Сегіз адамнан құралған экспедиция Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның ізімен жүріп, елге қайта оралды. Әлиханның туған жері Ақтоғайдан басталған сапар Қарқаралы мен Семейге, одан ары Омбы, Самара, Орынбор, Минск, Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларына жалғасқан болатын. Бас аяғы 17 күнге жеткен сапарды Қазақ географиялық қоғамы ұйымдастырған, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Әлиханның кіндік қаны тамған Қызыларайдан, ата-бабасының зираты жатқан Талдыбейіттен басталған экспедиция түн қараңғысына қарай Қарқаралы арқылы Семейге жол тартумен жалғасты. Алашорданың орталығы болған Семейден соң Омбы. Әр қалада, оның тарихи ғимараттарында Әлиханның ізі жатыр. Экспедиция Алаш көсемінің, ұлт-азаттық көтеріліске қатысты дүниенің бәрін өздері де танып, елге де насихаттауды мақсат тұтқан. Осы сапарда зерттеушілер Әлиханның қызы Елизаветаның Мәскеудегі Новодевичье зиратында жатқанын тұңғыш рет анықтаған.
- Көзі тірісінде,әкесінің ақталғанын күтіп көрмей кеткен. Сол кісіге Құран оқығынымыз экпедиция мүшесі үшін үлкен жаңалық болды десек болады, - дейді профессор Айгүл Ісімақова.
Экспедицияға профессор Айгүл Ісімақова бас болып, Қайырбек Кемеңгер, Айжан Хамит сияқты азаматтар ынталы топтың құрамын күшейте түскен. Экспедиция тыл жұмыстары кезінде Әлиханның Минскіге барған кезінде тұрақтаған Льёж атты қонақүйді де қиындықпен тапқан.
- Ол гостиницаның орнында бүгінде ұлттық банк ғимараты салынғанын анықтап өздері сондай ресми түрде біздің елшіліктің қызметкері арқылы жіберіп, Тәуелсіздік пен Ленин көшесінде орналасқанын өздері де бізбен бірге анықтады. Немістер салған ғимарат болып шықты, - дейді профессор Айгүл Ісімақова.
Әр қаладағы Әлиханға, Алашқа қатысты тарихи орындарды көріп келген экспедиция мүшелері Мәскеудің Дон зиратындағы Әлихан Бөкейхан жерленген жерге Талдыбейіттің бір уыс топырағын жеткізіп, рухына Құран бағыштады.
Экспедицияға қатысқандардың айтуынша, Қарағанды, Орынбор сынды қалаларда Әлиханға арналған не бір көше, не бір мемориал тақта жоқ. Сондықтан, экспедиция мүшелері осындай да олқылықтардың орнын толтыру керектігін айтады.
Оставить комментарий