Соңғы бір айда 60 мыңнан астам Оңтүстік Судан тұрғыны елін тастап қашқан. Бүгінде қарулы қақтығыстар салдарынан бұл елде азы-түлік тапшылығы орын алуда. Бұл туралы БҰҰ-ның жаңалықтар орталығы хабарлайды. Дәрігерлер ааталмыш елде тырысқақ ауруы тарап жатқанын айтып дабыл қағуда. БҰҰ осы мәселеге байланысты соғысушы тараптарға көмекке зәру адамдардың бар екенін еске салды. «Джубада күш көрсетулер салдарынан өткен айда елден 60 мың адам қашып шыққан. Сөйтіп 2013 жылы шамамен 900 мың Оңтүстік Судан тұрғыны босқынға айналды» деді, БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасының баспасөз хатшысы Мелисса Флеминг Женевада өткен брифингте.
Угандаға ауған Оңтүстік Судандық босқындар саны соңғы он күнде екі есеге өскен (үш аптада 52 мыңнан астам адам барған). Осы уақыт аралығында Кенияға шамамен 1000 Оңтүстік Судан азаматы ауыпты. Босқындардың айтуынша, қарулы топтар елдің бүкіл территориясында ойларына келгенін істеуде. Олар ауылдарға шабуыл жасап, азаматтарды өлтіріп, жас жігіттерді қарулы топқа қосылуға күштеп мәжбүрлеуде.
Қазіргі таңда Оңтүстік Суданда тырысқақтың 586 оқиғасы тіркелген. Жиырма адам осы аурудан көз жұмған. Аурумен күресуге елдегі медициналық мекемелер дәрменсіз болып отыр. Халықтың тең жартысына көбі халықаралық гуманитарлық көмектің арқасында күн көріп отыр. БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелер жөніндегі басқармасының баспасөз хатшысы Йенс Лаеркенің сөзіне сенсек, Оңтүстік Суданның 4,8 миллион тұрғыны тойып тамақ ішпейді екен. Әзірше халықаралық көмектің толассыз келуіне қарамастан бұл елдегі жағдай жақсарар емес.
Дана Қамшыбек