тұрғындар қазір мердігер компания берген уақытша пәтерлерде тұрып жатыр. Оларға «Астана құрылыс» компаниясы өз есебінен 50 мың мен 80 мың теңге аралығында өтемақы төледі. 

Связанные Статьи