Қазақстанда «Аялаған Астана» балалар ән байқауының іріктеу кезеңі жалғасуда. Бұл Астана әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған поп әншілердің республикалық додасы. Байқауды «Десткая новая волна» және ресейлік танымал «АРС» компаниясы (президенті Игор Крутой) ұйымдастырғанынан болар, жоба жоғарғы дәрежеге ие болды. Биыл байқаудың тұсаукесері 27 наурыз күні Алматы қаласында өтті. Бүгінге дейін Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент қалаларында іріктеу өтті. Алда әлі Қызылорда, Қостанай, Орал, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Семей, Павлодар, Көкшетау, Петропавловск, Астана қалалары күтуде.
Бұл аймақтарда өткен іріктеулер туралы біздің алдағы сандарымыздан оқи аласыздар, өйткені, өнерпаздарды тыңдау сәуірдің аяғына дейін жалғасады.
«Аялаған Астана» Республикалық балалар байқауы 3 кезеңнен тұрады: республика бойынша іріктеу, жартылай финал, финал. Финал 2014 жылдың 4-6 шілделерінде Астана қаласының туған күні қарсаңында өтеді. Әділ қазылар алқасы соңғы нәтижелерін шығарады. Жеңімпазға арнайы ақшалай жүлде 1 млн теңге (өз өнерін ары қарай дамытуға), ал ең бастысы өзі өнерінің арқасында «Детская Новая Волна» Халықаралық ән байқауында Қазақстан атынан қатысу мүмкіндігіне ие болады. Жоба ерекшелігі – үлкен масштабта еліміздің түкпір-түкпірінен дарын иелерін іздеу. Іріктеуге қалалардан бөлек, аудан, ауыл тұрғындары қатыса алады. Байқау ұйымдастырушылары қатысуға тілек білдірген кез-келген қатысушыға өз өнерін көрсетуге жағдай жасамақ. Байқауға 8-12 жас аралығындағы өнерпаздар қатыса алады.
Іріктеу кезеңі Қазақстанның 16 қаласында өтеді. Қатысатын жас әншілерді халықаралық және республикалық байқаулар арқылы танылған, Қазақстан эстрадасының жұлдыздары іріктейді. Олар: Батыр Байназаров, Салтанат Бақаева, Әсем Көпбаева, Гүлнұр Оразымбетова, Иван Бреусов, Алмас Кішкенбаев, Маржан Арапбаева, Әлішер Кәрімов, Мөлдір Әуелбекова, АDAM, Данияр Өтегенов, Анель Аринова т.б.
«Аялаған Астана» - болашақта еліміз мақтан тұтатын дарынды жас әншілерді тәрбиелеуге арналған балалар байқауы. Жоба мақсаты – республика бойынша өнерлі жас жеткіншектерді анықтап, олардың ары қарай шығармашылық қабілеттерінің дамуына, өсуіне үлес қосу. Былтырғы байқау жеңімпазы көкшетаулық Болат Батырбаев еді.
Торғын Әбушахман
Оставить комментарий