Таразда қарулы қақтығыстан ауыр жарақат алған науқас ақыры аурухананың жансақтау бөлімінде жатып қайтыс болды, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Қаза тапқан азамат тапа-тал түсте тәртіп сақшысына оқ жаудырған еді. 24 жастағы күдіктіге атыс кезінде екі жерінен оқ тиген. Алайда, ол оқ жарақатынан емес, асқазан жарасының асқынуынан ажал құшты дейді дәрігерлер.
Айта кетейік полиция мен бұзақылар арасындағы қарулы қақтығыс екі жеті бұрын Тараздағы 6-шы ықшам ауданда болған еді. Сол маңдағы мына үйге жасырынған күдікті артынан қуа келген полицейге оқ жаудырған. Атыстан екеуі де ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Екі жеріне оқ тиген сержанттың жағдайы әлі мүшкіл, ақ халаттылар оның аяқтан тұрып кетуі неғайбыл,- дейді. Ал бір өзі бүкіл қаланы шулатқан азаматтың беті бері қарамай, бақилық болды. Мойын және кеуде тұсын тесіп өткен оқтан оның халі мүшкіл еді. Алайда, марқұмның ажалына асқазан жарасының асқынуы себеп болыпты. Ішіне қан құйылып кеткен. Дәрігерлер оның бұл аурумен ұзақ уақыттан бері ауырғанын айтады. Дәл осы асқазан жарасы болмағанда науқас тірі қалуы бек мүмкін екен.
- Жансақтау бөлімінде тоғыз күн бойы жатқан науқастың хәлі тіптен ауыр болды. Біз алдымен жағдайын бір қалыпқа келтіруге бар күш-жігерімізді салдық. Алайда, асқазан жарасы асқынып, күрт нашарлап кетті. Барлық қажет ем-домын дер кезінде жүргізгенмен жағдай осындай болды, - деді №1 қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ербол Ордабеков.