Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов атындағы ауылда жер реформасы бойынша комиссия мүшелерінің халықпен кездесуі өтіп жатыр, деп хабарлайды Qamshy.kz
Жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, құзырлы органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер мен жергілікті шаруа қожалықтарының иелері және белсенді азаматтар қатысуда.
-Қазір біздің алдымызда үлкен мақсаттар қойылып отыр. Жер туралы заңнаманың тиімділігін арттырып қана қоймай, оның ел экономикасындағы салмағы мен халықтың әл-аухатын арттырудағы рөлін көрсетуіміз керек. Біз бұған дейінгі отырыстарда жалпылама, негізінен бағдарлық мәселелерді назарға алып келдік. Тиісінше, жұмыстың қай бағытта және қалай жасалуы керектігін анықтап алдық. Ендігі кезекте қолданбалық сипаттағы нақты тармақтарды талқылауға, оны жүзеге асырудың механизмдеріне көшкен жөн, - деп атап көрсетті комиссия төрағасы Абылай Мырзахметов.
Мұнан кейін отырыстың күн тәртібінде нақты ұсыныстар айтылып талқылаулар басталды.