Балбалтастан сыр іздеген, ата тарихымыздың қатпарларына үңіліп, "Қасқыр Құдай болған кезден" бергі заманға дейінгі аралықты зерделеп, Шыңғысхан шындығын қаузаған қайран қайсар ақын Әмірхан Балыбек 45-ке қараған шағында дүниеден озды.
Әмірхан Балқыбек 1969 жылы 19 мамырда Жетісай ауданына қарасты Ленин атындағы ұжымшарда туған. 1986 жылы Шардара каласындағы М. Әуезов атындағы орта мектепті бітіріп, 1987-89 жылдары әскерде болды. Әскерден оралған соң Шардара аудандық "Өскен өңір" газетінде тілші болды. 1990 жылы әл-Фараби атындағы Қазақтың мемлекеттік ұлттық университетіне оқуға түседі. 1995-2000 жылдары республикалық "Парасат", "Жас алаш", "Ана тілі" басылымдарында қызмет атқарды. Әмірхан Балқыбек Казақстан Жазушылар одағының мүшесі. Әдебиет саласы бойынша екі рет (1997, 1998) Президент стипендиясын иемденген. Сонымен қатар, "Метамарфоза"(1996), "Сынған сәуленің шағылысуы" (2001) атты жыр кітаптарының авторы.
Әмірхан Балқыбектің отты жырлары мен жарқын бейнесі қазақ жұртының есінде мәңгі қалмақ. Ақынның отбасына және оқырман қауымына көңіл айтамыз! Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай!
Арман Әубәкір, журналист: - Қайран, Әмірхан ағам! Тура Ұлыстың ұлы күнінде Алматыдағы алаңнан көріп едім өзіңізді. Баяғы жайдары жымиыс, баяғы қағытпа қалжын... Сол кезде сізбен соңғы рет жүздесіп тұрғанымды білсемші... 2010 жылы шамасында Қазақ ұлттық университетінің шағын жатақханасында өзіңізбен кездесу өткізгеніміз әлі есімде. Түпсіз тарихтан толғап, әдебиет әлеміне терең бойлап, арқыраған сарқырамадай жырдан шашу шашып едіңіз. Енді сіздің екінші өміріңіз басталды. Күкі тіршіліктен тәуелсіз өмір! Аспанға асқақ рухыңыз асау жырларыңызбен сырлы сурет салған шығар... Оны оқитын бізде "көз" қайда? Сізді көп кісі жас деді, бірақ, бас болуға лайық едіңіз. Қадіріңізге жете алмағанымыз үшін кешіріңіз бізді!.. енді өкін не, өкінбе не? Бақұл бол, аға!
Ерлан Жүніс, ақын: Кез-келген жас адамға, жас қаламгерге: "Баhадyрiм-ей", "Жетi бiр де боздағым", "Сен Генийсiң-ей" дейтiн қайран Көкем-ай, қайран Қаскыр Көкем-ай, қош болыңыз!
Танагөз Ілиясова: - Өлім соншалықты жақын... Кеше үйімнің қасындағы көшені құрылысшылар терең етіп қазып тастапты. Шіркін, осының астында өліп жатса ғой деген бір ой келді. Өлімнің керемет сүйкімді болып көрінгені осы шығар. Өлген адамдар қандай бақытты, біз неге одан сонша үрейленеміз деді екінші ойым. Білмеймін, бүгін мынадай суық хабар алдық. Бәрі бір-бірден кетіп жатыр. Есенқұл, Фариза, Әмірхан... Бізге кезек қашан келеді екен?
Айдос Сарым: саясаттанушы: - Жолдасымыз, ақиық ақын, талантты публицист Әмірхан Балқыбектен айрылып қалдық.... Соңғы хабарласқанда "Ей, Айдос-ей! Бәрін оқисың ғой, маған Мо Янның романын тауып берші. Асықпай оқиын" деп өтініш айтып еді. Кітап дүкеніне барып, сатып алып, жігіттерден беріп жіберіп едім. Жарқ-жарқ етіп, гүр-гүр етіп редакцияға келіп, көңілді бір көтеруші еді. Бір ғана "Морская пехотасы" қандай еді... Кім ойлаған?? Төбеден жай түскендей болып отырмын... Аллаға да ақжарқын адамдар қажет шығар... Қош бол, Әбес! Иманың жолдас болсын....
Оставить комментарий