Бүгін Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев сәләфизм ағымы анау айтқандай қауіпті емес деген сияқты ой айтыпты. Осыған байланысты мынадай сұрақтар туады.
Біріншіден, О. Өксікбаев мырзаның елде ҰҚК, ІІМ жүргізіп жатқан тергеу амалдары аяқталмайынша мұндай мәлімдеме жасауына не түрткі болды? Одан журналистер соңынан қалмай сұрайтындай имам емес, теолог емес.
Екіншіден, депутат сәләфизмді ұстанып отырған Сауд Арабиясын мысалға келтіріп, тіпті, үлгі ретінде ұсынғандай болыпты. Оның «Жалпы, сәләфизмнің өзінің идеологиясы бір кереметтей теріс деп айтқым да келмейді. Себебі Сауд Арабиясы мемлекеті осы бағытты қолдап, діндерінде қолданып жүр. Оның өзінде радикализмнің ештеңесі көрініп тұрған жоқ», - деген сөздерін қалай түсінуге болады? О. Өксікбаев мамандығы бойынша экономист пе, теолог па? Ең құрымағанда араб мемлекеттерінде елшілікте болып па? Бөтен елдің ішкі жүйесін неге Қазақстанға үлгі ретінде ұсынады?
Депутат «Бізде соны бұрмалап алып кететін, соның атын жамылып, бірақ басқа бағытта адамның өміріне қауіп келтіретін, мемлекет құрылымына қауіп төндіретін мәселелер ол басқа дүние», - деген сөздерімен не айтқысы келеді? Ақтөбедегі терактіге қатысты Елбасының айтқаны қайда қалады?
Осының алдында Серік Ақылбай деген сенатор да балақ кескен, сақал өсіргеннің бәрі терроршы емес дегенге саятын
ой айтып, елді адастырмақ болды. Ол депутат айтып ауыз жиған жоқ, Ақтөбеде лаңкестер лаң салды. Олардың балағының қаншалықты «ұзын» екенін көрдік.
Иә, Сауд Арабиясының сәләфизмді ұстанатыны бүгінде ешкімге жасырын емес. Мемлекеттік жүйесі, мемлекеттік органдардың жұмысы барлығы сәләфилік, уахабтық ұстанымдағы шейхтардың пәтуаларына негізделген. Ол енді сол елдің ішкі шаруасы. Оған біз араласуға, баға беруге хақымыз жоқ. Бірақ, мына жағдайды ескеруіміз керек. О. Өксікбаев үлгі етіп отырған Сауд Арабиясының мүфтиі Шейх Абдулазиз аш-Шейх кезінде Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыста Израиль жағын қолдап, оған қарсылық көрсеткен мұсылмандардың ісін «харам» деп пәтуа шығарған. Бұл мүфтидің Сириядағы лаңкестердің әрекетіне де қасиетті соғыс «жиһад» деп баға бергенін білеміз. Сондай «ғұламалардың» біздің елімізде орын алған лаңкестік әрекеттерді де «қасиетті соғыс» деп отырмағанына кім кепіл?
Сол араб ықпалындағы ағымдардың өкілдері онсыз да намаз оқымайтын ата-аналарын, жақын туыстарын кәпір деп, үйлерінің берекесін алып жатқаны, тіпті, отанын тастап Сирия, Иракқа соғысқа кетіп жатқанына қанша жыл болды? Мұсылмандығынан дөрекілігі асып түсетін сол бауырлар қазір өздерінің сәләфи екенін ашық айтып жүр. Ашық айтуының себебі де түсінікті. Мәжілісте қолдаушылары бар...
Яхия Жүсіп